Ағамды іздейміз деп адастық
Әкем Біләл, шешем Қырмызы мені кішкентайымнан аялап өсірді. Ерке болып өстім, алдымнан ешкім қақпады. Шамамен 1943 жыл. Менің ол кезде 6 жастағы кезім. Ағамыз Ілияс бір қолынан жараланып, соғыстан қайтып келді. Келген соң еңбекке бірден араласып кетті.
Бірде «Малай» деген ауылдың жанында шөп шауып жатқан Ілияс ағамды сағынып кетіп, менен екі жас үлкен Шәріпханмен сол жаққа қарай аттанып кеттік. Шәріпхан жолды білем деген соң, алаңсыз соған ілесіп кеттім. Екеуміз де бір-бір шыбықты ат қылып алып, шапқылап ұзақ жүгірдік. Әбден шаршап, шөлдедік. Бір уақытта соғыс кезінде жер ауып келген немістің бе, поляктің бе әйелдері алдымыздан шықты. Барлығы да өгіздермен шөп тасып кетіп барады. Олар бізге, біз оларға қарап өтіп кеттік. Біз ол уақытқа дейін басқа ұлттың адамдарын көрмеген болатынбыз. Олар өтіп кеткен соң, Шәріпхан екеуміз сол әйелдерден неге су сұрамадық екен деп қатты өкіндік. Әй, балалық-ай десеңші! Шөлдеп, қарнымыз ашып, шаршап-шалдығып жүріп жолдан адастық. Күн батып бара жатқанда шөп шауып жүрген бір кісіге кездесіп, ол адам бізді қостың басына алып барып, су, тамақ берді. Сөйтіп есімізді жидық. Ертеңінде Ілияс бізді ауылға алып қайтты. Ауыл адамдары бізді жоғалтып, түнімен жан-жақтан іздеген екен. Біздің аман-есен екенімізді көріп, барлығы қуанды.
Балалық шақты бүгінде сағынамын, аңсап еске аламын. Жас оқырмандарға осы бақытты кездің қадірін біліңдер деп айтқым келеді.