Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романындағы Бопай бейнесі: тарихи шындық пен көркемдік шешім

 Ұлт руханиятының алып бәйтерегіне айналған Ә.Кекілбайұлының «Елең-алаң» романы – қазақ тарихын тереңінен толғайтын, кең құлашты, ел еркіндігін басты мұрат еткен көркем туынды. Тарихи деректер ізімен жазылған романда тарихи тұлғалардың бейнесі, қоғам болмысы кеңінен көрініс тапқан. Романда халқымыздың тағдырына ықпал етіп, Әбілқайыр ханмен бірге дараланып бейнеленген кейіпкердің бірі –  Бопай Сүйіндікқызы.

Бопай ханымның көркем бейнесі Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында, Т.Ахтановтың «Ант» драмалық шығармасында, С.Айтманның «Хан кегі» дастаны мен осы дастанға негізделіп сахналанған «Хан кегі» драмасында, М.Айымбетовтің «Бопай ханым» романы, Р.Мұқанованың «Бопай ханым» драмасы, М.Ершудің «Бопай ханым» поэмаларында суреттеледі. Бопай ханым турасында қазақ әдебиетінде тұңғыш рет  шығармасына арқау еткен жазушы Ә.Кекілбайұлы тарихи деректерді негізге ала отырып, ұлт анасының бейнесін көркемдікпен жеткізе білді.

Тарихта Бопай ханым есімімен қалған Бопай (Бәтима) Сүйіндікқызының ата-тегі туралы екі түрді деректер бар. Бірінде адай Табынай батырдың қызы десе, екіншісінде Еділ қалмақтарына қарсы жорықтарды қолбасшылығымен танылған адай батыры Сүйіндіктің қызы екені жазылады [1, 70]. Жазушы Ә. Кекілбайұлы «Елең-алаң» романында Бопайды адай батыры Қосай Сүйіндіктің қызы ретінде жазады. Сонымен қатар Бопайдың ел-жұртын суреттегенде «Жаман адай» деген тіркесті де қолданады. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың Жайық өзенінің арғы бетіне, Нарын құмына көшуіне байланысты Бопайдың туысқандары соңынан ергені үшін елдегі ағайындар «Жаман адай» деп ренжігенін тілге тиек еткен. Сүйіндік ата ұрпақтарының мұндай аталуына байланысты ел арасында тараған аңыздардың бірнеше нұсқасы бар [2, 32].

Ел арасындағы әпсаналарда Бопайдың жай адам емес, бойында көріпкелдік қасиеті бар әрі сынықшы екені туралы айтылады. Романда бұл аңыздарды қаламгер шеберлікпен қолданған. Шығармада бұл турасында жазушы былай суреттейді: «Бопайдың бала кезде құрыспасы бар-тын. Бірде алты жасында ма, жеті жасында ма түйенің бақалшағын бөпе қып, шүберекке орап, қуыршақ ойнап отырып, оң жақ аяғының сіңірі тартылып, бебеулетіп алып бара жатқасын, үйге сыймай, сыртқа атып шығып, белдеудегі әкесінің атына қарғып мініп, құла дүзге шаба жөнеліпті…Сөйтсе, ұлы шағылдың арасында   жер бауырлап, құм топырақты қарш-қарш асап, жылап жатқан ағасы Бөгілінің үстінен шығыпты… Содан Бопайдың «аруағы бар, арқасы құрып қалады» деген атағы шығыпты»[2, 122–123], – дейді.

Ә.Кекілбайұлы романында Бопайдың әдеби портретін қазақ экспедиция барысымен келген еуропалық суретші Джон Кэстльдің ойын келтіре отырып бейнелеген. 1736 жылы Кіші жүз қазақтарының ханы Әбілқайыр ханның ордасында болып, ресейліктердің атынан онымен келіссөздер жүргізуге келген Д.Кэстльдің естелік кітабындағы деректерді қолдана отырып, жазушы көркемдікпен үйлестірген. Ералының суретін Бопайға ұсынған тұсын шығармада былай суреттейді: «Бейтаныс мейманға Бопай ханым қатты ұнады. Оның мынау желқақты күнқақты қыр адамдарының арасында сирек ұшырасатын дөңгелек жүзі, балғын қалпын жоғалтпаған шырайлы өңі, тостағандай-тостағандай тұнық көздері, пістеленіп кетпеген қыр мұрны, кесектік пен нәзіктікті бірдей қабыстырған ерекше кескіні суретші елшінің қырағы жанарын бірдей баурап алады. Әсіресе, өзі сыйлаған Ералы ханзаданың суретіне қарап отырғанда, көзінен ытқып-ытқып кеткен бадана тамшыларды ұмыта алмайды» [3, 159]. Д.Кэстльдің 1736 жылы 14 маусым мен 13 тамыз арасында үш ай бойы жалғасқан сапарының алғашқы 20 күні қазақтар арасында өтті. Ол осы сапары барысында көрген-білгендерін естелік ретінде жазған. Салған суреттерін кейін Ресей патшалығына репортрет ретінде ұсынды. Суретшінің жазғандары 1784 жылы Рига қаласында естеліктерін неміс тілінде «Ұлы Император Петр қайтыс болғаннан бері Ресей тарихына қатысты материалдар» деген атпен кітап болып жарияланған [4].

Бопай ханым туралы деректер 1731-1750 жылдар аралығындағы қазақ хандығына қатысты Ресей империясының саяси құжаттарында кездеседі. Әбілқайыр ханның саяси билігін талдаған зерттеу еңбектердің қайқайсысында да Бопай ханымның есімі Әбілқайыр ханмен қатар айтылады. Орыс патшайымынан бастап, оның елшілері мен әкімшілік қызметкерлеріне дейін Бопай ханымның пікірімен, көзқарасымен санасып, кейбір жағдайда қазақ ханымының өтінішін жерге тастамай қолдау көрсетіп отыруы Бопайдың тек Әбілқайырдың ақылшы, дана жары ғана емес, қазақ халқының мүддесі үшін күрескен саясаткер ретінде де теңдессіз бағалы тұлға екендігін танытады.

Қиын-қыстау заманда тез шешімге келіп, жол тауып кететін, халықтың іргелі ел болуын көксейтін Әбілқайырдың ақылшысы болған Бопай бейнесі қаламгердің эпикалық туындысында тарихи шындық пен көркемдік шешім тұтастығымен өріледі. Тарихи роман − тарихи фактілердің хроникалық тізбесі емес. Ол тарихи деректер негізіне сүйене отырып, көркем образ, эстетикалық таным дәрежесіне көтеріледі. Бопай бейнесі арқылы жазушы ұлт әдебиетіндегі ұлы ананың, ақылшы, дана әйелдің, батыр ананың бейнесін көрсете білді.

Пайдаланылған әдебиеттер

 Әбілқайыр хан және Бопай ханым/Құраст.: Ислам қажы Мерзабекұлы./Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС, 2019.– 342 бет.

  1. Ғабдолла Қ. Ары таза, өмірі өнеге.– Атырау: «Ақ Жайық» баспасы, 2016. – 140 бет.
  2. Кекілбаев Ә. «Елең-алаң» романы. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 1984. – 432 бет.
  3. https://bilim-all.kz/article/2606

Ұлдақан Аяулым

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды

балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ