Аңшының әңгімесі

Қызылжар өңіріне қоныс аударып келгенімізге көп болған жоқ. Көрші-қолаңның кім екенін, олардың нендей қарекет қылатынын бірден аңғару қиын, ақырындап араласа келе білесің ғой. Көрші тұратын Жасын ағаның аңшы екенін жақында байқадым. Жаңа қонысқа көшіп келген соң анау жоқ, мынау жетіспейтін сәттер көп болады екен. Балға сұрап, ауласының есігіне бас сұғып едім, итіне тамақ беріп жүрген көршіміз мені ыстық ықыласпен қарсы алды. Келген бұйымтайымды айтып едім: «Үйге кір, нан ауыз ти, балға қайда қашар дейсің?» деген соң, төрге өттім. Өзі бір ашық-жарқын, көңілі жайлы кісі көрінді. Көшеде кетіп бара жатқанда қол бұлғап сәлем бергенім болмаса, бұған дейін шаңырағына бас сұқпағанмын. Алпамсадай алабай итінің гүр-гүр еткен дауысы көшеге дейін жетіп тұратын да, дүкенге өткенде сол ит босап кетпесе екен деген үрей билейтін бойымызды.
Екі қабатты еңселі үйі, ретті салынған қора-қопсысы бұл маңдағы көзге көрінер жалғыз сәулетті құрылыс екенін айғақтайды. Үйдің іші де көз тартарлықтай жинақы әрі тап-таза екен. Залдың төріне мүйізі қарағайдай бұғының басын іліп қойыпты. Сала-сала мүйіздері бір жағынан үйдің көркін келтірсе, екінші жағынан отағасының айбынын асырып тұрғандай. Оң жақта үлкен сейф, сол жақта кітап сөресі. Істеп жатқан жұмысымды ойлап, көңіл алаң отырсам да үлкен кісінің сөзінен аттап кете алмадым. Аздан кейін дастарқан жайылып, шай да келді.
– Мынау Қызылжар даласының балы, ауруға табылмайтын ем, иммунитетті көтереді, дәмін тат,- деп кеседегі балды маған қарай жақындатып қойды. Расында керемет екен! Оң бүйірдегі үлкен сейфке қарағаным сол еді, Жасын аға ойымды оқығандай іле тіл қатты.
– Мұның ішінде ақша сақтайды-ау деп тұрған шығарсың, ондай байлық қайда қазір. Бұл әкемнен қалған мұра. Ол кісі кезінде қаржы саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Кейін бұл темір қорап керекке жарамай қалған соң, үйге әкеп қойған ғой. Содан құт болып маған қалды. Менен балама қалады. Бірақ қазіргі жастар жаңа затқа үйір де, мұндай зіл батпан ауырды менсіне бермейтін шығар. Керекті құжаттар мен заттарды осында қойған қауіпсіз. Ал қазір мұнда екі мылтық сақтаулы. Немерелер оқыстан жазым болып қала ма деп осында салып, есігін құлыптап қоямын.
Көршім кеседегі шайын сарқа ішіп, әңгімені аңшылық жайына қарай бұрды.
– Әкем жарықтық құралайды көзге атқан мерген еді,- деп қабырғада ілулі тұрған әкесінің үлкен портретіне көз қиығымен қарап қойды. – Он жасымнан әкеме еріп, аңға шықтым. Ол кездің қысы қазіргідей емес еді, аязы шыңылтыр, қары қалың болатын. Қысқы демалыстың бір күні әкем екеуіміз қалың киініп, өзімізге аздап азық, атқа жем алдық та, шанамен тартып кеттік. Ауылдан аттап шықсаң болды, ну орманға кіресің де кетесің. Томпаң торытөбел қайқы шананы сырғыта сүйрей жөнелгенде жел қайықпен су үстінде кетіп бара жатқандай әсерде болады екенсің. Межелі жерге жеткен соң атты ағашқа қаңтара байладық та шанада отырып аздап жылы-жұмсақтан ауыз тидік. Әкем қабағын түксите жан жағына құлақ түреді, қаршыға көзімен айналасын тінте бастады. Орман іші шынында адамға аздап қорқыныш ұялататындай. Белбеуімдегі өткір пышағымды сипай ұстап, бар-жоқтығын байқап қоямын. Әкем қосауыз мылтығын оқтады да сол иығына асты, оң қолына өткір айбалтасын ұстап, керек-жарақты маған көтертті де, қарды омбылап алға тартты. Мақсатымыз – қасқыр аулау. Ертеректе бұл өңірде ит-құс қалың еді ғой. Топты қасқыр бір түннің ішінде бірнеше үйдің қорасына түсіп, малдарын жарып кеткенін жиі еститінбіз.
Қасқыр ішік киген әкем еш қаймықпай қарды омбылап жүріп отырды, мен әкемнің ізін баса ілесіп келемін. Сүт пісірім уақыт жүргенде алдымыздан үлкен алаңқай көрінді. Әкем аша қайыңға мылтығын сүйеді де қу томардың үстіне отыра кетті. Мен қарға жантайдым. Көз алдымыздан топ қоян өтіп бара жатқанын байқап, әкеме сыбыр еттім. Әкем самарқау ғана: «Кете берсін, оған бола мылтық дауысын шығарсақ, басқа аңдар бұл жерден ауып кетеді»,- деді. Әкем жер жылжыса да қозғалмайтын сабырлы жан еді. Күн оқ бойы көтеріле алдымыздан бір топ елік құйындай жүйткітіп өте шықты. Жүгірісі қандай әдемі! Сылаң қағып, кербез көсіле секіреді. Мен әкеме қарап едім, үнсіз ғана мылтығын қолына алды. Неде болса атудың орайлы сәті жақындап қалғанын аңғардым. Өзге жыртқыштарға қарағанда қасқыр өте сергек келеді. Әсіресе адам иісін алыстан сезеді. Сол үшін жел жағынан шығуға болмайтынын талай рет құлағыма құйған. Естуімше, қасқыр түйені де оңайлықпен жарып кетеді. Амалын тауып үстінен қарғып кетсе, онда түйе шөккен жерінен тұра алмай қалады-мыс.
Бір қарасам әлгі еліктер қарсы бағыттан шықты да тым-тырақай қашып, бізге қарай тапап өтердей төніп келіп, қасымыздан орғытып өте шықты. Мен қорыққанымнан әкеме тығылдым. Аз болмағанда басымнан аттап өте шыққандай екен. Бейне түс көріп жатқандаймын. Еліктер босқа қашпаған екен, іле-шала артынан бір ұя қасқыр қылаң берді. Ұзын саны сегіз-тоғыздай көрінді. Әкем мылтығын оңтайлап аша қайыңға ұңғысын өткізіп қойды да, бір көзін қысып қарауылға алды. Олар қаннен-қаперсіз шоқырақтатып келді де, кілт тоқтай қалып, біз жаққа үдірейе қарап, шоқиып отыра кетті. Шамасы сезген сияқты. Әкем олардан көзін айырмай қынындағы пышағын алып қасындағы ақ қайыңға шаншыды да, қайтадан шүріппеге сұқ саусағын жақындатты. Мен әкеме жанасып6 көз алмай қарап тұрмын.
Қалың қасқыр қаптаса, біздің неміз қалады? Шындап ашынса, оңдырмасы анық. Өмірде талай-талай қорқынышты оқиғаларды естіп жүрміз ғой. Мен де кездігімді алып, оң жағымдағы ағашқа шаншып қойдым. Айбалта да қолжетім жерде. Әкем ауыр тыныстап маған: «Егер қасқыр қаптаған жағдайда еш қорықпа, қолыңдағы пышағыңды сасқалақтап түсіріп алма! Олар адамның көзінен қорқады. Көзіне тік қарасаң, қаймығады. Ал үрейленгеніңді білсе, онда жем болдың дей бер»,- деп сыбырлап, ескерту жасады. Сол аралықта қасқырлар да жылыстап, жақындап келіп қалғанын аңғардық. Әкем сонда да сабырлы қалпынан танған жоқ. Алдындағы арлан қасқыр шоқиып отырды, кейін қалғандары үш бұрыш жасап тізіле қатар жайғасты. Мен әкеме шүріппені басыңыз дегендей ишара білдіріп едім, әкем ақырын ғана басын шайқады. Олар да, біз де бір-бірімізді аңдысып отырғандаймыз. Не олар, не біз жазым боларымыз анық.
Дәл осы кезде ойламаған жайт болды. Оң қапталдан орағыта шыққан кербұғы дәл топ қасқырдың қасына қалай келіп қалғанын өзі де аңдамағандай. Мүйізін маңғаз көтеріп, шекірейе қарайды. Қасқырлар да бастарын сол жаққа тегіс бұрып, алғашында аңтарыла тұрғандай болды да, кейін ырылға басып, қуалай жөнелді. Алдыдағы арланы бөрі құлағын жымыра оқтай атылды. Басқалары да бірінің артынан бірі ере сол бағытқа беттеді. Әкем соңғы қасқырды қарауылға алды білем «тарс» еткен дауыс шыққанда құлағым бітіп қалды. Іле сабау құйрық көк қасқыр шыркөбелек айналып барып, қайта бізге қарай құйындатты. Әкем мылтығын тастай салып, мені аша ағаштың үстіне шығарды да өзі айбалтасын ұстап тұра ұмтылды. Жыртқыш ақ қарды қызыл қанға бояй сызып, тісі ақсия төніп келді де, тура әкемнің басына шапшыды. Жөпелдемеде айбалта көмек бере алған жоқ. Мен ағашты құшақтап қатып қалыппын. Әкем қасқырды құшақтай құлады. Бірақ астында қалған жоқ. Жалаң қолмен бастан екі ұрды да, атып тұрып, ағашқа шаншылған пышақты жұлып алды. Қанды ауыз бәле іле қайта атылғанда, жүрек тұсынан кездік те кіріп үлгерді. Әкем басын бұрып қалмағанда «а-рр» етіп арандай ашылған ауыз түлкі тымақтың бір жақ құлағын ғана емес, бетін де жұлып алғандай екен.
Әкем қолындағы қанды пышағын тастай салып, омбы қарға гүрс етіп отыра кетті. Мен де ағаштан түсіп қасқырдың қасына жақындадым. Ықылық ата іші бүлк-бүлк етіп жатыр екен, әлі жаны шыға қоймапты. «Өлсем де өзіммен бірге сендердің біреуіңді ала кетейін деген серті ғой»,- деп әкем ішігінің өңірін шешіп, кең тыныстады. Жағасынан бұрқырап бу көтерілді. «Осы күнге дейін біраз қасқыр аттым. Бірақ мұндай қанқұйлыны көргемін жоқ. Құдай сақтады, өйтпегенде біріміз жазым болар ма едік». Самайынан аққан терін саусағымен сүрте лақтырған әкемнің жүзіне ептеп қан жүгіре бастады.
Біз өзге қасқырлардың қайтып айналып келіп қалуынан алаңдап, ширақ қимылдадық. Өлген қасқырдың құйырығынан қайыс арқанмен мықтап байладық та сүйрей жөнелдік. Күн де бозарып, жел көтеріле бастаған екен.
Мына қызықты қараңыз. Қаңтарулы тұрған торытөбел орнында жоқ, бұтақ жұлынып кеткен сияқты. Аңтарылып маңайға көз жүгіртіп, із шала бастадық. Кенет арт жағымыздан жылқының кісінегені естілді. Қасқырды тастай салып, солай беттедік. Ізден көз жазбай, бір мүйістен айналып өткенімізде, бағанағы топ қасқыр төрытөбелді қоршап тұр екен. Семіз ат осқырына шыр айналып жақындатпай әлек. «Мал ашуы – жан ашуы» деген емес пе, әкем осы жолы қаһарына міне айғайға басты. Олар бұл дауысқа қың деген жоқ. Тек мылтық атылғанда ғана барып, жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелді. Қоршаудан босаған ат бір ажалдан құтылдым ба дегендей бізге қарай жүрді,- деп бір тоқтады.
Әңгімеге елітіп отырып, уақыттың сырғып біразға барып қалғанын да сезбей қалыппын. Шынында, керемет оқиға екен! Бұл үйге не үшін келгенім енді есіме түсіп, орнымнан қозғала бастадым. Жасын аға да мұнымды сезгендей: «Ә, сен балға сұрап келіп едің ғой»,- деп тағы бір кесе шәй құйып қойды.
– Содан кейін,- деді Жасын аға, – әкем қасқыр атпай кетті. Тек қоңыр аңдарды аздап аулайды. Бара-бара бұл өңірде кезінде жыртылып-айрылатын аң да азайды. Жерді жаппай жыртып, егін еккен соң, олар басқа жаққа ауып кеткен болуы керек. Барлығы адам қолымен жасалды ғой. Қазір мұнда ұсақ аңдарды атып ермек қыламыз. Кейінгі кездегі бір қызығатын ісім – балық аулау. Бұл – шаршаған жүйкені реттеудің жақсы амалы. Екі адам болып барсаң тіптен жақсы, әңгіменің арқауын ағыта отырып, олжа күтесің.
Жасын аға аң атуға және балық аулауға ертіп баратын болып келісті.
Есік алдына шықсақ, алабай ит босанып кетіпті. Дене тұрқы ірі, тайыншадай-ақ екен. Қартайып қалған ба, ауыр қимылдайды. Иесі жылдамдатып темір қоршаудың ішіне кіргізді.
– Бұл қазақы төбет, көбіне ет жейді. Аңға жиі шықпаған соң, бір өзін асыраудың өзі оңайға соқпай тұр. Ара-тұра қасапханаларға барып, малдың өкпе бауыры мен сүйек-саяғын жинап алып келемін. Арнайы темір қорада бағамын. Ашықса, ызаландырсаң, талап тастаудан тайынбайды,- деді иесі итіне маңғаздана қарап қойып. – Қазір қартайды, жастау кезінде арлан қасқыр кезіксе де алдырмас еді. Бұл – біздің үйдің құты. «Құттыаяқ» деп шақырамын,- дейді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ

ПІКІР ЖАЗУ