Ақыртас
Анам биылғы жазғы демалыста «Ақыртасқа» апарамын деп бізді қызықтырды. Барып, көне қаланы араладық. Қаланың орны мені қатты қызықтырды. Ақыртасқа байланысты ғалымдардың жазған еңбектерін іздеп, оқыдым. Сол әсерімді бөліспек ниетте қолыма қалам алдым. Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. Ақыртас соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол бекетінен 6 км оңтүстікте орналасқан. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында оңтүстік есік жақтағы Ақыртас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлегі ат қораға арналған. Су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы, жарлықтар жарияланатын арнаулы орын немесе діни рәсімдер, атқарылатын орын болған. Ақыртас VIII ғасырдың ІІ-жартысында, яғни 751 ж салына бастапты.
Ақыртас туралы алғаш рет 1222 жылы Қытайдан Сайрам арқылы Самарқандқа, Шыңғысхан қосынына барған даосс тақуасы Чан Чуннің күнделігінде айтылады. Оның күнделігінен үзінді келтірер болсақ: «Жолда бізге тас қала кездесті: тастар қып-қызыл түсті, көне әскери құрылымның іздері бар. Батысқа қарай бағытталған Үлкен аю жұлдызы секілді орналасқан көлемді зираттық үйінділерді көрдік» — деп жазған.
Жалғас телібаев,
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы,
Сарыкемер ауылы.