«Анам армандаған биікке өрлеудемін»
Жас достар! Өнер жұлдыздары жайлы сұраған хаттарың толастар емес. Өйткені, араларыңда әнші болуға ұмтылатын өрендердің көп екені қуанышты жайт.
Бүгінгі өнер жолын таңдаған жас буынға болашақта киелі сахнадан көріне білулеріне бата бере отырып, республика жұртшылығының сүйікті әншісіне айналған Ақбота КЕРІМБЕКОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
— Ақбота Шатырханқызы, өнер сүйер қауымды әсем ән қанатында тербеп келе жатқаныңызға 15 жыл толыпты. Ақбота әнші болмаса, қандай мамандықты таңдар еді?
— Мінезімде ұл балаға тән қайсарлық бар. Үйдің тұңғышы мені әкем өзінің ізбасары болар ұл деп күткен екен. Дүниеге қыз келгеніне өкінбепті. Ер мінезді болсын деп, спортқа көп баулыды. Содан ба екен, әскери қызметкер болуға қатты қызықтым. Десемде, бала кезімнен сахнада жүрдім. Кейін келе анамның жете алмаған арманына бірге қол жеткізсек, содан асқан бақыт жоқ деп өнерге белді бекем будым.Менің анам да әнші, көпшілікке танымал Бибіажар Махамбетова.
— Ермінезділігіңізге орай, Аллатағала Сізге ұл беріпті. Олардың өмір жасы ұзақ болғай.
— Тілегіңіз періштенің құлағына шалынғай. Біржан, Ақан, Дінмұхаммед есімді ұлдардың анасымын. Отбасында ұлдарды бағу- менің ер мінезімді бұрынғыдан бетер қайрай түсті. Сондықтан болар, мен өте қатал көрінемін. Әйтсе де, балаларымның нағыз тәрбиешісі, өнеге көрсетер тұлғасы — әжесі, менің анам.
— Ұлдарыңыздың бойынан өнерге жақындықты байқайсыз ба?
— Тұңғышым Біржан қазір әншілігі бар. Алғашқы шығармашылық кешімде «Әже мен немере» әнін орындады. Актерлік әлеміне де алғашқы қадам жасады. Ұлдарым әжесі мен менің жолымды қуса, оған қуана отырып, қолдаймын.
— «Мөлдір бұлақ» балалар журналы болғандықтан, ұлдарыңыз жайлы көбірек сұрап жатырмыз.
— Бала тәрбиесі баршамызға ортақ мәселе емес пе? Сондықтан, менің отбасымдағы «ерлерімнің» өнегесі басқа ұландарға үлгі болып жатса, қандай ғанибет!
— Ұлдарыңызды үй шаруасына араластырасыз ба? Тамақ істеуге көмектесіп, үй жинап, дүкенге барып дегендей…
— Үй шаруасы ұл-қызға бөлінбеуі керек. Қай-қайсысы болсын, анасына қолғабыс етсе, артық болмайды. Баласының шаруаға кірісіп кеткенін көрген анасы оған қатты сүйсінеді. Үйренгені өзіне жақсы.
— Ақбота Шатырханқызы, репертуарыңыз өте бай екенін білеміз. Онда балаларға арналған әннің салмағы қаншалықты?
— Иә, жүзге тарта ән бар. Махабатты жырлап жүре беріппін ғой (күліп). Мына сұрағыңыз ойланарлық екен…
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Ж.КУЧУКОВА.