Ахмет Байтұрсынұлы үйі — мұражай

Алматы қаласында ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, халық ағартушысы – Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі бар. Бұл мұражай орналасқан көше бүгінде қоғам қайраткерінің есімімен аталады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1934-1937 жылдар аралығында осы үйде тұрған. Осы үйден оны «халық жауы» деп жала жауып, қамауға алған. Кейіннен 1998 жылы бұл үй мұражайға айналды. Халқына қалтықсыз адал қызмет еткен тұлғаның еңбегін болашақ ұрпақтар көрсін, білсін деген мақсатпен ашылған мұражай екі қабатты, төрт бөлмеден тұрады. Үлкен екі бөлмеде Байтұрсынұлының отбасының, көзін көрген замандастарының суреттері ілінген. Еңбектерінің түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған. Ахаңның аяулы жары – Бәдрисафа– Александра Иванова туралы мағмұматты да осыннан білуге болады. Үшінші бөлмеде Ахмет Байтұрсынұлының ату жазасына кесілер алдында түскен фотосуреті ілініп тұр. Абақтыда отырып Міржақып Дулатұлына жазған хаты бар. Өкінішке орай, Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарыққа шыққан кітаптары мен қолжазбалары қамауға алынған жылдары жойылған. Сондықтан мұражайда ақынның өміріне қатысты жәдігерлер аз сақталған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қатысты ақпараттарды қамтитын кішігірім кітапхана бар.
2005 жылы Иманғали Тасмағамбетов Ахаңның рухына тағзым етіп, мемлекеттің қаражатынан тыс қаржыға мұражайды қайта жөндеуден өткізді. Ақынның жиен немересі Шолпан Ахметқызы осы мұражайды мемлекеттің қарамағына өткізуді армандайды. Бүгінде мұражайды Райхан Имаханбетова басқарып отыр.
Сәкен Сейфуллин:»…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті»,- десе, Мұхтар Әуезов:»Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны — «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық –күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты,- деп ұлт ұстазының халқы үшін жасаған қызметінің өлшеусіз екенін айтады.
Қара басының қамын күйттемей, халқын оқу-білімге, адамгершілікке, еңбекқор болуға шақырған ақынның аты өшпек емес. Артынан қалған мұралары да сан ғасырларды артқа тастап ұрпақтар жадынан ұмытылмасы анық.

 

Оқуға шақыру

Балалар!
Оқуға бар!
Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.

Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.

Ахмет Байтұрсынұлы

Г.Еркінбек

ПІКІР ЖАЗУ