Әкем — қорғаным, анам — бағбаным, бауырларым — ардағым
— деп жалғасатын республикалық бәйге тақырыптың өзі айтып тұрғандай, отбасы құндылықтарына арналды. Редакция қоржынына келіп түскен хаттар арасында «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан жанұялардың балалары да бар. Соның бірі — Алматы қаласы Алатау ауданы «Алгорифм» физика-математикалық лицейінің оқушысы Кеңесбеков Нұржан отбасы жайлы жан-жақты жазған.
Балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін кез келген шығарма байқауы, білім сайысы, спорт жарыстары бала үшін де, ата-ана үшін де шынайы мереке. Баға жетпес мақтаныш, кеуде тола қуаныш. Міне, марапаттауға келген оқырмандардан осындай шырайлы шуақты көрдік. Шәкірттерінің жетістігіне бірге қуанып, ұстаздар, ұл-қызын қолдаған ата-ана марапатқа өздері ие болғандай көңіл-күйде редакциямыздың құтты қонағы болды.
Жеңімпаздарымызды құттықтап, өз қолдарымен сыйлықтарын тапсыру үшін қазылар алқасы да арнайы келіп, қатысты. Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ильхам» сыйлығының иегері — Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, журналист, республикалық «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Серікбол Хасан, «Қазақстан» телеарнасының журналисі Керім Аянқызы, «Қазақстан-Zaman» ЖШС Бас директоры Серкан Хастүрк балаларға ақ тілектері мен батасын арнап, марапаттады.