Айы бар мекен

Айы бар мекенге келмес бұрын менің миымды «Эго» дейтін дүние жеп қойған тұғын. Ең алғаш «IQANAT» қорымен осыдан екі жыл бұрын танысқан едім. Бала көңілім қайдан білсін кейінгі екі жыл осыншама өзгерістерге толып боларын. Шынымды айтсам, «IQANAT» мен өмір сүріп жүрген екінші әлем секілді. Оның тек өз адамдарына дарытылған ерекше энергиясы бар. Мен бар жаным мен тәнімді «IQANAT-тан» жеңіп шығуға жұмсасамда бірнеше рет «жобадан шықсам ба?!» — деген ой миымды шырмауға ілмекші болған. Алайда, «IQANAT» қатпарлы миымды да жаулап алды. Барлығына қолымды бір сілтеп тастап кеткім келгенде жаныма медеу болып, қайта қамшылайтын. Әлемнің түкпір-түкпірінде менен де асқан дарын иелерінің баршылық екендігін көрсетіп, шоқты көзімнен отты көз жасайтын.

 

Биылғы жылдың жаз айында жазғы оқу жобасы бойынша Бурабайдағы «IQANAT» мектебіне аяқ басқан сәтте іштегі көбелектерім оянып, кеудемдегі кішкентай сәбидің жүзіне қайта күлкі оралған болатын. «Міне, мен іздеген эйфория осы» дедім, ішімнен. Көзімнің астындағы көгерулерге қарамастан ұйқыға сақталған түнімді Қазақстан тарихына арнағым келетін. «Еңбекпен келген нан тәтті» — дейтін, қарапайым сөз бар еді ғой. Сол сөздің мағынасын қазір ғана түсініп отырмын. «IQANAT» қорының барлық турынан өтіп, Қапшағайда қалған естеліктерді құшып, сахнада қор қамқоршыларына сұрақ қою мәртебесін ұсынғанда пештен шыққан ыстық нанды тіліңнің әр бөлігі сезінгендей бақытқа бөленесің. Ал шаң басқан ауыл топырағының қызына ҰБТ-ге тегін дайындық курсын ұсынғанда, қор «IQANAT» сөзіндегі қанатты қанталатып жұлып алып «Қалағаныңша биікке ұш!» — деп арқама жалғап бергендей болды. «IQANAT» мені тұлға ретінде дамытуға арналған оқиғалар сыйлады. Қолымнан не келерін білмей шашымның талдарына ақ дақ түсіріп жүргенде өзімді танытқан, өз көзімді жұлып алып қолыма ұстатып «Сен тілші болатын адамсың!» деген еді.


Жылдан жылға олимпиаданың сапасы жақсарып келеді. Ащы тер сіңген тәтті жеңістің арқасында сөремдегі кітаптар саны мен олардың бетін парақтауға деген қызығушылық артып келеді. Тіпті, кейде «сүрініп қаламын ғой» деп, бір орында қозғалыссыз қалғанда, қор дүниеге әкелген «ментор және менти» жобасын әрекетке әкелемін. Соның арқасында мен қазір көзсіз данышпанмын. Алдын-ала болатын қиындықтарды бөгеп, уақытымды үнемдей білемін. Келесі ұрпаққа олимпиада мүмкіндіктерін сыйлауда қор маған ерікті болып тәжірибе жинауға да болатындығын ұқтырды. Әрбір еріктілік сағаттарда киген «IQANAT» жазуы бастырылған футболкаға сіңген алып тәжірибе иісі ешбір жұмыспен бөліп жарып салыстыруға келмейді.
Басымның ішін ақтарсам кірпік қаққанша өте шыққан екі жылдағы көптеген эмоциялар мен ақпараттардың үйінділеріне қамалып қалады екенмін. Болашақты болжау үшін сол үйінділерге қамап тұрған өткенді білу маңызды деуші еді. Сол себеппен де жоғарыда өткенге шолу жасап шыққан едім. Қазірде Жамбыл облысының «IQGRANTS» позициясында жүрген түлек ретінде, болашақта жастардың мамандығын дұрыс таңдауға арналған көмекші құралға өмір сыйлағым келіп жүрген. Ал, бұл кезекте «IQANAT» менің ақпаратқа бай болуыма, идея туғыза алатындай күш иесі атануыма сіңірген еңбегі зор болды.
«IQANAT» қорына алғысымды білдіруде ешкімнің атын атағым келмейді. Себебі, олардың аты үлкен әріппен жазылғанда бір парақ қағазымның бос жерін қалдырмайтындай жарылыс жасайды. Бір сөзбен мен «Айқанаттың» құрылтайшылары мен оның әрі қарай өмір сүруіне үлес қосып жатқандарды «Ғарышкерлер» дегім келеді. Егер біз Жер ғаламшары, ал, «IQANAT» жердің серігі болған ай болса, онда ғарышкерлер екі жаққа жол тұрғызып, ауыл балаларын «IQANAT» деп аталатын жаңа галактикаға жетелеп қоныстандыруда. Менің қаһарман ғарышкерлерім әрбіріңізге үлкен әріптермен АЛҒЫС білдіремін!
Айы бар мекенге енді қадам баспақшы болып жатқан кішкентай және дәу адамдар өздеріңнің пешенелеріңнің емтиханында қандай сәтті билетті таңдағандарыңды білсеңдер ғой!..

Әсем Дүйсенбек

ПІКІР ЖАЗУ