Анамның үмітімін
Ана – әр адамға қымбат адам. Ана өз баласы үшін жанын аямайды, бәріне де дайын. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың», — деген мақал бекер айтылмаған. Анаға деген ризашылығымыз шексіз. Кішкене күнімізден түн ұйқысын төрт бөліп әлдилеп, тәрбиелеп, бізді өсірді. Баласы қуанса, анасы екі есе қуанады. Баласы мұңайса, анасы мың есе мұңаяды.
Менің анам – ерекше жан. Орта бойлы, қысқа, қара шашы өзіне жарасымды. Анамның құрбылары оны жас кезінде ең сұлу қыз болды деп айтады. Әкем де бұл туралы жиі әзілдейді. Қызыл ерні, қыр мұрны маған ұнайды, яғни мен оған тартқанмын. Қарақаттай қара көздері маған әрдайым сүйіспеншілікпен қарайды. Көздері ешқашан өтірік айта алмайды, оның көңіл-күйін тез анықтауға болады. Кейде күлімсіреп, бір нәрсені жасырғысы келсе де көзінен байқап қоямын. Ол өмірде кездесетін барлық ауыртпалық пен қиындықтарды үнсіз көтереді. Мен оны сеземін. Әрине, ана болу оңай емес, бірақ менің анама ана болу ұнайды деп ойлаймын.
Менің анамның талғамы өте жоғары. Сәннен хабары бар және үнемі стильді киінеді. Ол жан-жақты дамыған, заманауи жаңалықтардан қалыс қалмайды. Анам менің сұрақтарыма жауап беру үшін және маған көмектесу үшін үнемі уақыт табады. Үй тапсырмасын орындауда, киім таңдауда және басқа да мәселелер бойынша кез келген уақытта кеңес сұрай аламын. Менің анаммен қарым-қатынасым өте жақын.
Анам әрдайым бірдеңе істеп жүреді және ол бір орында отырмайды. Ол өзіне кейбір жұмыстарды тауып алады. Менің анам өте еңбекқор, ешқашан ерінбейді. Ол тоқумен, қол өнер түрлерімен де айналысады. Оның қолынан шыққан әрбір заты ерекше. Мен кейде: «Осының бәріне күш-қуатты қайдан аласың?» — деп сұраймын. Ол үнсіз ғана күлімсірейді. Ол үнемі ақырын әндетіп жүреді және билегенді ұнатады. Одан үлгі алып, еліктеуге тырысамын. Анамнан көп нәрсе үйрендім. Ол ақылды да білімді, сонымен қатар өте мейірімді де көңілді бола біледі. Міне, менің анам осындай жан!
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген, расында да, анамыз қасымызда болса, біз әлі сәбиміз. Мен анамның үнемі қасымда болғанын қалар едім. Анамды зәулім ағашқа теңесем, мен – ағаштың жасыл жапырағымын. Анам – менің тірегім, мен – анамның үмітімін. Сол үмітін ақтауға өмір бойы тырысамын.
Дильназ СУЛТАНОВА, Павлодар қаласы, дарынды балаларға арналған
№8 лицей-мектебінің 7-сынып оқушысы
Ұстазы – Түсіпбаева Гүлжиһан Балғабайқызы