«Алаш мыңы»

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,  тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:

ХІV-XV ғасырларда Алтын орда хандығы ыдырай бастады. Оның орнына бірнеше хандық құрылды. Өзбек хандығынан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек бастаған халық Шу өзені бойындағы Қозыбас деген жерге қоныстанып, қазақ хандығын құрды. Қазірде өзбек халқының ішінде де Қоңырат, Найман, Жалайыр, Арғын сияқты рулардың болуы біздің олармен туыстығымыздың, бір тектен екендігімізді байқатады.
Бұл жайында тарихшы Мұхамет Хайдар Дулати осы оқиғаны хижраның 870 жылы болғанын айтады. Ол біздің қазіргі күнтізбеміз бойынша 1465 жылға сәйкес келеді.
Жетісу ол кезде Моғолстанның батыс шекарасы болатын. Моғолстанның билеушісі Есенбұға хан қазақ хандығына Жетісуды, Шу бойын берді. Сол замандарда шығыстағы қалмақтардан Моғолстанға қауіп төне бастаған. Өзбек хандығының билеушісі Әбілхайыр ханнан да қауіп болды. Осындай шапқыншылықтардан сақтану үшін Есенбұға хан Керей мен Жәнібекті сол жерге шақырып, жер беруі мүмкін. Сол арқылы басқа хандықтардың шабуылдарынан қорғануды көздеуі ықтимал. Керей мен Жәнібекті қолдаған Моғолстанды, сол елдің халқын да ерекше атаған жөн.
Сөйтіп қазақ хандығы құрылып, қалыптасу үрдісін бастан кешіп жатты. Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның билік құрған жылдарында (1509-1521) қазақ іргесін кеңейтті, рухын биіктетті, айбынын асырды. «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Әз Тәукенің жеті жарғысы» деген атпен таныс заң жүйесі кемелденіп, заңдық ережелер мен қатынастар бір қалыпқа түсті. Қазақ халқы сол кезде бір миллионға жетті. Мұхамет Хайдар Дулати: «Жошының тұқымында дәл Қасым хандай ақылды, кемеңгер хан болған жоқ»,- деген.
Тарихшы Қадырғали Жалайыр орта ғасырларда қазақтардың өздерін «Алаш мыңы» деп атағаны жайлы жазады. Сырттағы басқа халықтар бізді «қазақ» деген Мұхамет Хайдар Дулатидың айтуына қарағанда «қазақ» деген сөз еркін жүру дегенді білдіреді. Ешкімге тәуелді болмай, еркін жүру деген сөз. Басқа халықтарда да өздерін басқаша айтатын мысалдар көп. Мысал ретінде немістердің өздерін «дойче», венгрлердің өздерін «мажар» деуін айтуға болады. Әлихан Бөкейханов кезінде «Алаш» деген сөз нені білдіретіні жайлы жазыңыздар дегенде, көп мақалалар жарияланған еді. «Алаш» — қазақты бір ұлтқа біріктірген сөз. Осыдан «Алаштың азаматы» деген сөз шыққан.
Қазақ үш жүзге бөліну үшін емес, әскерді жауға қарсы жасақтау үшін, халықтық тұтастықты сақтау үшін шартты түрде жіктелген.

ПІКІР ЖАЗУ