Алға, ҚАЗАҚСТАН!

11bet_f44Халқымыз көптен күткен «Астана–Алматы 2011» VII Қысқы Азия спорттық ойындары басталып кетті. Қазақстан, Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядан кейінгі осындай дүбірлі доданы өткізу құқығына ие болған – төртінші, ал ТМД мен мұсылман мемлекеттері арасында алғашқы мемлекет.
Ақ  Азиаданың арқасында Алматы қаласында «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайы қайта жөндеуден өтіп, жаңартылды. Ал Алматы облысындағы Шаңғы – биатлон стадиондары, қаладағы К–95, К–125 шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені, республикалық велотрек стадионы жаңадан салынған спорттық нысандар болып есептеледі. Бұл спорт кешендерінің бәрі Азия ойындарынан кейін көпшілік халықтың пайдалануына беріліп, еліміздегі спорт мектебінің дамып, нығаюына септігін тигізетін болады.
Біздегі бұл дүбірлі додаға Азиядағы 45 елдің 27-сі қатысып, 1400-ге жуық спортшы бақтарын сынады. (Қытайдағы 2007 жылы өткен Азиадаға 1100 спортшы қатысқан еді). Одан тысқары шетелдерден 500-ден астам жаттықтырушы – бапкерлер, мыңға тарта алыс және жақын шетелдің журналистері, 4000-нан аса туристер келді. Оларға қызмет көрсету үшін 2000-нан астам еріктілер таңдалды. Жарыстардың бағдарламасына сәйкес, спорттың 11 түрі бойынша 69 медаль сарапқа салынды. Оның 25-і Астанада, 44-і Алматыда. Қысқы Азия ойындарының тарихында Қазақстан 164 спортшымен алғаш рет ең көп сайысқа түсетін ел ретінде көш бастап отыр. Ал, ендеше, Ақ Азиадада еліміздің мерейі үстем болып, асығы алшысынан түскей!
Ескерту: «Астана-Алматы 2011» Азиада
ойындарының нәтижесін журналымыздың келесі нөмірінде береміз.
Өз тілшімізден.

ПІКІР ЖАЗУ