Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов: Білім беру саласындағы әрбір қызметкер адамгершілікке, парасатқа, адалдыққа   ие болуы тиіс

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу кеңесі өтті. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Облыс әкімі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.


Білім беру саласы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өте жоғары. Сондықтан, бірінші басшылардан бастап бұл мәселе қатаң бақылауға алынуы қажет. Бюджет қаражатын аударуды бақылауды күшейту, қаражатты үшінші тұлғаларға аудару тәуекелдерін болдырмаудың алдын алу бойынша  шаралар қабылдануы тиіс. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан қаржылық тәртіпті күшей-тіп,  қаржылық мәдениетті қалыптастыру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.  Білім беру саласындағы әрбір қызметкер адамгершілікке, парасатқа, адалдыққа  ие болуы тиіс, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.


Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Алмат Мырзалиев баяндама жасады. Саланы дамыту, қаржылық тәртіпті, бюджет қаражатын аударуға бақылауды күшейту, қаржылық мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің  алдын алу  мақсатында жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отырғаны атап өтілді. Мәселен, біздің облыста білім беру жүйесіндегі қаржыны басқару, мемлекеттік сатып алу және кадрларды қабылдаудың орталықтандырылған моделі пилоттық жоба ретінде енгізіледі.
Жайық Сұлтан өңіріміз бастамашылық еткен жобаны Оқу-ағарту министрлігі қолдағанын мәлімдеді. Жоба білім беру ұйымдарындағы бюджетті пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді, қаржыны жоспарлау, басқару және пайдалану процесін жеңілдетеді, мемлекеттік сатып алу мен педагог мамандарды іріктеу процестеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Пилоттық жоба АҚШ, Австралия, Финляндия, Сингапур және Швеция сияқты елдердің мемлекеттік сатып алулары мен қаржысын орталықтандырылған басқару бойынша оң тәжірибеге негізделеді.

Білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімдері де орталықтандырылып, эклектрондық форматқа ауыстырылады. Бұл субъективтілікті жойып, ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді деп күтілуде. Айтып өткен жөн, білім беру саласы – облыс бюджетінің басым бағыттарының бірі. 2023 жылы осы саланы қаржыландыру көлемі 248 млрд теңгені құрады. Бұл – облыстық бюджет шығыстарының 40%-ы.

М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы.

ПІКІР ЖАЗУ