АРИСТОТЕЛЬ
Аристотель – ежелгі грек философы, Платонның шәкірті, Александр Македонскийдің ұстазы. Ол түрлі-түрлі тақырыптарға зерттеулер жазған, соның ішінде физика, метафизика, ақындық өнер, театр, музыка, логика, шешендік өнер, саясат, этика және тағы басқа тақырыптар. Әлем бойынша бірінші ұстаз атағына ие. Аристотель философияны алғаш рет ерекше теориялық білім ретінде жинақтап дәлелдеген.
Аристотель Халкидика түбегіндегі Стагейра қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Оның әкесі дәрігер болған екен. Баласы Аристотельге ақсүйектерге лайықты тәрбие мен білім береді. Шамамен он жеті жасында Аристотель Афины қаласына барып, Платон Академиясында білім алады. Ол сонда жиырма жыл бойы б.з.д. 347 жылы Платон қайтыс болғанға дейін тұрақтайды. Содан соң ол Кіші Азияға Һермияс патшаның иеліктеріне сапар шегеді. Азияда болған кезінде ол Лесбос деген аралға сапар шегіп, аралдың өсімдік және
жануар әлемін зерттейді. Алғашқы ғылыми туындыларын да осы Азияда жүргенінде жазған деседі. Һермиястың қызы Питияға үйленіп, отбасымен Афины қаласына қайтады.
Аристотельді Македония патшасы Филипп өзінің ұлы Александрға тәлімгер болуға шақырады. Александрға бірнеше жыл тәлім бергеннен кейін Аристотель б.з.д. 335 жылы сол Афины қаласында өзінің «Лукейон» деп аталатын мектебін ашады. Бұл мектеп сол кездегі философия мен ғылым дамыту орталықтарының біріне айналады.
Аристотельдің бір ұлы болған екен, оның атын Аристотель өз әкесінің құрметіне Никомах деп қойыпты. Көптеген еңбектерін өмірінің осы кезеңінде жазған екен, мәселен бізге келіп жеткен «Физика», «Метафизика», «Никомахтың этикасы», «Жан туралы» және «Поэтика» еңбектері. Бұл еңбектердің арасында өте маңызды байланыстар мен үндестіктер болса да, олардың стилі мен тақырыптары жағынан әртүрлі болып келеді.
Философияның басқа ғылымдардан артықшылығын Аристотель былай деп
түсіндіреді: “Шындығында даналық бүтіндей үстемдік құрушы, жетекші ғылым болғандықтан, басқа ғылымдар оған қарсы сөз айтуға дәрменсіз. Сондықтан да мақсат пен игілікті зерттейтін ғылым бірінші орынға қойылады” (Метафизика, М., 1934, с45). Философ адамгершіліктің көзі енжарлық пен дәрменсіздікте емес, керісінше белсенділік пен жасампаздық деп түсіндіреді. Адамның әділетті, жігерлі болуы оның игілікті ісімен тығыз байланысты. Аристотельдің ілімін дамытып, дүниеге танытқан ұлы шәкірттерінің бірі Әбу Насыр әл Фараби болды.
Сократ және Платонмен бірге Аристотель батыс философиясының ең маңызды, оның негізін қалаушы тұлғалары ретінде қарастырылады. Аристотельдің физикалық көзқарастары ортағасырлық ғылымның қалыптасуына терең әсер етіп, оның ықпалы Ағарту дәуіріне дейін созылды. Биология ғылымында, ол жасаған кейбір бақылауларының дұрыстығы тек XIX-ғасырда ғана расталды. Аристотель философиясының барлық қырлары әлі терең зерттелуде. Аристотель кезінде көптеген көркем шығармалар мен диалогтар жазса да, оның жазбаларының көпшілігі біздің дәуірімізге дейін жетпеген. Цицерон оның әдеби стилін «алтын өзен» деп атаған. Оның кейбір еңбектері біресе табылып, біресе қайта жоғалып отырды. Кейбір пайымдаулар бойынша, оның жазбаларының тек бестен бірі ғана сақталған.
Аристотель б.з.д. 323 жылы Еубеяда ауырып, қайтыс болыпты.
Дайындаған: Айгүл ҚАНАТОВА.