«Алтынемел»

ХІІ ғасырда Шыңғыс хан жүріп өткен сахара дала бүгінде «Алтынемел» ұлттық паркіне айналды. Аумағы – 520,2 мың га. Бұл өңірде 1800 өсімдік түрі бар. Оның ішінде 21 түрлі өсімдіктер мен 56 жануарлар Қазақстанның “Қызыл кітабына” енген.

Шоқан ауылы
«Алтынемел» топырағында ағартушы-ғалым Шоқан Уəлихановтың мəңгі мекені жатыр. Шоқан ауылында мұражай бар. 1835 жылы жарық дүние есігін ашқан қазақтың ұлы ғалымы. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мəдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уəлиханов 1865 жылы сəуір айында осы Алтынемел жотасындағы қайын ағасы Тезек төренің ауылында қайтыс болады. Халқын оқу-білімге бастаймын деп көксеген арманына жете алмай дүниеден өтеді. Құйрықты жұлдызға теңелген жас Шоқан жарқ етіп жанған сəуленің соңғы ұшқыны осы мекенде сөнген. Ғалым ауыл-аймақтан шеткері, Шоқан ауылының желкесіне жерленген екен. Оңаша, оқшау жатқан ол осы жерден жан тыныштығын тапқан.
Туған ауылын гүлмен көмкерген
Басши ауылына келе мектепке бұрылдық. Жазғы демалыс айы болғанымен Райымбек атындағы орта мектебінде мерекелік күйде жүрген бүлдіршіндерді кездестірдік.
— Балалар, ауылдарыңда қандай мереке?
— Гөзел апайды күтіп жүрміз.
Балалардың апайы ұзақ күттірмеді. «Гүлістан» журналының бас редакторы Гөзел ҚҰЛЖАБАЕВА оқушыларды бірден баурап алды. Республикамыз бойынша бау-бақшамен сəнделген жалғыз мектеп осы екен. Гөзел апайымыздың айтуынша, мектеп төңірегінде 200-ге жуық түрлі өсімдіктер мен 1000-ға тарта қарағай түрін өсірген.
— Əдемі табиғаттың ортасында білім алып, өскен бала болашақта да табиғатты аялауды, елімізді гүлдендіруді үйреніп, маңыздылығын ұғатын болады» — дейді Г.Құлжабаева.
Өзінің туып-өскен жері, əрі білім алған ордасын түрлі əдемі гүлдерге көмкерген. Кездесуге арналған сəтте бау-бақшада егілген түрлі өсімдіктерді тамашалады. “Тікенгүл” аллеясы тіптен ерекше!
Басши ауылында 2500-ден аса адам қоныстанған. Мұнда 2002 жылы салынған мешіт, саяхатшыларға арналған 12 орынды «Алтынемел» қонақ үйі, Басши ауылынан 5 шақырым жерде «Шыған» кордонында 10 орындық қонақ үйі бар. Парктің бас кеңсесі, мұражай орналасқан.

“Айғайқұм”
«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркіне аяқ басқанымызда, қазақтың даласының шексіз екеніне тағы бір мəрте көз жеткізгендейміз.
Саяхатшылық жəне экологиялық ағартушылық бөлімінің басшысы НЕСІПБАЙ Жанат қонақжайлылық танытып, жылы жүзбен қарсы алды. Экологиялық ағартушы маман САМЫЛТЫРОВ Айбек жол бастады.
— Қазір көретіндеріңіз Мемлекеттік маңызы бар «Айғайқұм» мемлекеттік табиғи ескерткіші ҚР үкіметінің № 88 07.02.2007 жылғы қаулысымен бекітілген. Іле өзенінен 1 шақырымдай жерде оң жақ жағалауында жəне Жоңғар Алатауының оңтүстік сілемдері болып саналатын, Үлкен, Кіші Қалқан тауларының ортасында Аққұм — Қалқан құмды қалашығы орналасқан. Оның биіктігі 150 м, ені 230 ені, ұзындығы 3 шақырымды құрайды.
Құм төбенің дəл етегінде Іле өзенінің оң жағалауында, Айғайқұмнан 900 метр қашықтықта Шоқан Уəлиханов атымен аталған суы мөлдір таза бұлақ бар. Бұлақ айналасында тораңғы, сексеуіл, бөріқарақат жəне қамыс өскен. Дəл осы жерге, Ресейден Қашғарияға сапарында 1856 жылы Ш.Уəлиханов дем алуға бұлаққа аялдаған екен. Ол осы бір ғажап жазира дала туралы жазбаларында қалдырған, кейіннен ол жер Уəлихановтың атымен
аталған. Бұл бұлақ картада Көк бастау деп көрсетілген.
“Ошақтас”
Алтынемел паркінің көрікті жерлері – «Ошақ-тас» қойтастары, Қату тауы, Ақтау тауы, Мыңбұ-лақ, Бесшатыр қорғандары, 700 жылдық ағашты көруге болады. Əрқайсысының өзіндік тарихы бар.
Айталық, 1219 жылы Шыңғыс ханның əскері орта Азияны жаулаған кезінде осы жазыққа аялдап, тас-тардың үстіне алып қазан қойып, тамақ пісірген та-
рихи жер. Бұл тастардың биіктігі 2 м, Шыңғыс хан-ның бұйрығы бойынша қойылған деген аңыз бар.
Бесшатыр қорғандары
Кім-кімді болсын елең еткізеді. Өйткені, ол біздің Ұлы бабаларымыздан қалған көне жəдігер. Біздің дəуірімізге дейінгі VII-IV ғасырларда Жетісу жерінде тиграхауда – сақтар өмір сүрген. Жалпы əлемге «Азия скифтері» деген атпен мəлім болған сақтар өз заманында Қазақстанның оңтүстігі ғана емес, Орталық Азия, Ауғанстан, Солтүстік Үндістан жерлерінде де үстемдік жүргізген. Ондағы əр тас салмағы тонналап тартады. Құдды күзетшілер іспетті бұл тастардың биіктігі қазір 2 метрдей. Сондай-ақ, археологтар сақтардың осы қорғандардан шыққан сүйектеріне қарап олардың бойы 2-2,5 метр болғандығын, өңдері ақшыл сары түсті, көздері аспан түстес болғандығын болжаммен айтады. 2015 жылы ҚР «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында Бесшатыр қорғандарының ең үлкен деген бір қорғаны қайта бастапқы қалпына келтірілді. Бұдан былай əр келген турист қорғанның ішіне кіріп барлығын өз көзімен көре алады екен.

 

ПІКІР ЖАЗУ