ЕГІЛГЕН ДӘН

«Ділмар» атауын бала жасымыздан естіп өстік. Сөзшең, шешен, білгіш, тапқыр… деген мазмұнды білдіретін тиянақты көркем сөз еді. Кейде, әлін білмей, асып, тасып кететін атқарған ісі жоқ, айтатын сөзі өктем, көбік ауыз біреуге қарата «ділмарсымай отырсаңшы» деп қағып тастайтын кезде болады. Әне сол ділмар атауы міне енді,  өз мағынасын тауып, қоғамда айналымға түскеніне куә болдық.

Бір ғасыр бұрынғы қазақ өмірінде тіліміз таза, өміріміз тұнық болғандықтан, екінің бірі ділмар болмаса да, елдің көбі сөз төркінін түсініп, сөзге тоқтайтын. Ойланып барып сөйлейтін, толғанып барып жауап беретін еді. Бәрі өлшеулі, бәрі қисынды болатын. Біздер қайнаған дала қазағының ішінде өсіп сөз сөліне сүйінетін дәуірдің соңын болса да, көріп қалдық. Қазіргі дәуір мүлде бөлек, түртіп айтпасаң түсінбейтін, нұқып айтпасаң нырай қалатын, шұқып айтпасаң «шұрқ» етпейтін кезге душар болдық. Басқаны былай қойғанда бір ғасыр бұрын өткен Абай сөзіне аудармашы қажет бола бастады.

Өткен замандарға ой тоқтатып қарасақ, бізді биліктің бишігі емес, жүйелі сөз жөнге салып, шешен тіл серпілтіп отырған екен. Сондықтанда «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп, сөз қадірін бағалап, сөз киесін сағалап өткен екенбіз. Асауды құрық, тасқынды бөгеу тоқтатқандай, қазақты сөз билепті. Отбасы – әкесіне, ауыл – ақсақалына, ел – көсеміне, топ – шешеніне жүгінген екен. Алыстан орағытып орып сөйлейтін, даудан арашалап қорып сөйлейтін, қырсықты сойып сөйлейтін, бітеуді ойып сөйлейтін даналар жүгенсізді тұқыртып, асауды ноқталап ұстап келіпті. Сондықтанда «дімарлық» деген – «даналық» болып бағаланып, мылжыңдық деген – шалалық болып саналды.

Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтардан қожырап, салт-дәстүрлерден жерініп бара жатқанда ауруға ем, дертке шипа іздемей болмайды. Ел ертеңін ойлаған әрбір жанкүйер азамат, өз қолынан келетін бір ізгілікке ие болып, өз дауысын шығарып, өз әлеуетін көрсетпесе болмайтын шаққа жеттік. Әне, сол қажеттілікті дәл мезгілінде меңгеріп, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтер,   қайрат көрсетер ұлдар суырылып шығып сапқа тұрды, тоқырап тұрмай топ бастады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген шақ туды. Сондықтанда тілдің мұңы – ұлттың мұңы. Тіл кетсе, діл кетеді. Тіл кетсе, сенім мен дін кетеді. Адам болып өмір сүруге болар, бірақ қазақ болып қалу жоқ. Сол тілдің ішінде шешендік, ділмарлық бізге ғана тән, қазаққа ғана тиеселі түпкі тектік қасиетіміз. Оны жоғалту басты бір белгімізден айырылғанмен бірдей. Шешен сөйлеу – көркемдік, тауып сөйлеу – тапқырлық болмақ.

Баяғыдан бергі дала билерінің қай-қайсысы да, ауызына құс тістеген айтқыштар еді. Жерінде түрмесі жоқ, қаласында абақтысы болмаған бабаларымыз сөздің киесімен – елдің иесі болған. Осыны жақсы білген Жарқын Сәленұлы оқыған білімі мен жинаған тажрибесін бірлестіре  отырып «Ділмар клубын» құрып еді. Алғашқы күндерінен бастап қасында жүрдік, кеңесіп келдік. Уақыт деген атқан оқтай, шапқан аттай өтіп барады. Содан бері бес жыл өте шығыпты. Бір белеске шыққан екен, есеп берер кез, еккен дәннің жемісін жияр шақ туыпты. Сөз теңізіне кеме салыпты, өмір айдынына құлаш ұрыпты. Нәтижесі көрініп келеді. Кешегі сарауыз балапандардың алды Университеттерін бітіріп қоғамға қадам басты. «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, тірнектер түлек болды, құлындар тұлпар болды.

Қазақ деген құнарлы топыраққа, «ділмар» деген асыл тұқым егілді. Ар деген арнамен суғарылса, егіс алқабы масатыдай құлпырып, жайқала өседі. Қырмандар қызыл дәнге сықап, қамбамыз толады, құнымыз артады. «Ділмар» мақсаты – ұрпаққа ашылған, ұлттық құндылық жолы. Ол жаһандану кезінде жұтылып кетпеу үшін өзін сақтап қалудың сара жолы. Жарқын Сәленұлының тәуелсіз отанына тарту етіп ұсынған бір сыйлығы осы болса керек. Ендігі жерде Алматыны айналсоқтамай күллі елге қанат жаюға тиіс үздік жоба. Қазақтануға қосылған айтулы үлес, ертеңімізге жағылған шырақ!… «Ділмар шешендік клубының» бес жылдығы құтты болсын!!!

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі.

ПІКІР ЖАЗУ