Ақын – елдің ардағы
Шымкент қаласы З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейімізде 31.03.2023 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, «Сары гүл», «Жүректегі ағыстар», «Көңіл көктемі», «Биші қайыңдар» атты жыр кітаптарының авторы Саят Қамшыгер ағамызбен «Ақын – елдің ардағы» атты кездесу болып өтті. Кездесуді бірлігі мен ынтымақтастығы орнаған білім ордамыздың білікті де білімді басшысы Тойлыбаева Жанар Жорақызы ашып, қонақтарымыз бен әдебиет сүйер білімді оқушыларына сәттілік тіледі. Кездесудің жоспарын жасауда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдраманова Азима Коныратовна 4 бөлімге бөлген. Алғашқы кезеңін ақын ағамыздың балалық шағына тоқталу мақсатында «Адам баласының өміріндегі ең тәтті кезеңі – балалық шағы» деп атады.
Осы сәтте ағамыздың өмірінен бір үзік сыр шертердайындалған бейнебаян көрсетілді. Көрсетілген бейнебаяннан соң, оқушылар өздері дайындап келген сұрақтарын кезекпен қойды. Саят ағамыз,«Осындай киелі шаңыраққа алғашқы рет келуім қасиетті Рамазан айына тура келіпті, сіздермен Шымкенттің төрінде жүздесіп тұрғаныма өте қуаныштымын» деп, сөзді бастады. Алаңсыз өткен балалық шағын еске алған ақын ағамыз қалам ұстап, шабыт тұлпарына мінген сәтін, «Сен, Абайды білесің бе?» байқауына 13 шақырым жаяу барып қатысып, облыстық сайысқа жолдама алғанын есіне түсірді. Естен кетпейтін анасына гүл теріп берген ерекше сәттерін есіне алған ағамыздың көзінен анасына деген сағынышты байқай қалдық. Осы сәтте Саят аға бақытты балалық шақ сыйлап, төбесінен құс ұшырмай өсірген ата-анасына дән ризашылығын да білдіріп өтті.
Кездесу барысының екінші кезеңі «Ақынның қуаты– шұрайлы тіл»деп аталды. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өрнегі мол шығармашылығынан оқушыларымыз өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. Оқылған өлеңдерді тыңдау барысында Саят ағамыз өз өлеңдерін тебіренте жүрекке жеткізе алған көкірегі ояу, сезімді тұнық ұрпаққа дән ризашылығын білдірді. Жақсы ұстаз тап болса, бағыңның жанғаны деп есептеген ағамыз өзінің мектеп пен университеттегі ұстаздарынан алған көптеген мәнді, мағыналы дүниелерімен бөлісті. Тіпті, әлі күнге дейінгі үлгі алатын ұстаздарының бар екенін айтты.
Ал кездесудің үшінші кезеңі « Жақсы аудармашы болу үшін құштарлық керек» деп аталды. Жылы жүзді, дархан жүректі ағамыз жақсы аудармашы екенін дәлелдейтін «Тастамашы, ана», «Жоғалғандардың жан сыры» атты аудармаларына байланысты берілген сұрақтар бойынша шығармадағы кейіпкерлердің тағдырына өз көзқарасын ерекше сезіммен талдап жеткізді.Ұшақтағы Ташкенттен келген жазушы қыздың көз жасы мен әйелін, ұлын, қызын жылатқан кітапты оқуға бел буған ағамыз, кітапты оқып өзінің де көзіне жас келгенін айтты. Кез келген кітапты оқып жылай бермейтінін білетін ақын ағамыз мен сезінген әсерді басқалар да сезінсін деген оймен»Тастамашы, ана» аудармасының авторына хабарласып, рұқсатын алып шынайы болған оқиғаны аударғанын өз аузынан естідік.
«Ағалар ізімен» деп аталатын төртінші кезеңде ағаларының ізін басып келе жатқан ізбасарларына ақын болу үшін қай қырынан шыңдалу керектігін, ақынды не шабыттандыратыны туралы айтып, іздену мен оқудан ешқашан жалықпау керектігін ескертті. Кеш соңында ағамызға осындай кездесу мен кештердің сәні болып, сүйіп оқитын оқырмандарының санының арта беруіне тілектестігімізді білдірдік. Кешті ұйымдастыруға басшылық жасаған мектебіміздің директоры Жанар Жорақызына, ұйымдастырған Ақмарал Тұрарқызына, Азима Қоңыратқызына және Абай Қожатайұлына алғыстарын білдірді.
Әмірхан Жанеле, №23 мектеп-лицейінің 10 «Е» сынып оқушысы
Жетекшісі, Абдраманова Азима Қоңыратқызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі