Алма ағашы

Қуандық Түменбай – Елімізге белгілі танымал жазушы. Елу жылдан аса қалам тербеп келе жатқан шебер суреткер. Қаламгер арнайы балалар жазушысы болмағанымен жас оқырмандарды да ұмытпай жазып келе жатыр. Назарларыңызға ғибратты бір әңгімесін ұсынып отырмыз.

 

Алма өсіру – арманым. Бірақ, өсіретін жердің ыңғайы жоқ. Алақандай жерге қауын мен қарбыз егеміз, онан бергі бос жатқан жер сұр есектің иелігінде. Осы жерге алма ағашын отырғызайын десем, әкемде құлық жоқ. «Есектің орны бөлек қой, осы үйдің пайдаға жарар көлігі осы сұр есек емес пе?» деп түсін суыта қарады. Сол сәт сескеніп қалдым. Момын болғанмен әкемде сұс бар. Шынында, осы үйдің қара жұмыскері осы сұр есек. Тайқар кезінен үстінен түспеймін. Есекті күтіп-баптап, аялаудың керегі жоқ. Ол бап тілемейді, не болса соны жеп тұра береді. Көк шөптен гөрі қақайып өскен ақбасқа әуес. Тістері де сояудай ірі. Айналасында қарайғанның бәрін жапырып жеп, тақырлап тас-тайды. Ақырғанда бар даусымен ақырады, біздің сыныптағы шешен бала Уақиттың горн тартқаны сияқты. Уақыт талғамай кез келген жерді басына көтереді. Бірақ, күштісіне күшті. Төрт дөңгелек арбаны күшеніп тұрып тартып кете береді. Төрт бау көк шөпті екі жағына тең артып, үстіне мініп ап, темір қазықпен шұқығанда мойны жыбыр-жыбыр ете қап, майда бүлкілге басады. Бір жаманы – суға симей өтпейді. Біздің ауылда не көп, арық көп, төрт аяғын тең тастап тұрып шаптырғанда ағын су көпіршікке малынып, лекілдеп бара жатады. Есектің денесінен су шіркіннің қалай шыға беретініне таңқалам. Тағы бір ғажабы – жылқының соңынан ермейді. Есекті жылқымен жетектесең, басын кегжитіп тұрып алады, ал жылқы жарықтықты есекпен жетектесең еріп жүре береді. «Есектің қайсарлығын берсін» деген сөз осыдан қалған дейді.
Қойшы, осы сұр есек менің қас жауыма айналды. Әкем соқыршек боп аудандық ауруханада жатқанда есек байлайтын жерге бір түп алма ағашын отырғыздым. Несі бар, ертең-ақ гүлдеп, қатарға қосылып кетеді. Ең кереметі – қызыл алма салады. Дәмі тіл үйірген кәдімгі қызыл алма. Қашанға дейін жемісті пойыз бекетінде отырған өзбектен сатып аламыз. Алма ағашын өз қолыммен отырғызуға қабілетім жетеді. «Ботаника» сабағын бізге не үшін оқытады? Жеміс егіп, соның дәмін татып, рахатын көріңдер деп оқытпай ма? Әкеме айтар дәлелім де осы.
Бірақ, алма ағашын адал қолмен алмадым. Екі үйден кейін тұратын әкемнің ағасы (Дәу көке) малдан гөрі жеміс өсіруге құмар. Оның әңгелегі де ерте піседі, қауыны да тіл үйіреді. Тұнып тұрған жүзімдігі көздің жауын алады. Ол кісі қолына кетпен ұстап, жерді баптаудан жалықпайды. Менің әкем туған інісі болғанмен екеуінің мінез-құлқы кереғар, інісі жемістен гөрі малдың бабын жақсы жасайды. Кей кездері малды адамнан да артық көре ме деп қаламын.
Сонымен, Дәу көкем отырғызған ең соңғы жеміс ағашы – екі түп алмасының біреуін түн жамылып түбінен қазып алдым. Сөйтіп, қою түнде есек байлайтын жерді қазып, әуелі бір шелек су құйып, өз топырағымен түбін көмдім. Бәрі «Ботаника» сабағының тәжірибесі бойынша істелді. Енді күн сайын бір шелек су құйып тұрамын, өйткені күн ыстық, топырақ құрғап кетеді.
Дәу көкем кеше біздің үйде шәй ішіп отырғанда ренжіп сөйлеп, әңгіме айтты.
– Екі түп алмамның біреуі жоқ. Сиыр сүйкеніп құлатып кетті ме десем, түбі қазулы қалыпты. Мал ұрлағанды естуші едік, енді жеміс ағашын ұрлағанды да көрдік, – деп төмен қарап қамыға сөйледі.
– Егер бетіме тура қараса, «Дәу көке, оны алған менмін (ұрладым деп айтуға аузым бармайды), – деп шынымды айтар едім. Үндемей отыра бердім. «Ұрлықтың құйрығы бір-ақ тұтам» дейді бұрынғылар. Бір күні ұрлығым да, құйрығым да ашылар. Мен жеміс ағашын еккенімді жалпақ жұртқа жар салып жеткізіп қойдым, «Ботаникадан» беретін апайға да айттым. Ашық ауызбын ғой.
Екі жетіден кейін әкем ауруханадан шықты. Әкем болса да, жата тұрса деп едім, өйткені ол менің мына тірлігіме қарсы сөз айтпай тұрмайды. Сұр есек байлаулы тұрған жерді алма ағашына қимайды.
Әкем ауруханадан шығып келгесін менің тірлігімді көріп, ләм деп тіл қатпады. Келген бетте бір уыс сабанды уыстап ап есегінің арқасын сүрткіштеді. Кейде құманмен су құйып, шаң-тозаңнан арылтады. Көршілер көрсе, «Ерәлі есегін моншаға түсіріп жатыр» деп әзіл айтады. Әзіл болса да осы сөз маған инедей қадалады. «Тазалық – денсаулық кепілі» болғанымен артық кетпеу керек ғой.
Әкем де, әкемнің ағасы да менің әрекетіме тырс етіп үндеген жоқ. Ұрлығымның соңынан сөз ермегеніне қуанып, төбем Көкке жетіп жүр. Ешкім ауыр сөз айтып, көңіл-күйімді бұзған жоқ, құлыпасты кетпейтінім де бесенеден белгілі. Ең ғажабы, алма ағашымның өнбойы түртиіп, жапырақ шығара бастады. Еңбектің жемісі деген осы. Енді екі жылда жеміс салады. Осыны «Ботаника» апайдан анықтап сұрап алайыншы. Мен алма жеуді әскерге кеткен ағамды күткендей күтіп жүрмін. Оған хат та жазып жібердім, алма ағашын отырғызғанымды айтып.
«Есектің күші адал, еті арам», «Есектің қайсарлығын берсін». Қалай дәл тауып айтқан. Біздің қазақ мақалшыл халық қой. Осының бәрі есекке байланысты айтылған сөздер. Қадыр ақын бір өлеңінде:
Мұндай ауыр жұмысқа,
Ердің өзі шақ шыдар,
Сендей көп жүк тасыған,
Хайуанат та жоқ шығар, – деп есектің образын қалай дәл ашқан.
Мен де осы хайуанның кесірлігін көрдім. Сабақтан келсем, сұлу де-несінен жасыл жапырақ бүр жарып шыға бастаған алма ағашым бір жағына қарай майысып тұр. Есектен келген бәле екенін біле қойдым, өйткені әкем хайуанды бос жіберіпті. Алма ағашының маңы ұйысқан ақбас пен мия. Соған ауыз сап болып, жеміс ағашына тиіскен түрі ғой.
– Неге байламайсыз? – дедім тісімді қайрап.
– Есекте де асқазан бар.
– Алма ше?
– Сен мені жеміс жегізіп асырамай-ақ қой.
Бітті. Менің еңбегіме деген көз-қарасы осындай екен. Тәтті алма жесе несі бар, «Балам өсірген алманың дәмі аузымнан кетпейді» деп мақ-танып айтып отырмай ма? Мен де өзінің жемісі емеспін бе?» Осындай ойлармен біраз күн жүнім жығылып жүрді. Адам бәрін сезеді, адамның сезу қабілеті жан-жануардан мың есе артық. Адам осындай абзал қасиеті-мен адам ғой. Төрт сабақ бойына асығып, тықыршып отырдым. Аузым құрғап, шөлдей берем. Жүрегім қатты соғып, дүрсілдеп кетті. Сабақ бітер-бітпестен үйге қарай құстай ұштым. Мен өзі туабітті сезімталмын. Бірдеңе боларын алдын-ала біліп тұрамын. Түнде түсімде адам түсінбейтін айқыш-ұйқыш сызықтарды көрдім. Соның арасынан қашып шыққан сияқтымын. Әйтеуір жақсы нәрсе емес. Шошып ояндым… Енді екі өкпемді қолыма алып келгенде көргенім мынау. Алма ағашым сұлап жатыр, сұр есек пысқырынып, ағаштың тұлабойындағы түртиіп өскен жап-жасыл жапырақты түрткілеп жеп тұр. Отынға жинаған қызыл жыңғылдан бір шыбықты суы-рып алдым да, пысқырынып тұрған есектің жанбасын сойып, шыпқырта бастадым. Аямай ұрдым. Дөңкиген жамбасын да, жыбыр-жыбыр еткен жон арқасынан да түк қалдырмадым. Жерде сұлап жатқан алма ағашыма бір қарап ап қызыл жыңғылды қайта-қайта сермедім. Жапырақ атаулыдан түк қалмай сорайып жатқан алма ағашы жаныма қуат бергендей бір күш бойымды кернеп, ызалы күйде қолымды қайта-қайта сермедім. Сұр есек былқ етер емес. Есектің төзімі деген осы ма, денесіне шып-шып тиген шыбыққа пысқырмайды да. Ұйысып өскен ақбасты сояудай тісін қарш-қарш салып, опырып барады.
– Әй, – деген шешемнің даусы шықты. – Өлтіретін болдың ғой.
– Өлмейді, жаны алма ағашымнан артық емес.
Қолымды тағы бір сермей бергенде әкем артымнан кеп шыбығымды жұлып ап, өзімді жон арқадан тартып жіберді.
– Есектен артықпын деп жүрсің бе…
Дәу көкемнің үйіне қарай тұра жүгірдім. Жылаған жоқпын, он үш жасар бала да жылай ма? Мен де отау иесімін. Дәу көкемнің есік алдындағы жалғыз түп алмасы бүр ашып, жасыл жапырақ көмкеріп тұр. Соны көріп, көңілім орнына түсті. Қарап тұра бергім келді. Артымнан Дәу көкемнің дауысы естілді.
– Қуанжан, сұрап алғаныңда бұлай болмас еді. Есек те арам нәрсеге сүйкенеді, – деді. Аз-кем бөгеліп, тағы сөйледі. – Қазір әкеңе барып ұрсам. Балаға неге қол көтересің деп. Мына қалған бір түбін саған меншіктедім. Өзің баптап, қызығын өзің көресің. Біздің есіктің алдында тұра берсін, тамыры жерге сіңіп кетті ғой, – деді мұрты жыбырлап.
Жаным жадырап қоя берді. «Біреудің есігінің алдында тұрса да менің алма ағашым бар, ол менің меншігімде, күнде су құйып, шөлін қандырамын. Алыс жер емес қой. Енді мен есектен аулақ жерде алма өсірем. Әкемді де, есектің қылығын да кешірдім». Бұны Дәу көкеме ауызбен айтып жеткізе алмадым. Бір реті келгенде айтармын.

ПІКІР ЖАЗУ