Алғысқа бөленген орда

Түркістан облысы, Түлкібас ауданының үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатына жолымыз аяқ астынан түсті. Биыл бұл білім ордасынан он екі «Алтын белгі» иегері түлеп ұшқан екен. Мектеп-интернатының ғимараты 1991 жылы «Оқушылар сарайы» болып салыныпты.

 

2009 жылдың 29 желтоқсанында Түлкібас ауданының үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернаты болып ашылған. Мектеп-интернат ашылғаннан бастап 2020 жылға дейін мектеп-интернат директоры қызметін Пралиева Фарида Азмеданқызы атқарыпты. Білікті басшының жүйелі басқаруы мен білімді педагог қызметкерлердің ерен еңбектерінің нәтижесінде жыл сайынғы ҰБТ сынақтарының көрсеткіші бойынша мектеп-интернат түлектері жоғары нәтиже көрсетіп келген. Атап айтсақ, 2014-2015 оқу жылының түлегі Абдазимова Лаура мүмкін болған 125 балдан 125 балл жинап, өзі білім алған ұясының атын бүкіл байтақ елімізге таратқан екен.
Осы жерде білім алған оқушылар жоғары оқу орындарының үлгілі студенттері, магистранттары, әртүрлі саланың абыройлы қызметкері болып жұмыс атқаруда. 2015 жылы «Өрлеу» біліктілікті дамыту институтының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық ғылыми практикалық конференцияда білім ошағы «Үздік Дарын мектебі» номинациясын ұтып алған.
2020 жылдың 30 желтоқсанынан бастап мектеп-интернат директоры қызметіне Талдахметов Сәкен Шардарбекұлы тағайындалыпты. Жас та болса өзінің нағыз көшбасшы екенін таныта білген Сәкен Шардарбекұлы аз уақыттың ішінде ұжым мен ата-аналардың, оқушылардың алғысына бөленуде. Биылғы 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде мектеп-интернат оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізгені қуантты. 1 алтын, 5 күміс, 7 қола, 6 Алғыс хат алған жалпы 19 оқушы жеңіске жетіп, жүлделі орындарды қанжығаларына байлапты. Атап өтетін болсақ, биология пәні бойынша Бекбосын Алия 1-орын (жетекшісі – Дүйсебай Айнұр), Жданбек Олжас 3-орын (жетекшісі – Байжанысов Айдос), химия пәні бойынша Бибала Ұлдана 2-орын (жетекшісі – Кадирова Шолпан), Сәкенұлы Мәулен Алғыс хат (жетекшісі Кадирова Шолпан), физика пәні бойынша Амалбек Ернұр 3-орын (жетекшісі – Утеев Төле), география пәні бойынша Жунус Ерасыл мен Мелдебек Әйгерім Алғыс хат (жетекшісі – Арыстанбекова Ұлпан), математика пәні бойынша Ануаров Ерзат 2-орын (жетекшісі – Косакова Қарашаш) алып мерейлері артқан екен. Сондай-ақ информатика пәні бойынша Турганбек Нұрислам 2-орын, Досанқұл Ерғазы 3-орын (жетекшісі – Тұрсынбаев Самат), Естібай Еркебай 3-орын (жетекшісі – Кадрисов Арман), қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Құлнияз Ақлес Алғыс хат (жетекшісі – Абралиева Алтынкүл), Комуналқызы Арайлым Алғыс хат (жетекшісі – Биомаров Алихан), Қазақстан тарихы пәні бойынша Мұрат Әдемі 2-орын, Құрманбаев Дінмұхамед 3-орын, Құрманбай Аружан 3-орын, Тастайбек Алуа 2-орын (жетекшісі – Құрманбаева Жазира), Өзін-өзі тану пәні бойынша Үсенұлы Мирас 3-орын, Жамалбекова Жадыра Алғыс хат (Жетекшісі – Сүйінбаев Мұстафа) алып мектеп абыройын көтеріпті.

 

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасына қатысқан Бекбосын Алия, Бибала Ұлдана, Турганбек Нурислам сертификатпен марапатталған екен.
Аз уақыттың ішінде қаншама айтарлықтай игі істердің куәсі болдық. Білім ордасын көркейту мақсатында құрылған «Түлектер ассоциациясы» , «Әкелер кеңесі», «Аналар академиясы», мектеп-интернат шығармашылық тобы өз жұмыстарын жандандырып жүргізуде.
Директордың оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіп, олардың болашаққа қойған мақсаттарымен бөлісе отырып, ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесін талқылап отыратыны да көңімізден шықты. Басшы мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде білім ордасын биыл 43 оқушы аяқтапты. Он екі түлек «Алтын белгі» иегерлері: Ануаров Ерзат, Калысбек Дариға, Мельдебек Ақбаян, Құрманбай Аружан, Сәкенұлы Мәулен, Турганбек Нурислам, Амзе Аяулым, Батырбек Әсел, Мадиреим Роза, Мелдебек Айгерім, Сауранбай Әсел, Суйнбай Мөлдір. Төрт оқушы «Үздік аттестат» иегерлері: Балтабай Алишер, Валихан Тимур, Әлібек Анель, Асқар Әділет. Мектеп-интернат директорының бастамасымен демеушілердің арқасында ұлдар-қыздар жатақханасы заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, төсек-орындар жаңартылған екен. Мектептің материалдық базасын жаңарту үшін қаншама игі істер жасалып жатқанын көзімізбен көрдік. Білім ордасының алдына қойған әлі де талай жоспарлы жұмыстар атқарылатындығын айтқан мектеп басшысын ұжымы қолдап отырғанына сүйсіндік.

Саят Қамшыгер

Дариға Қалысбек, «Алтын белгі» иегері:
Кішкене кезімнен дәрігер болуды армандадым. Бұл мектеп-интернаттың біліміне қызығып, осы жерге оқуға түскен едім. Биология мен химияны таңдадым. Бірнеше жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиадаларға қатыстым. Енді міне, алтын ұя – мектебімізден түлеп ұшып жатырмыз.

Әсел Сауранбай, «Алтын белгі» иегері:
Дүние жүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдадым. Ағаларым басқа Дарын мектептерінде оқыды. Анам да жақсы жерде оқы деп, өзі де мұғалім болғандықтан мені көп дайындап, мақсатыма жетіп, осы мектепке түскен едім. 10-сыныптан қосымша сабақтарға барып дайындалдым. Арманым – тек ағылшын пәнінің мұғалімі ғана болып қоймай, елімнің дамуына үлес қосу.

Нұрислам Тұрғанбек, «Алтын белгі иегері:
Ай-ти маманы болу үшін физика мен математиканы таңдадым. 11-сыныптың алғашқы екі тоқсанында үйде өзім дайындалдым, соңғы екі тоқсанда мектепке келіп дайындалдым. Болашақта Илон Маск сияқты елімізді дамытатын жақсы нәрселер ойлап тауып, соларды халықтың игілігіне ұсынғым келеді. Бізге жақсы жағдай жасап, жан-жақты дамуымызға үлес қосқан директорымыз Сәкен Шардарбекұлы мен барлық ұстаздарға алғысым шексіз!

ПІКІР ЖАЗУ