Ақтөбеде «Балалар кітабы» апталығы өтті
2023 жылдың 27 наурызы мен 3 сәуіраралығында Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы балалардың оқу мәдениетін арттыру мақсатында «балалар кітабы» апталығын ұйымдастырды. Апталық аясында түрлі форматта шаралар, кітап исталляциялар, оқу марафоны өтті.
Бала мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, кітап оқу үрдісін арттыру мақсатында ұйымдастырылған апталықтың ашылуы ақын, ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік шежіре» атты әдеби кешпен басталды.
Шараға Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің «Гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, магистр, Қ.Жұбанова атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің докторанты Ермуханова Индира Жақсылыққызы, сондай-ақ Жұмабек Ташенов атындағы №68 жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушылары мен мұғалімдер қатысты.
Қаламгердің отаншылдыққа толы әдеби мол мұрасын насиxаттау мақсатында өткізілген әдеби кеште кітапхана оқырмандары ақынның «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық», «Адамдық борышың», «Насихат», «Қош жұртым» өлеңдерін оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Самал Қайратқызы «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындады.
Аға оқытушы Индира Жақсылыққызы Шәкәрім шығармалары арқылы жас ұрпақты сөз асылын түсіне білуге, асыл қасиеттерді бойына сіңіруге шақырып, адамгершілік, білім-ғылым жайын қозғады. Сондай-ақ оқырмандар оқытушыға сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды.
Оқырмандар назарына «Дана сөздің дарасы» атты кітап көрмесі, Шәкәрім туралы бейнебаян ұсынылды.
Кітап апталығы туралы Ақтөбе қаласындағы «Айсын» балалар радиосының «Төрлет» айдарында кітапхана қызметкері сұхбат берді.
Балалар кітабы апталығы ақын М.Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Мағжан жыры мәңгілік» әдеби кеш,М.Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ертеңгі істі бүгін ойлап, бейімде, Бүгінгіңді ысырма тек кейінге» онлайн оқу марафонымен жалғасын тапты.
Сондай-ақ, орыс жазушысы В.Сутеевтің туғанына 120 жыл толуына орай «Эти удивительные сказки» инсталляция, А.Толстойдың туғанына 140 жыл толуына орай «В поисках золотого ключика Буратино» әдеби кешінде кішкентай оқырмандарымыз сахналық көріністерін тарту етті.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, — деп, халқымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлы жырға қосқан кітап – ақылдың сөнбейтін шамшырағы. Рухани жан дүниені оятып, білімді молайтып, үлгі өнегенің ордасы бола білген киелі кітапхананың есігі кітап сүйер оқырман үшін әрдайым ашық.
Мүбаркова Зарина,
Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы