С.Сейфуллин балалар әдебиетінің негізін салушыларының бірі

Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушылары қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай шығармашылық саяхат жасады. Саяхаттың негізгі бағыты – Сәкен Сейфуллин өлеңдеріне арқау болған Көкшетау мен Бурабай аймағы. Саяхат барысында оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына терең бойлап, табиғатпен сырласқан, атақты жерлердің тарихи маңызын түсінді. Бұл шара балалардың әдебиетке, туған жер тарихына деген қызығушылығын оятып, шығармашылық әлеуетін дамытуға зор ықпал етті.
№80 мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен оқушылары төртбұрышты құрақтан биіктігі 6 метр және ені 4,5 метр болатын қазақтың ұлы ақыны әрі жазушысы бейнеленген портретті жасады. Қолдан жасалған көлемді қолөнер жұмысында Сәкен Сейфуллин бейнеленген. Жұмысты жасау үшін бір жарым ай уақыт жұмсалған. Шеберлер 2700 төртбұрышты құрақшаны қолданған. Бұл әсерлі жұмыс көпшіліктің ықыласына бөленіп, мектептің құнды бұрышына айналды. Мұғалімдер мен оқушылар бұл қолөнер жұмысын Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына арнады.
Сәкен Сейфуллин шығармалары балалар әдебиетіне жаңа тақырып, жаңа мазмұн әкелді. Ол балалар әдебиетін жаңа идеялармен толықтырды. Оның шығармалары жас өспірімдерге, пионерлерге Отанға деген сүйіспеншілікті және оны көздің қарашығындай қорғай білуді, халқына адал қызмет етуді үйретті. Сонымен қатар, еңбек ету — адам баласы болашағының бақыты екені түсіндіруге күш салды.
Сәкен Сейфуллин қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін қалаушы, балалардың сүйікті жазушысы. Онық «Маузер» (1929), «Бандыны куған Хамит» (1922), «Бұлшық ет» (1923), «Балалар (1925), «Келіншектің бесік жыры» (1926), «Пионерлер» (1929), «Октябрь күні» (1929), «Біз комсомол» (1935), «Ананың хаты» (1925), «Анаға жауап» (1926) деген социалнстік реализм әдісі-мен жазылған өлең-әңгімелері өз дәуірінің қолтаңбасы, кеңес өкіметінің алғашқы орнаған жылдарынан бастап-ақ өзінің жаңашылдығымен балалардың сүйіп окитын шығармаларына айналды. Сәкеннің бұл шығармалары — балалар әдебиетінің сол замандағы социалистік реализм жолымен қайта дамыған жаңа дәуірінің бет ашары болды.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ