Анаға тағзым – ұлтқа құрмет

«Әйел — бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» дейді халық даналығы. Қазір де отбасының ұйытқысы, Отанының адал қызметшісі аналарымыз баршылық. Заман ығына қарай іскер әйелдер атанып, аналар кеңесі арқылы талай игілікті істің басында жүрген қазақ қыздарының еңбегі ерен. Жақында Қызылорда облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова және Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи бастаған іскер әйелдердің қатысуымен Достық үйінде Аналар кеңесінің отырысы өтті.

 

Кіре берістен қонақтарды «Қуаныш» әжелер ансамблі күтіп алып, иықтарына ақ жаулық жауып, ерекше құрмет көрсетті. Мұнан соң фойеде әзірленген облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің атқарған ауқымды жұмыстарының фотокөрмесін өңірлік Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова таныстырып шықты.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кездесуге Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік басшылары, көшбасшы әйелдер мен ақ жаулықты әжелер келді. Ал аудандық және Байқоңыр қаласының Аналар кеңестерінің төрайымдары онлайн байланыс арқылы қосылды.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова кіріспе сөзінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы көптеген міндеттерді жүктеді. Президент еліміздегі демографиялық жағдайға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, жастар тәрбиесіне айрықша мән берді. Біздің қоғам дені сау, рухани мықты ұрпақ тәрбиелеуге қабілетті отбасылардың көп болуына мүдделі. Міне, сондықтан да, Қазақстан халқы Ассамблеясы отбасылық құндылықтарды және дәстүрлерді жастар арасында ілгерілетуді мақсат етуде»,- дей келе алғы сөзді ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаиға берді.
Назипа Шанаи «2014 жылы Қазақстан Республикасы бойынша ашылған Аналар кеңесінің саны бүгінде 1827-ге жетті. Біздің қатарымызда 11 мыңдай белсенді ана жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда 14 облыста 45 қалада, 182 ауданда, 1430 ауылда Аналар кеңесі бар. Соның ішінде 127-і этномәдени бірлестіктердің жанынан ашылған, ал кәсіпорындарда 29 кеңес бар. Аналар кеңесінің құрамында педагог, психолог, өмірлік тәжірибесі мол әртүрлі мамандық иелері кездеседі. Олардың барлығы болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып тәрбиелеу үшін барын салуда»,- деді. Cондай-ақ ҚР Статистика комитетінің 2019 жылғы дерегіне сәйкес халқымыздың 52 пайызын, яғни 9 миллионнан астамын әйелдер құрайды екен. strategy2050.kz сайтының дерегінше елдегі жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қыз-келіншектер қалыптастырады және еліміз бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 1 540 592 болса, оның 648 128-іне әйелдер жетекшілік етеді деген ақпарат бар. Сонымен қатар шағын және орта бизнесте 1 миллионы қыз-келіншек жұмыс істейді. Қазақстандағы экономиканың сауда саласында 313 102 әйел, ауыл шаруашылығында 53 461 әйел және өнеркәсіпте 34 мың әйел тер төгіп жүр. Парламент пен Мәслихат депутаттарының 22 пайызын, судьялар корпусының 47 пайызын әйелдер құрайды.
«Шеврон» компаниясының қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, қазақстандық іскер әйелдер кеңесі облыс пен қалаларындағы, аудандарындағы және тіпті шалғай ауылдарындағы әйелдер бизнесін дамытуды қолдауға бағытталған әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдаумен айналысады. Тұрақты негізде тренингілер, семинарлар, шеберлік сабақтары, форумдар, іскерлік кездесулер және басқа да маңызды шаралар өткізіп тұрады. Онда ең алдымен қазақстандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әйелдер жұмыссыздығы мәселелерін шешу мүмкіндіктерін  әлеуметтік тұрғыдан зерттеуге, кәсіпкер әйелдермен жүргізілетін сауалнама арқылы шағын кәсіпкерлікті табысты дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді анықтауға, жергілікті мәслихат депутаттарының, мемлекеттік және бизнес құрылымдары, қаржы ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіпкер әйелдердің қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстел жиындарында мәселелерді талқылап, қорытындысы бойынша қауымдастық  Үкіметке  «Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және әйелдер жұмыссыздығын азайтуға қолдау көрсету туралы» ұсыныс әзірлейді.
Қазір елімізде кәсіпкер әйелдер саны артқанымен, әлі де толық шешілмеген мәселе жеткілікті. Сондықтан бәсекелестік кезінде кәсіпкер қыз-келіншектердің білімін жетілдіру өте маңызды. Өйткені  бизнестің іске басуына оның ықпалы зор. Мәселен, әр апта сайын кәсіпкерлік қызметке қатысты 4-5 жаңалық болады. Олар заңға енгізілген өзгерістер, Үкімет қаулылары  мен өзге  нормативтер түрінде болуы мүмкін. Биыл наурызда өткен «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту шаралары мен құралдары» атты республикалық конференцияда баяндама жасаған  ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесіне тоқталды. – Биылдың өзінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 17 орталық ашылып, жұмыс істей бастайды, яғни еліміздің әр өңірінде бір-бір орталық болады,- деді министр Әсет Ерғалиев. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша орталықтар ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» палатасы және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия арасындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде жұмыс істейді. – Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі экономикалық мүмкіндігін кеңейтуді қарастыратын келісім әйел кәсіпкерлігін дамыту, оқыту, кооперация және қажетті құзіреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген кредиттер мен гранттар беру, әйелдерді жұмыспен қамтамасыз ету, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен қызметтерді дамытуға жәрдемдесу мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылын көздейді. Орталықтар әйелдердің кәсіпкерлік бастамасын іске асыруға қуатты серпін бере отырып, әйелдерді ақпараттық және консультациялық қолдаудың негізгі көзіне айналады. Әйелдердің экономикадағы рөлінің күшеюі экономикалық өсу мен қоғамның дамуына ықпал ететініне сенімдімін», -деген болатын министр Әсет Ерғалиев республикалық конференцияда сөйлеген сөзінде.
Бүгінде бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар мониторингінің деректері бойынша мемлекеттен қаржылай қолдау алатын кәсіпкер әйелдердің үлесі шамамен 32 пайызды құрайды. Ал кәсіпкерлігін дөңгелетіп, ұлт руханиятына үлес қосып жүрген әйелдер саны жыл санап артып келеді. Қызылордада өткен Аналардың кездесуінде ұлт руханиятына елеулі үлес қосып жүрген жазушы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпеисова, «Қарашаңырақ» РҚБ-ң жетекшісі, тарих ғылымдарының магистрі, «ТәйТәйstar» ЖШС балабақшалар желісінің директоры, Қазақстан жеке балабақшалар Ассоциациясының мүшесі Баян Ахатай пікірлерін білдірді. Еліміздегі отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық рухты насихаттауда Аналар кеңесінің алар орны жайында Рахима Ахметова сөз қозғап, атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтті. Кездесу соңында ұсыныстар айтылып, орамды ойлар тыңдалды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаидың айтуынша, келесі жылы «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» бағдарламасы қолға алынатын болады. Отбасының ғана емес, Отанының да ынтымақ-ырысын арттарып, береке-бірлігіне ұйытқы бола алатын аналар қауымының бүгінгі қоғамдағы жік-жікке бөлінген топтар арасында қылдай байланысты орнатудағы рөлінің зор екендігі даусыз. Ендеше Анаға тағзым — ұлтқа құрмет екенін естен шығармайық!

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ