ӘМИЯН (әңгіме)
Ардақ өзі оқитын мектептің жанынан бір әмиян тауып алды. Бірақ оны алуға жүрексініп, жан-жағына қарай берді. «Бұл кімнің әмияны болды екен?» деп ойлады. Әмиянды жерден көтеріп, ішін ашып көрмек болды. Қазақ халқының «Алтын тапсаң, санап ал» деген мақалы есіне түсіп санаса, тұп-тура жүз теңге бар екен. Ер баланың әмияны екенін түр-түсіне қарап білді. Тауып алған затты иесіне қайтару керек деп шешті. Сөйтіп, әмиянның иесін іздей бастады.
— Әмиян тауып алдым! — деді Ардақ мектеп ауласында ойнап жүрген балаларға жақындап. – Әмиян жоғалтып алған кім бар?
Ақшаға қызыққан бір ересек бала:
— Мен жоғалттым, әмияным қайда? – деп айғай салды.
— Сен жоғалтқан әмиянның түсі қандай еді?
— Қара болатын.
— Сыртында суреті бар ма?
— Ұмытып қалдым.
— Мен тауып алған әмиянның түсі қара емес, қоңыр. Бұл сенің әмияның емес, — деді Ардақ. Сары бала желкесін қасып, кетіп қалды.
Қоңырау соғылып, сабақ басталып кетті. Қазақ тілі сабағы болып жатқан. Ардақ кәстөмінің төс қалтасына салынған әмиянды сыртыннан сипап қойды. «Сабақ тезірек бітіп, біреудің затын өзіне қайтарып берсем ғой. Ол бала ақшасын жоғалтып, уайымдап отырған болар» деп ойлады. Сабақ біткен соң оқушылардың бәрі дәлізге шықты. Бір кезде Ардақтың қасына бір бала жетіп келіп:
— Сен менің әмиянымды тауып алыпсың ғой, өзіме қайтарып бер, — деді. Бұл баланың аты Темірбек болатын.
— Ол әмиян сенікі екенін қалай дәлелдейсің? – деді Ардақ.
— Сырты қоңыр болатын.
— Иә, сосын…
— Сыртына аттың суреті салынған.
— Әмияндар бір-біріне ұқсай беруі мүмкін ғой, ішінде не болғанын айтшы?
— Екі жүз теңге болған, — деп Темірбек өтірік айта салды.
— Екі жүз теңге дейсің бе? Мен әмиянды тауып алғанда ішінде жүз теңге ғана бар болатын.
— Бұл әмиян менікі, өзіме қайтарып бер! – деп сес көрсетті Темірбек.
— Жоқ, мен оны қазір сынып жетекшісіне апарып беремін, ол кісі әмиянның иесін тауып беретін болады, — деп аяғын жылдам басып, кабинетке кіріп кетті.
— Бірақ бұл менің әмияным ғой, — деп Темірбек соңынан ілесті.
Мұғалім журнал тексеріп отыр екен. Ол сыныпқа дауласып кірген екі оқушыны көзі шалды.
— Апай, мен әмиян тауып алдым, ішінде бар болғаны жүз теңге ғана бар болатын. Ал, мына бала «бұл — менің әмияным, ішінде екі жүз теңге болған» дейді. Мен бұл әмияннан бір теңге де алған жоқпын, — деді Ардақ ақталып.
Мұғалім Темірбекке қарап:
— Әмиянда екі жүз теңге болғаны рас па? – деп сұрады.
— Иә, апай, екі жүз теңге бар болатын, — деді Темірбек нық сеніммен.
— Ендеше, бұл сенің әмиянын емес, — деген ұстаз Ардақққа қарап:
— Осы күнге дейін сенің өтірік айтқанынды естімеппін. Ардақ, бұл әмиянды сен тауып алдың. Иесі табылған жоқ. Ендеше, бұл сенікі болсын!
— Апай, кешіріңізші! Әмиянның ішінде жүз теңге ғана бар болатын. Мен екі жүз теңге деп өтірік айттым, — деп Темірбек жыламсырып.
— Көрдің бе? – деді мұғалім. – Сен әмияныңды бар ақшасымен тауып берген адамға риза болмай, жала жауып, пайда тапқың келді. Егер шыныңды айтпағанда әмияннан да, ақшадан да айырылар едің!
Темірбек кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Жүз теңгесіне тоқаш сатып алып, Ардаққа сыйлады.
Асхат Өмірбаев