Арманда, мақсат қой, нәтижеге жет!
Шабыт… Сені ұзақ күттім. Осы күндер бойы не жазарымды ойландым. Бүгін сол шабытым санамды түртпектеп, оқырмандарым үшін осы мақаланың дүниеге келуін сұрады. Сонымен бұл жолы өздеріңізге арнап дайындаған материалым – арманымды орындаған «IQanat» білім беру фонды жайлы. «Ауыл мектептері балаларға білім бере алмайды», «ауылдың балалары қой-сиырдан өзге ештеңе көрмеген», «ауылдың балалары ауылда қалады, оларда қандай болашақ бар дейсің?!» Осы сөздерді ес білгелі естіп келемін. Осыған дейін ауылда оқығаным үшін өкінетінмін. Қала балалары оқитын мектептен қай жеріміз кем деп те ойлайтынмын. Қазір соншалықты төмен ойлағаным есіме түсіп еріксіз күлкім келеді.
Сонымен армандардың шын мәнінде орындалатынына көзім жетті. Ең бастысы – сену. Бүкіл әлем қарсы тұрса да өз арманың үшін күрес! «Айқанат» туралы басында аса көп білмегенмін. Сондықтан алғашқы турға еш ойланбастан қатыстым. Кейіннен «Айқанаттың» үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын білгенде өз арманым үшін күрестім. Осы карантин бойы бар ойым үшінші турға өту болды. Үшінші турға өткенімді естігенде көзімнен еріксіз жас ақты. Дәл сол кезде адамның өзін-өзі сендіруінің соншалықты үлкен рөл ойнайтынын түсіндім.
Сіздерді асықтырып, «не туралы айтып жатыр» деп күттіріп қойған болармын. Ендеше, «IQanat» қандай фонд? Қандай мүмкіндіктер сыйлайды? Бұдан кейін өмірің қалай өзгереді?
«Айқанат» – ауылдың талантты жастарына арналған білім беру фонды. 9-сынып оқушылары төрт бағыт (тілдік, математикалық, жаратылыстану, гуманитарлық) бойынша байқауға қатысып, үшінші турға өткен оқушылар «Айқанаттың» Бурабайдағы мектебіне емтихан арқылы түседі. Барлық талантты жастар жиналған бұл мектеп оқушыларды ҰБТ-ға екі жыл тегін дайындайды. Алайда мектепке түсе алмай қалған жағдайда уайымдаудың дым қажеті жоқ, себебі, үшінші турға өткен жеңімпаздарды ҰБТ-ға EduCon платформасында тегін дайындайды. Менің қайран қалғаным – дәл осы байқауда ұйымдастырушылар академиялық адалдықтың сақталуын қатаң түрде қадағалайды. «Талант бар, таныс жоқ» деген бұл жерде мүлде мағынасын жоғалтады. Себебі, конкурс максималды түрде әділ өтеді. Дәл бүгінгі уақытқа дейін кейбір байқаулардың әділетсіз өткенін көріп көңілімде қаяу қалатын. Бірақ сол ренішімді «Айқанат» фонды ыстық алақанымен ерітіп, оқушылардың білімге деген ынтызар көңіліне жұбаныш болды.
«Айқанаттан» соң армандардың орындалатынына сене бастайсың. Нақты мақсат қоюды үйренесің. Өмірге деген құлшынысың артып, білімнің маңыздылығын түсінесің. Әрбір сәттен мотивация алатын боласың. ЖОО-на түсу мүмкіндігіңді жоғарылатасың. Жаңа орта, жаңа достар табасың. Мен бұл фондты түнек арасында жолынан адасқан жолаушыға сәулесін түсірген жарық ай ретінде көремін. Сондықтан арманда, мақсат қой, еңбектен, нәтижеге жет! Мен саған сенемін!
Мақаланы аяқтамай тұрып «IQanat» фондының жұмыс жасауына елеулі үлес қосқан А. Садықоваға, А. Рахымбаевқа, Д. Жақсыбекке, А. Байтасовқа, И. Салжановқа, Б. Исабаевқа, С. Жұмашовқа алғысымды айтқым келеді. Ауыл балаларының мүмкіндігіне сенгендеріңіз үшін рақмет! Әрбір адам өз жүрек түкпіріндегі арман атты құсын қамауда ұстамауы қажет. Оның мүмкіндіктерін шектеме! Еркін ойла, арманыңмен өмір сүр! Таптаурындарды бұзып, болашаққа алаңсыз қара! Бүгінгі мақаламмен сіздердің келешекке деген ойларыңызға 50% болсын өзгеріс енгізген болармын?!
Әсем ДҮЙСЕНБЕК, жас тілші, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жамбыл атындағы мектептің 10-сынып оқушысы