Ақтөбеде «Жастар – Отанға!» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 21 тамыздағы тапсырмасына сәйкес елімізде 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы әзірленген болатын. Бұл құжаттың мақсаты — жастарды ел дамуының ортақ мақсаты төңірегінде біріктіру және өзін-өзі дамытуы үшін жан-жақты қолдауды қамтамасыз ету. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облыстық, қалалық және аудандық Жол карталары әзірленді. Аталған бағдарлама Ақтөбе облысында қалай жүзеге асырылып жатыр? 2025 жылға дейін қандай жұмыстар істеледі? Қандай жұмыстар жасалып жатыр? Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искаринмен сөйлескен едік.
— «Жастар – Отанға!» бағдарламасы бес бағыттан тұрады. Олар — «Азаматтық белсенділік», «Тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу», «Сапалы білім», «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» және «Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана». Маусым айында «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы Саяси Кеңес Бюросының отырысында 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» бағдарламасын іске асыру бойынша аймақтың жол картасы бекітілді.
Жалпы «Jas otan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша Ақтөбе облысы жастарына арналған 14 жол картасының (облыстық — 1, қалалық — 1, аудандық — 12) жобасы әзірленген болатын. Мұнда Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және партияның Ақтөбе облыстық филиалының 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жастарға арналған тармақтарын ескере отырып, жалпы саны 24 индикатор мен 37 іс-шара жоспары енгізілді.
Қамтылған индикаторлар мен іс-шаралардың барлығы «Жастар Отанға» бағдарламасындағы 5 бағыт бойынша дайындалды. Осы бес бағыт бойынша алдағы бес жылдықта волонтерлік қызметке 3 мың еріктіні тарту, жастардың бастамаларын қолдау бойынша гранттық қаржыландыруды 10%-ға ұлғайту, мүдделі мәселе бойынша ақпараттық консультация беру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту, 16 жаңа мектептің құрылысын жүргізу, үш ауысымды мектептер санын азайту, 1 340 орындық 5 студенттік жатақхана құрылысын жүргізу, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 3,0%-ға төмендету, NЕЕТ санатындағы жастармен жұмыстар жүргізу, «Жасыл ел» жобасы аясында 7500-ға жуық жасты маусымдық жұмысқа тарту, «Бастау бизнес» жобасын іске асыру аясында жыл сайын 300 адамды оқыту, өңірде 5 спорттық-сауықтыру кешенің құрылысын жүргізу сынды ауқымды істер қамтылды.
— Бағдарламаның әр бағытына тоқталып өтсеңіз?
— Бірінші «Азаматтық белсенділік» бағыты бойынша ел мен қоғамды дамыту мәселелеріне жастардың етене араласуын арттыру мақсаты қойылған. Бұл ретте жастардың елдің саяси өміріне қатысуын жандандыру, волонтерлік қызметті қолдау, жастар мен студенттік ұйымдарды дамыту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бүгінде Ақтөбе облысында 77 волонтер клубы жұмыс істейді, оларға 2 мыңнан астам волонтер тартылған. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2019 жылы өңірде 35 волонтер клубы жұмыс істеген. Облыстағы жастардың саны (14-тен 29 жасқа дейін) — 178 712. Осы жастардың 1,6 пайызы волонтерлік қызметке тартылған. 2023 жылы бұр көрсеткішті — 1,8, ал 2025 жылы 2,0 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Еріктілер ұйымдары облысымыздағы ірі кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда да құрылған.
2025 жылға қарай азаматтардың консультативтік-кеңесші органдардағы (қоғамдық кеңестер, комиссиялар және т. б.) 35 жасқа дейінгі үлесін 30% — ға дейін ұлғайту мақсаты қойылды. Бүгінде бұл көрсеткіш — 10 пайыз. Жастар ұйымдарының мемлекеттік гранттар мен волонтерлік көмек жобаларын қаржыландыруды ұлғайту және корпоративтік секторды тарту жұмыстары да жүргізіліп келе жатыр. Біздің еріктілер қоғамда өткізіліп жатқан шаралардан ешқашан тыс қалған емес. Пандемия кезінде Ақтөбе облысының еріктілері 350-ден астам акция өткізіп, 21 мыңнан астам отбасын атаулы әлеуметтік көмекпен қамтыды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Nur Otan» партиясының бастамасымен қолға алынған «30 игі іс» қайырымдылық марафонына жасотандықтар белсенді атсалысып келеді. Жыл басынан бері жасотандықтар қала мен аудандарда тазалық акцияларын өткізді. Жалғызбасты қарттарға көмек беріп, аз қамтылған отбасыларға жас депутаттардың қолдауымен азық-түлік пакеттерін жеткізіп берді. Тіпті, биылғы қуаңшылық кезеңде мал азығы тапшы болған Маңғыстау өңірінің мәселесіне жасотандықтар бейжай қарап қалған жоқ. Демеушілер тартып, осы Ақтөбе өңірі арқылы 1000 бума мал азығын Маңғыстау өңіріне жөнелтті. Атқарылып жатқан осындай игі істердің барлығы осы жобаның аясында жүзеге асып жатыр.
Жастарды қолжетімді сапалы білім берумен қамтамасыз ету мақсатындағы «Сапалы білім» бағыты бойынша 2025 жылға қарай облыста үш ауысымды мектептер санын азайту, 16 жаңа мектептің құрылысын жүргізу, қашықтықтан оқытуды сақтау кезінде маршрутизаторлармен қамтамасыз ету, дуальды оқыту формасы бойынша оқуды аяқтаған ТжКББ түлектерінің кемінде 74%-ын жұмысқа орналастыру секілді міндеттерді алдымызға қойып отырмыз.
«Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бағыты аясында жыл сайын кемінде 8 мың жасты жұмысқа орналастыру, «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жазғы кезеңге кемінде 1,5 мың жасты жұмысқа орналастыру, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жастарды жыл сайын жұмысқа орналастыру арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жыл сайын облыс әкімінің 20-дан астам грантын бөлу, жастар үшін өз ісін ашуға және бизнесті енгізуге, жастарды «Бастау» жобасымен қамту міндеттері қойылды. Бүгінде өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2% (2282 адам). Өткен жылмен салыстырғанда 0,1%-ға кем. Биыл облыс бойынша 10116 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 16 дан 29 жасқа дейінгі 4918 адам (48,6%).Облыста жыл басынан бері 11 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, нәтижесінде 1290 адам бос орындарға жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 383 адам — 29 жасқа дейінгі жастар.
Басқа бағыттар бойынша да іргелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға 302 пәтер сатып алуға 3,0 млрд теңге бөлінді. Жастарды баспанамен қамтуға қатысты басқа да жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірде 606 орындық 6 білім беру ұйымы үшін студенттік жатақханаларды салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Студенттік жатақханалардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына ұдайы мониторинг жүргізіліп тұрады. Аталған бағдарламаның аясында әзірленген жол картасында міндеттелгендей жылына 20 студенттік жатақханаға мониторинг жүргізу жоспарланды. Қазіргі күні 10-нан астам студенттік жатақхананың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізілді. Бұл мониторингтік топта партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің мүшелері, жас депутаттар, қоғам белсенділері бар.
«Тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу» бағытында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, жастарды кітап оқуға тарту, облыстағы мәдени іс-шараларға белсенді қатысуын қамтамасыз ету сынды жұмыстар жүргізіліп келеді.
Облыста бүгінде 34 спорт мектебі жұмыс істейді, онда 19 мыңнан астам жастар спортпен белсенді айналысады. Оның ішінде, облыста 120 мыңнан астам жастар бұқаралық спортпен белсенді айналысады. Барлық өткізілген іс-шаралар жастардың уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді.
Жалпы статистиканы айта кетсек: Облыста 178 712 жас тұрады, бұл облыс халқының жалпы санының 20,2% құрайды. Қала жастарының үлесі 95 264 адамды, ауыл жастарының үлесі 83 448 адамды құрайды.
Жоғары оқу орындарында 26 мыңнан астам студент, облыстың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 24 мыңнан астам студент оқиды.
Айта кетейік, «Жастар – Отанға!» бағдарламасының нақты жүзеге асырылуын «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес қадағалайтын болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Мейрамгүл САТАЕВА,
Ақтөбе облысы.