Әр тұтынушы өз құқығын білуі керек

Алған тауарыңыз көңіліңізден шықпай қалса, не істеу керек? Сатушының тауарға жасайтын жеңілдігі оны кері қайтармауға себеп болады деген рас па? Бүгінде кез келген тұтынушы өз құқығының тапталмауына барынша көңіл бөледі. Кейде тауардың сапасына мән бермей, сатып алған соң ғана сан соғып қалады. Ал сатушылар мен тауар өндірушілер тұтынушылардың өз құқын қорғай алмайтындығын, білместігін пайдаланып, оларға сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен заттарын сатып жіберуі әбден мүмкін. Зардап шегетін тұтынушы халық. Алайда бұны заңды жолмен шешуге болады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңының 2-бабы бізге көмектеседі. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын білу бәрімізге ортақ міндет.

  1. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
  2. Тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және өзге де көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
  3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-1-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі қағидаттары

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау:

1) тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жәрдемдесу және осы мүдделерді қорғау;

2) сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) туралы ақпараттың қолжетімділігі және дұрыстығы;

3) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушыларды ағарту, тұтынушының құқықтық сауаттылығын арттыру;

4) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың оларды қорғауды қамтамасыз ететін іс-шаралардың дәйектілігіне негізделген тиімді жүйесін қамтамасыз ету;

4-1) электрондық коммерцияда тұтынушылардың заңды мүдделерінің басқа сауда нысандарында ұсынылатын қорғау деңгейінен кем емес қорғалуын қамтамасыз ету;

5) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің, қауымдастықтардың (одақтардың) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге қатысуы;

6) тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады делінген.

 

Соңғы жаңалықтарға сүйенсек елімізде тұтынушыға медициналық техниканы сатушыға қайтаруға мүмкіндік беретін заң нормасы енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтты.

— Сапасы бұзылмаған азық-түліктерге 14 күн ішінде қайтарып беру нормасы жүрмейді. Ал егер сапасы бұзылса, мәселен пайдалану мерзімі өтіп кетсе, онда ол тауарға аталған заң нормасы жүреді, яғни оны сатушыға қайтарып бере аласыз. Дәрі-дәрмектер де дәл осындай. Мерзімі өтіп кету, өнімнің қаптамасы бүтін болмауы, шыны құтысының шытынап кетуі секілді себептермен жүгінсеңіз, бизнес субъектісі оны қайтарып алуға міндетті. Жаңа заңда медициналық дәрі-дәрмектердің қайтаруға жатпайтыны туралы норма сақталады, — деді ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: бизнес, мемлекет және қоғам диалогы» атты форумда.

Спикер заң жобасында бұдан бөлек медициналық техника категориясы бөлек қаралып жатқанын айтты.

— Медициналық бұйым деген бар да, медициналық техника деген бар. Медициналық бұйымға шприц, системаны мысал етуге болады. Оны тек бір рет қолдануға болады, сондықтан оны қайтаруға болмайды. Ал медициналық техника деп қысым өлшейтін тонометрді айтуға болады. Адамдар тұрмыстық техника саналатын микротолқынды пешті 14 күн ішінде сатушыға қайтара алады.

Ал тұтынушылардың құқығын қорғайтын қазіргі заң бойынша дәл сондай темір мен пластмассадан жасалған тонометрді қайтара алмайды. Сондықтан қазір бұл норма талқыланып жатыр, ондай бұйымды қайтаруға болады деп санаймыз, — деп түйді сөзін Серік Құсайынов.

Елімізде 2023 жылдың қыркүйегінен бері Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Қазір ол Мәжілістің қарауында.

Жаңа заң қабылданған соң тұтынушы 4 сатылы шағымдану кезеңдерінен өтпестен, бірден сотқа жүгіне алатын болады.

Сондай-ақ тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені институты құрылады.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ