Виртуалды әлемдегі бала қауіпсіздігі

Қазіргі таңда жасөспірімдер YouTube, TikTok, Instagram секілді түрлі әлеуметтік желілерін жиі қолданады. Виртуалды кеңістік қызықты әлем болғанымен, бала үшін көптеген қауіп-қатерге толы.

Әлеуметтік желіде балаңыздың қандай онлайн платформаларды, парақшаларды көретінін қадағалап, мұқият тексерген жөн. Өйткені, ересектерге арналған жарнамалар, тыйым салынған ақпарат психологияға кері әсерін тигізіп, балаңызға зиян болуы мүмкін.

Балаларға арналған неше түрлі қызықты мультимедиялық онлайн-ойындар мен ондағы ақпараттардың балаңыздың жас шамасына сай келетінін міндетті түрде тексергеніңіз жөн. Сонымен қатар, виртуалды желіде ата-ана бақылауын бағдарламалық қамтамасыз етуге болатынын білгеніңіз абзал.

Интернеттегі алаяқтық әрекеттеріне алданбас үшін балаңызға сақтық шараларын түсіндіріңіз. Балаңызға желіде өзі туралы жеке ақпаратты жарияламауға үйретіңіз.

Ата-анасы аз көңіл бөлетін бала виртуалды ойынға оңай тәуелді болады екен.

Жуырда  «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы ойынға тәуелділік» тақырыбындағы конференференция барысында Орталық Азия Отбасы институтының басшысы Эльмира Әлиева елімізде балалар, жасөспірімдер, жастар арасында виртуалды ойынға тәуелділік мәселесі ушығып бара жатқанын айтты. 

Елімізде балалар, жасөспірімдер және жастар арасында виртуалды ойынға тәуелділіктің артуы — өзекті мәселе. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, математикалық модельдеу арқылы елімізде виртуалды ойынға тәуелділікке ұшыраған 36 мыңнан астам адам бар деген болжам жасалған. Алайда бұл сан Туризм министрлігі ұсынған мәліметтегі көрсеткішпен сай келмейді. Онда, болжам бойынша, 450 мың адам деп көрсетілген. Бұндай алшақтықтар осындай санаттағы, яғни арнайы есепке қойылған адамдар туралы ресми деректі ала алмауымызға байланысты туындайды. Бір нақты дерек бар: 2024 жылғы шілде айына дейін ресми түрде медициналық мекемелерде аталған диагнозбен 19 адам оңалтудан өткен. 

Маманның айтуынша, балалардың ойынға тәуелділігі көп жағдайда ата-ананың жеткілікті дәрежеде назар бөлмеуінен туындайды.  Кейде ата-аналар балалармен шынайы қарым-қатынас жасауға аз уақыт бөледі, жұмысқа, мансапқа және материалдық мәселелерді шешуге тым көп уақыт жұмсайды. Олардың қамқорлығы әрине қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге деген ұмтылыстан көрінеді, бірақ сонымен бірге баланың эмоционалды өміріне мейірім, қолдау және араласу болмауы мүмкін. Балаға болашақ үшін ресурстар беріп қана қоймай, оған эмпатияны, мейірімділік пен адамгершілікті дамытуға көмектесу маңызды. Ал бұл бала өміріне көңіл бөлу және баланы мейірімге бөлеу арқылы қалыптасады. Балалар ата-аналарынан эмоционалды жақындықты, мейірімді сезінбесе, олар томаға тұйық күйге түсіп, сол жақындық пен мейірімді басқа жақтан іздеуі мүмкін. Бүгінгі таңда гаджеті, интернетке кіруге мүмкіндік беретін құрылғысы бар әрбір бала оны қызықтыратын сан түрлі картинаға қол жеткізе алады. Экранның арғы жағында баланы қызықтыратын және сол қызығушылықты ұстап қалуға тырысатын үлкен күш түр. 

Бала қауіпсіздігі — ата ана жауапкершілігі екенін білгеніңіз абзал!

 

Гауһар ТҰРЛЫБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ