Ақылы асқан қария, ағып жатқан дария
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ғұмырлық дүниетанымында «Қарты бар үй – қазынасы бар үй» деген аталы сөз бар. Қария – ырыс-ынтымақтың, береке-бірліктің ұйтқысы. Ұрпақ бойына ізгілік-иба мен «үлкенге ізет, кішіге құрмет» қағидасын сіңіретін де қазыналы қарттарымыз. Ақсақалды ата мен ақжаулықты әжелеріміздің, аналарымыздың ақ батасы арқылы қазақ баласының бойына дарыған асыл қасиеттердің барлығы – ата мен әженің, ананың ақ тілегі, қастерлі өсиеті мен өнегелі сөз құдыреті десек, артық айтқандық емес. Иә, «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі ұрпақты өмірге, өнер-білімге баулуының да өзіндік терең мәні мен мазмұны бар. Бала тәрбиесінен бастап, отбасы, Отан алдындағы азаматтық, адамгершілік қасиеттер бабадан балаға жалғасып, халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мұра ұлттық рухани құндылықтарымызды құрайды.
«Ақылды қария – ағып жатқан дария» дейді қазақ. Шынында да қарттар – ағып жатқан дария іспетті. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да білетіні соңдай терең, тұңғиық, тұнық. Олардың ақыл-парасатына кейінгі ұрпақ қашанда мұқтаж. Қазақ үлкенді сыйлауға, әсіресе, қарттарды құрметтеуге ежелден ерекше көңіл бөлген халық. Кім де кім қанша жетістікке қол жеткізсе де, ата-ананың ақ батасын алмай жасаған ісінде береке болмайды. Жетім-жесірін жылатпаған, ата-анасын, қарттарын ренжітпеген халық қана болашаққа нық қадам басады деп түсінген. Қазақ: «Төріңнен қарт кетпесін!» деген ғибратты сөзді ешқашанда жадынан шығармаған. Бақытты шаңырақтың көркі кеңпейілді ата мен мейірімді әжелерді құрметтеу қазақ баласының қасиетті борышы. Қазақтың қара шаңырағын биіктетіп, абыройын асырып, бауырмалдық пен мейірімнің шырағы бола білген қариялар қашан да сый-құрметке лайық.
1 қазан дүниежүзі қарттар күнін тойлайды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1990 жылдың 14 желтоқсанында 1 қазанды – халықаралық қарттар мерекесі деп ресми бекітті. 1991 жылдан бері 1 қазанынан бастап, біздің еліміз де бұл күнді мерекелейді. Атаулы күннің мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне және өмір сапасын арттыруға назар аудару әрі қамқор болуды көздейді.
Статистикалық дерекке сәйкес бүгінде елімізде 60-тан асқан 2 616 515 қарт бар. Олар халық санының 13,2 пайызын құрайды. Жыл сайын қасиетті қарттарды құрметтеу, оларға үнемі қамқорлық таныту, қадірін асырып, ұрпаққа үлгі ету шаралары республикамыздың барлық аймағын қамтиды. Мемлекеттік құзырлы органдар мен облыс, қала, аудан әкімдері қарттарды құттықтап, түрлі форматта мерекелік шаралар ұйымдастырады.
Биыл Астанада қала әкімдігі және қаланың Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолдауымен Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда қарттар күніне арналған концерт өтті. Іс-шараның мақсаты – қарт адамдарға қатысты мәселелерге қоғам назарын аудару және олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал ету. Сән-салтанаты жарасқан кең сахнада өнер майталмандары ән мен күйден шашу шашып, мың бұралған бимен қазыналы қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мемлекеттік академиялық филармония оркестрінің сүйемелдеуімен 4 халық хоры өнер көрсетті. Сондай-ақ мерекелік кеш аясында ұйымдастырушылар картиналар мен ұлттық костюмдер көрмесін ұсынды.
– Қала әкімдігінің қолдауы нәтижесінде елордада екі жыл бұрын 10 мыңнан астам зейнеткер баратын Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Қазіргі уақытта аға буын – бұл қаланың дамуына үлкен үлес қосқан адамдар. Қала ардагерлерінің кеңесі жас қазақстандықтарға үлгі бола алатын адамдарға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды, — деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.
Сонымен қатар мереке қарсаңында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «1 қазан – Халықаралық қарттар» күніне арналған аудан зейнеткерлерінің қатысуымен «Денсаулық флешмобын» ұйымдастырды. Есіл ауданы әкімдігінің алдындағы алаңда өткен флешмобқа ардагерлер кеңесінің өкілдері, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер арнайы фитнес нұсқаушысының жетекшелігімен жаттығулар өткізді. Белгілі болғандай, алдағы уақытта Есіл ауданы әкімінің аппараты тұрақты негізде теплоходпен сапарлармен қарттарды қаланың көрікті жерлеріне саяхаттатуды жоспарлап отыр. Іс-шара соңында өздеріне көрсетілген ықылас пен қошеметке риза болған қарттар алғыс айтып, естелікке суретке түсті.
Қуанса, балаша қуанып, айналасына жан жылуын төгіп, мейірім-шапағын төгіп, әдемі ақ батасымен әлемді әп сәтте әдемілікке орап тастайтын қазыналы қарттарымыз қашан да аман болсын. Сөз құдіретін өнер биігіне көтерген қасиетті қазақ халқы өміржолы өнеге мен ғибратқа, тағлым-тәлімге толы қазыналы қарттарымызды ардақтап, ән мен күйге, өлең-жырға арқау етіп, үнемі сөзден ескерткіш соғумен келеді. Сондай шоқтығы биік, қазақтың өзіне тартқан, өнебойы қазақы үн мен қазақы иіске, қазақы ырғақ пен қазақы әуенге толы Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» әні. Бұл ән қазыналы қарттың қадірін білетін, ақсақалды ата мен ақжаулықты әжесін сағынған әр қазақтың жүрегін тербеп, көңіліне медет болатын құдіретті ән. Құрметті жас оқырман назарларыңа ұсынып отырған, Сағи ағаның «Ауыл қарттары» әнін сендер де жаттап алып, айтып жүріңдер!
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ