Абзал Мейірбекұлы: Педиатр баланы жақсы көруі керек
Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – жас педиатр-дәрігер Абзал Мейірбекұлы Тұрлықожаев
– Абзал Мейірбекұлы, әңгімеміздің әлқиссасын дәрігерлік қызметке келуіңізден бастасақ.
– Ақын Т.Молдағалиев жырлағандай:
«Мен дәрігер боламын,
Үлкеннің де, баланың
Қиналғанда қасына
Бірінші боп барамын, – деп бала кезден «педиатр-дәрігер» болуды армандадым.
Өзім Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылының тумасымын. 2012 жылы жоғарғы дәрігерлік мамандықты алу үшін Алматы қаласында орналасқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетіне оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп, теориялық білімімді тәжірибе барысында шыңдау үшін 2015 жылы Алматы қаласында №3 жедел жәрдем станциясында фельдшерлік қызмет атқардым. ЖОО-ны бітіріп, дәрігер мамандығын алған соң жедел жәрдем станциясында бірнеше ай қызмет атқарып, балалармен жақын қарым-қатынас орнату мақсатында ЖШС МАКИЗА Асмед 2 қалалық емханасына учаскелік балалар дәрігері ретінде жұмысқа орналастым.
– Жалпы бұл мамандықтың ерекшелігі неде? Педиатр қандай болу керек?
Педиатрдың бойында ең бастысы жылулық пен балаға деген махаббат болу қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, жоғарғы сапалы білім мен тәжірибе, саналы тәрбие, біліктілік пен жоғарғы дәрежелі коммуникативті дағдылар болу керек. Дәрігер әр баланы ерекше сүйіп, жақсы көрмесе, оларды өз баласындай жақын тартпаса ауруды емдей алмайды. Педиатр ауырған баланы көрген сәттен бастап, оның жан қиналысын жеңілдетіп, махаббат сыйлауға, ауруын азайтып, жақсылық тілеуге тиіс деп санаймын. Педиатрлар әр бөбекпен жақсы қарым-қатынас орнатып, ата-ананың сенімінен шығып, оларға қуаныш сыйлай білуі керек. Балалар өзіндік тәсілді (подход) талап етеді.
Педиатрия мамандығының ерекшелігі – кішкентай балалармен жұмыс жасауында. Тілі шықпаған, әлсіз шақалақтың ауруын тауып, емдеп, аяғынан тұрғызу, ол басқа профильді дәрігерлердің қызметіне қарағанда өзгеше. Сонымен қатар тілі енді шығып келе жатқан баланың былдырлаған тәтті үні мен жаңа туған шақалақтың ғажап иісі шаршағаныңды басып, көңіліңді көтереді.
– Педиатрлықтың да өз қызығы мен шыжығы бар болар. Жұмыс барысында қандай да бір қиындықтар кездесе ме?
– Қай саланың болмасын, өз қиыншылығы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүреді емес пе?! Жедел жәрдем (ЖЖ) саласында қызмет атқарғанда түрлі оқиғаларға кез болдым. Жағдайлары ауыр науқастар, жол көлік апаттары, жүрек қан тамыр аурулары асқынулары, жүктілік кездегі асқынулар, үй жағдайында босанып қалу т.с.с. ЖЖ-де әр түрлі ауруларды көріп жүріп, жан-жақты, әмбебап дәрігер болдым. Бұл салада экстрималдылық, қорқыныш, үрей, адреналин қатар жүреді.
Ал педиатрияға келетін болсақ, ондағы жағдай мүлдем өзгеше. Педиатрияда балалардың барлығымен жеке қарым-қатынаста болып, әрбір балаға жеке көңіл аударып, сонымен қатар ана-анасына баланың жағдайы туралы толық ақпарат беріп, емдеу және алдын алу, сауықтыру шаралары жайында кеңінен түсіндіресің. Аурудың алдын алу, емдеу әрі сауықтыру шараларын жүргізу кез келген дәрігердің басты міндеті деп білемін. Бұл қызметте жүріп, ата-аналардың уақытылы кезегіне келмеуі, әсіресе 0-5 жасқа дейінгі балалар үшін түрлі сылтаулар (отбасы жағдайына байланысты, жұмыс т.б.) айтып дәрігер көмегіне жүгінбеуі, тағайындалған емнің толық орындалмауы немесе үй жағдайында халық медицинасымен емдеу, кеш қаралу көптеген аурулардың асқынуына апарып соғып жататынына куә болып келемін. Бұл қиындықтарды болдырмау тек ата-ананың қолында. Соны ұғынатын ата-ана кемде-кем. Керісінше, балаларын қаратып алады да, артыңнан жаман сөздер айтып, ғайбаттайтындар да жоқ емес. Жұмыс барысында ата-аналардың жұдырық ала жүгірген кездері де болды. «Қазақ десең, өзіңе тиеді» демекші, бұл әрекеттерімен олар нені дәлелдемекші? Балаларын кеш әкеледі де, уақыт өткеннен кейін бармақ тістеп қалады. Оларға барынша қол ұшын созсақ та, бізді кінәлі қып шығаруға дайын тұрады. Жалпы менталитет қой, бұған біз не істей аламыз?!
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда шетелдік ғылыми жұмыстарды оқып, соларды зерттеумен айналысамын. Осыған дейін сегіз ғылыми жұмысым жарық көрді, олар төрт шетелдік журналда жарияланған.
– Бүгінгі таңдағы балалардың денсулығы жайында не айта аласыз?
– Қазірде балалардың жағдайы бұрынғы жылдармен салыстырғанда көңіл көншітеді. Бұл балалар өлімін азайту шараларының нәтижесінде жақсарып отыр. Әрбір балаға ерекше күтім, емдік сауықтыру және алдын алу шаралары арнайы хаттамамен, бұйрықпен бекітілген, сол бойынша дәрігерлік және медбикелік алгоритмдер жүргізіледі. Емханананың негізгі жұмысы – алдын алу шаралары болып табылады. Осы ретте айта кететін жәйт, баланың денсаулығы ең бірінші, ата-анаға, содан кейін ғана медицина қызметкеріне байланысты болып табылады.
– Қазіргі таңда балалар арасында өршіп тұрған қандай аурулар бар?
– Бүгінгі күні балалар арасында кең таралған аурулар: тыныс жолдарының аурулары (жедел және созылмалы бронхиттер, бронхиалды демікпе), қан жүйесінің аурулары (анемиялар), асқазан ішек жолдары, орталық жүйке жүйесінің және де аллергиялар, созылмалы бүйрек, жүрек, буын аурулары болып табылады. Осындай және де басқа ауру топтарымен диспансерлік есепте тұратын балалар әрқашанда учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Аурудың асқыну немесе басылуына (ремиссия) байланысты қажетті тексеруден өтеді, емдік сауықтыру шаралары өткізіледі. Қажет болған жағдайда стационарлық, санаторлық-курорттық емдік шаралар тағайындалады.
– Баланың иммунитеті мықты болу үшін не істеу қажет? Осы орайда балалар дәрігері ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Баланың иммунитеті мықты болуы үшін, ең алдымен ата-анасының денсаулығы мықты болу керек. Сонымен қатар туылған уақыттан бастап табиғи ана сүтімен кем дегенде 1,5-2 жасқа дейін үзбей емізгені абзал. Себебі шақалақ туылғанда қорғансыз, әлсіз болады. Соған орай анасының алғашқы сүті уыздың маңызы ерекше. Егер ана нәрестесін ұзақ емізетін болса өзіндегі көптеген аурулардың алдын алатындығы дәлелденген. Сондай-ақ бала өсе келе уақытылы қосымша тамақтануды бастаған жөн, соның ішінде пайдалы минералдар мен витаминдерге бай тағамдарды қолданған дұрыс.
Қазіргі таңда өзекті проблемалардың бірі – қалалық балалардағы қимыл-қозғалыстың аздығы. Смартфон мен компьтерді көп пайдаланатын балаларда орталық жүйке жүйесі мен көру анализаторына айтарлықтай зиян келуде. Денесі шынықпайды, таза ауада ұзақ серуендемейді. Тамақтанудың бұрмалануы да бар, қазіргі кең таралған фас-фуд өнімдері мен газдалған сусындар бала денсаулығына кері әсер етуде. Әлеуметтік-отбасылық жағдайының да дұрыс болмауы және балаға деген ата-ананың жеткіліксіз махаббаты оларда психосоматикалық аурулардың тууына себеп болады.
Баланың иммунитеті жақсы болу үшін, біріншіден, дене шынықтырумен айналасу керек. Екіншіден, ұтымды әрі тиімді тамақтану қажет, үшіншіден, таза ауада ұзақ серуендеген жөн және ең маңыздысы ата-ананың балаға деген махаббаты берік болғаны дұрыс.
– Қазіргі аналар балаларының денсаулығына дұрыс көңіл бөле ме?
– Қандай ата-ана болмасын өз баласы үшін алаңдайды, денсаулығы үшін зар қағады. Бірақ тіршілік ерекшеліктеріне байланысты (күнделікті күйбің тіршілік, жұмысбастылық, жалғысбасты аналар, әлеуметтік жағдайдың төмендігі) кейде аурудың алдын ала алмай, асқындыратын жағдайларға әкеп соғады. Тіптен, ата-ананың балаға дұрыс көңіл бөлмеуінен балалардың бойында псхологиялық ауытқулар туындауы мүмкін. Сол себепті жас ата-аналар жоғарыда айтқан кеңестеріме жіті құлақ түрсе екен деймін.
– Болашақта педиатр болуды армандайтын жастарға қандай ақыл айтасыз?
– «Мен педитар боламын!» деген жастарға әрқашанда құшағымыз ашық. Қазір көптеген жастар жас балаларды қарап, емдемек түгілі ұстауға қорқады. Дегенмен де педиатрия саласы өте ауыр әрі нәзіктікті талап етеді. Сол себепті көптеген жастар бұл жұмыстан қашқақтайды. Жақсы маман иесі болу үшін, алдымен, өз мамандығыңды жақсы көре білу қажет. Балаларды емдеу кезінде өз балаңды емдегендей сезімде болған абзал. Ата-анамен сөйлескенде де өз туысыңмен сөйлескендей қарым-қатынас орнату керек. Және ең бастысы ол – білім! Ұлы Абай:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – демекші, болашақтағы жас педиатрларға тек талаптанып оқып, сауатты, сапалы маман иесі болыңыздар деген ағалық ақылымды айтар едім.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан —
Ақнар Қазезова