Абайды оқы, ерінбе”
Құрметті «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандары!
Қадірлі жас достар!
Сіздерді Ұлы Абайдың 170 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі жаһандану заманында келешегі кемел ұрпақ үшін тағлым аларлық рухани ұстаз, күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар, басты бұлақ керек. Осының барлығын қазақтың бас ақыны ұлы Абайдан табамыз.
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» -деп, жас ұрпақты сөз асылын тануға шақырса, Міржақып Дулатов: «Абай құрметі күннен күнге артылар. Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» – деген еді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы Абай туралы пікірлерді: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» — деп көрегенділікпен бекітті.
Абай шығармаларын терең оқу арқылы мүлде жаңа әлемге енесіздер. Болашаққа бағыт-бағдар аласыздар. Абай – халықтың ұлы ұстазы, тәрбиешісі. Әр сөзі ақыл мен нақылға, мақал мен мәтелге айналған өлмес мұра. Жастарға мәңгілік өнеге.
Мәселен: «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» — жастардың мамандық таңдауына адастырмас ұлағат.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» — әркімге сенім беретін құдіретті күш.
«Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» немесе «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» — деген жолдар ел бірлігіне, адамзат татулығына шақырған ұран, қағида, ұстаным.
Абай – батыс, шығыс классиктерін зерделей оқып, аударған, халыққа жеткізген қайталанбас тұлға. Ұлы ақынның аудармасы арқылы Гете, Лермонтов, Пушкин, Крылов шығармалары әр қазақтың жүрегіне жол тапты. Фердауси, Низами, Хафиз, Сағди, Науаи жырлары – ақын сусындаған кәусар бұлақ.
Абай шығармалары жастарымыздың тәрбиесіне, олардың еңбекшіл, талапшыл, білімді, отансүйгіш болып өсуіне айрықша көмектеседі. Жан дүниесін байытады. Сондықтан да, республикамыздың мұғалімдері, мектеп оқушылары Абай, Шәкәрім шығармаларын оқып-үйренуге ізденіспен қарайды. Оның жарқын көрінісі – жылма-жыл ұлылар мекенінде өтетін республикалық Абай оқулары. Абай оқулары – жас таланттардың дарынын дамытатын, талабын ұштайтын мектеп.
Қымбатты жас өрен!
Сіздерді Қазақ поэзиясының алтын бесігі, ұлылар мекені – Абай еліне, осы өңірмен танысу арқылы ұлы Абайдың рухы, Шәкәрімнің әлемі және М.Әуезовтің шығармаларымен сырласып, біліп, жүрек тебірентуге шақырамыз. Абайды оқып, ой-өрістеріңіз кеңейіп, рухани нәр алыңыздар.
Сіздерді Ұлы Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, ғұлама Мұхтардың рухы қолдасын!
Ізгі ниетпен,
Абай ауданының
әкімі
Т.Мүсәпірбеков