Әкешім — бәйтерегім!
Ел аузында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген аталы сөз жиі қолданылады. Бұл мақал бүгінгі балғын бөбектер, ертеңгі ел түзейтін батыр ұрпақтың тәрбиесінде маңызды рольді ата-аналар атқаратынын көрсетеді. Ана мен Әке егіз ұғым. Екеуі де бала үшін ең қымбат жандар. Әке, бұл мінезі өте тұйық, көп сөйлемейтін сені қатты сөкпейтін де, бірақ көзқарасынан тұла бойың тітіркеніп, қате іс жасап тұрғаныңды сөзсіз түсіндіретін адам болғандықтан болар. Бірақ бұнымен әкелерді тек қатал кейіпте елестету қателік. Әкелер сонымен қатар өте-өте нәзік жандар.Себебі олар үнемі баласы үшін жанын құрбан қыла алатын ардақты жандар.
Әке – асқар тау. Әкенің орны бала үшін қашан да бөлек. Әке – отбасының тірегі. Әке – отбасының асыраушысы. Менің әкемнің бойынан батырлықты, білімділікті, қайсарлықты, күш-жігерді, барлық қасиеттерді көруге болады. Әке – баға жетпес қазына.
«Әке» дегенді естігенде менің есіме қамқорлық сөзі қатар оралады. Бұған себеп, менің әкемнің шексіз қамқорлығы болса керек. Әкемнің дөңгеленген қою қоңыр көздері, қалың қасы, қыр мұрны, бұйра шашы — бәрі-бәрі менің де бойымда көрініс тапқан. Бұл әкемнің маған деген үлкен әкелік махаббатынан болса керек. Әкелік махаббат ұғына білген жанға үлкен сезім.
Мен өзімнің тұлғалық болмысымда әкемнен дарыған қасиеттер мен сыртқы пішінімнің , бәрінен бұрын әкешімнің берген тәрбиесін жоғары бағалаймын. Мәуелі бәйтеректей әкемнің тәрбиесін еңсемді тік ұстап, қоғамның алдында қысылмай көрсете білу мен үшін үлкен бақыт. Сол үшінде сізге көп-көп рахмет, әкешім!
Айзере ҚАЛМАҚАНОВА