Әнші, сазгер Асланбек ЫЛЫМ: Өнерге адал болыңдар
— Өнерге қызығушылығыңыз қанша жастан басталды?
— Өнерге бірінші сыныпта оқып жүрген кезімнен қызыға бастадым. 5-ші сыныптан бастап ата-анам Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп интернатына домбыра прима аспабында оқытты, сол жерде көп тәжірибе жинадым. 5 пен 12-сынып аралығында 8 жыл сол жерде білім алып, кейін 2015 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға дәл сол домбыра аспабы бойынша оқуды жалғастырып, жақсы нәтижелер көрсеттім, 2019 жылы оқуымды тәмамдадым. Қазіргі таңда Құрманғазы оркестрінде жұмыс жасаймын, негізінен өнерге деген қызығушылығымды оятқан ата-анам десем де болады. Мен көбіне ән орындағаннан гөрі, ән жазғанды ұнатамын. Мысалы бастапқыда ән жаза алмаймын-ау деп ойлайтынмын. Бірде әкеме атақты сазгерлермен кездессек, ән сатып алайық деп ұсыныс айтқан едім. Сол кезде әкем «кәсіби музыкантсың, өзің неге ән жазып көрмейсің» деп мені қайрап, шабыттандырып жіберді. Сонымен 17 жасымда ең бірінші «Сұлу қыз» деген әнімді жаздым, одан кейін «Әкем-анам», «Қызыл алма» деген әндерім жарық көре бастады. Әкемнің берген бір ауыз ақылының арқасында ән жазып кеттім, Саят Қамшыгердің сөзіне жазылған «Ауылым», «Достар» атты әндерім бар. Осылайша тыңдармандарымның жүрегінен орын алуға талпынудамын.
— Әндеріңіздің сөзін кімдер жазады?
— Әннің сөзіне келер болсам, 17 жасымда өзім жаздым, кейін ақындармен жұмыс жасай бастадым. Аян Сейітов 3-4 әніме сөз жазып берді. Өте сәтті шыққан. Сондай-ақ Елдар Омаров шырқап жүрген «Ауылдастар» деген әнім Аян Сейітовтың сөзіне жазылған, онда да қазақилық жатыр, сөзі мен әні өзіндік бір үйлесім тапқандай. Ән жазған қатты ұнайды, себебі ән жазып отырып содан шабыт аламын. Ән орындаған да ұнайды, дегенмен сазгерлік маған қызығырақ. Шабытты пен жақсы жазылған мәтін мен өзімнің жазған әнімнен аламын. Жақсы мәтін болса неге оған әдемі ән жазып шабыттанбасқа.
— «Cұлу қыз» әнін жазуға не түрткі болды?
— Келіншегіммен бұрын қыз-жігіт болып жүрген кезімізде «Сұлу қыз» әнін шығардым. Әкем «Ең бірінші әнді келінге арнағаның дұрыс болмады» деп ренжіген сыңай танытқан болатын. Содан мен қайтсем де «Әкем-анам» деген ән жазам деп өзіме мақсат қойдым. Бір күні әкем мен анам ұзақ жерге 1-2 күнге тойға кетті. Сол кезде диктофонымды қосып қойып ән шығардым. Сөйтіп «Әкем-анам» әні дүниеге келген болатын. Оның сөзін де өзім жаздым.
— Сахнадағы қобалжуды қалай жеңесіз?
— Сахнада өнер көрсетіп тұрғанда алғашқы кезде қобалжу болады, бірақ оны халықтың қошеметінен кейін жеңіп кетесің, халықтың қошеметіне бөленген сайын өнер көрсеткің келе береді. Мен қобалжуымды осы қошеметке бөлену арқылы жеңдім десем болады. Сахнаға шығарда басқа сезім, шыққаннан кейін мүлде басқа сезім, өнер көрсетіп болғаннан кейін арқаңнан ауыр жүк түскендей күйде боласың.
— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
— «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы.» Бұл – менің өмірлік ұстанымым.
— Әнші болуды қалайтын өскелең ұрпаққа берер кеңесіңіз қандай?
— Әнші болам деген балапандарымызға берер кеңесім – ең бастысы өнерге шынайы тазалықпен келсеңдер, ең тамаша жол сол кезде ашылады дер едім. Қазіргі кезде «хайп» іздейтіндер көп. «Атың шықпаса жер өрте» демекші, өнерге адал болыңдар, қазақ тілін құрметтеңдер, өз сөзімізді басқа сөздермен ауыстырмаңдар. Әндерді ұрлап алып айтатындардан аулақ болыңдар, өнерге адал болыңдар деймін. Жас оқырмандар, биік белестерді бағындырыңдар!
Сұхбаттасқан – Мақпал ЖІГЕР