Алдар Көсемен селфи жасаған Хан

Сұхбат —
Ағзия КӨЛБАЕВА,
Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры əдебиет бөлімінің қызметкері, Мəдениет қайраткері

— Сұхбат —

— Ағзия, балалар қойылымдарының ерекшеліктері жайлы айтсаңыз.
— Біздің театр балалар мен жасөспірімдер үшін аянбай еңбек етіп келе жатқандықтан, көрермендерімізге түрлі тақырыптарда қойылымдар қояды. Ол қойылымдардың барлығында жастарды жігерлендірер рух, адамгершілік мəселелері, ізгілікке ұмтылу, сұлулықты қорғауға деген құштарлық, ерлік, адалдық, ұлтжандылық, отансүйгіштік бар.Балаларға арналған туындылар жеңіл тілмен, балаға түсінікті етіп жазылуы керек. Балаларға арнап драмалық шығарма жазған қаламгер ең алдымен осы замандағы жеткіншектердің психологиясын жақсы білуі керек. Балалардың неге қызығатынын жете зерттеуі қажет.
— Балаларға арнап жазған драма-лық шығармаларды қаламгерлер өздері театрға əкеліп бере ме?
— Бүгінде балаларға арнап шығарма жаза-
тын авторлар азайып кетті. Кезінде Өмірбек Боранбаевтың шығармалары жиі қойылды. Ол
кісі бақиға аттанған соң Ескен Елубай, Сұлтанəлі Балғабаев, Сая Қасымбек сияқты
авторлардың туындылары қойылып жүр.
Театрдағы балаларға арналған қойылым-
дарды режиссерлер Сағызбай Қарабалин, Жанат Хаджиев, Еслəм Нұртазиндер дайындайды. «Бремен музыканттары», «Маугли», «Алдар Көсе» сияқты спектакльдерді балалар үлкен ықыласпен, сүйсіне қабылдайды. Ұл-қыздар қойылымдарды көріп отырып көңіл-күйлерін сыртқа білдіріп отырады. Жағымсыз кейіпкерлердің іс-қимылдары мен сөздерін ұнатпай, ұнамды кейіпкерлерді үнемі қолдап, қол соғып қошаметтеп отырады. Балалармен бірге спектакль көру де бір ғанибет! Өзің де бала болып кеткендей, айрықша таза пейілмен тамашалайсың. Сонау балалық шағыңа сапар шеккендей боласың.

— Театр сахнасында қойылып жатқан «Алдар Көсе» туралы оқырмандарымызға мағлұмат бере кетсеңіз.
— Жас режиссер Е.Нұртазинның ізденісі жақсы байқалады. Авторы — Ш.Құсайынов. Алдар Көсенің рөлін Мерей Əжібеков пен Ербол Ыдырысов ойнайды. Спектакльде оқиға желісі автордың жазуы бойынша өрбігенмен, режиссер балаларды қызықтыру үшін кейіпкерлерді бүгінгі заманның киімдерімен киіндірген.
Ханның үлкен бас киім киіп алғаны, онда «D&G» деп жазылып тұруы, Ханның Алдар Көсені көре салысымен: «Елдің бəрі айтып жүрген Алдар сенсің бе», — деп келіп селфи жасап, ұялы телефонымен суретке түсуі езуіңе күлкі үйіреді. Алдар Көсенің заманауи əн айтып, би билеуі де жас көрермендерге жақсы əсер етеді. Залда отырған кейбір балалар орындарынан тұрып, Алдар Көсемен, Қарашашпен бірге билеп кеткендерін байқамай қалады.
— Театрдағы танымал əртістерден кімдерді атайсыз?
— Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген əртістері Кəдірбек Демесін, Лидия Кəденова, Сағызбай Қарабалин, Сағат Жылгелдиевтер көпшілікке етене таныс. Рахман Омаров, Айгүл Иманбаева, Əсет Иманғалиев, Бақыт Тушаев, Аида Жантілеуова, Бейбіт Камаранов, Жанар Мақашова, Ақбота Қаймақбаева сияқты таланттар бүгінде өнердің түрлі салаларында танымал.
— Биылғы маусым 3 шілдеде «Қозы Көрпеш — Баян Сұлумен» жабылады екен. Келесі маусым қашан басталады?
— Қазан айында театрымыздың 70-маусымы ашылады. Біз үшін үлкен қуаныш, мерейтойымыз. Театрымыздың директоры Сəбит Əбдіқалықов, көркемдік жетекші Мұрат Ахмановтар қазір үлкен ізденісте, даярлық үстінде.
— Əңгімеңізге рахмет! Еңбек-теріңізге жеміс, дендеріңізге саулық тілейміз!
Сұхбаттасқан — Саят ҚАМШЫГЕР

ПІКІР ЖАЗУ