ЖАНЫМА ЖАҚЫН ЖАЗУШЫ

«Атымды адам қойған соң,
Қайтып надан болайын?» — деген Абай атамыздың ұлы сөзі адамзат баласының ұраны болуы тиіс сияқты. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап, оның тұлға болып қалыптасуына ата-анасы мен бауырлары, өскен ортасы әсер етері анық. Оған мысал: балалар әдебиетінің өкілі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты толық дәлел бола алады. Бүгінге дейін өз оқырмандарын онан сайын арттырып отырған бұл шығармадағы басты кейіпкер Қожаның есімінің өзі, кейіпкер өміріне өз әсерін тигізбей қоймайды. Түлкідей қу тілді Жантас сыныптасының «қара көже» деп мазақ етуі де кейіпкердің оған деген өшпенділігін еселей түседі. Автор сұрапыл соғыстың сол кездегі балалар өміріне қалай әсер еткенін астарлы оймен жеткізгісі келеді. Ол «қара көже» емес, «Дара Қожа» болып өскісі келеді.
Шығармада соғыстан кейінгі балалар өмірі суреттеледі. Соғыста қайтыс болған Қожаның әкесі Қадыр туралы естеліктер де баланың түзелуіне оң әсерін тигізеді. Бала мен әке арасындағы сағынышты автор нәзік бейнелейді. Досы, Сұлтан мен қу Жантас, адал да шынайы Жанар бейнелері арқылы шығарманың өміршеңдігі ашыла түседі. Қазіргі уақытта жоғарыдағы кейіпкерлер сияқты оқушылар да кездесіп жатқандықтан, балалар да әңгімені қызыға оқып, жарыса талдап жатады. Бұл еңбек өткен өмірге емес, бүгінгі күнге де айна секілді шығарма. Біздің сыныпта да: Қожа, Жантас, Жанар сияқты оқушылар бар. Олардың еркелігі мен жасаған теріс қылықтарын ақтап, ата-аналары мен әжелері сөзін сөйлейтін кездері болады. Меніңше, бұл дұрыс емес сияқты. Себебі, үлкендердің осындай теріс тәрбиесінен кейін менмендік пен тәкәппарлық болашақта баланы орға шығады.
Қожаның жасаған бұзықтықтарына мектеп директорынан бастап, сынып жетекшісі Майқанова апай мен сыныптастары Жанар, Жантастар шектеу қойғысы келеді. Қожа үнемі уәде бергенімен, оны орындамай бір нәрсеге ұрынып жүреді. Дегенмен, әңгіме соңында бас кейіпкер Қожа, барлық жауапкершілікті өз қолына алады. Балалық шағын артқа тастап, жаңа өмір бастауды ұйғарады. Автор шығармадағы осы оқиғалары арқылы оқырманға ой салады. Әрбір Қожа сияқты бала өз-өздерін түзеуге кеш болмайтынын ұқтырғысы келеді. Барлық баланың балалық шағы ешнәрсеге мұқтаж болмай, өскен ортасы жақсы болса, болашақта тұлға болып қалыптасатынын осы шығарма авторы Бердібек Соқбақбаевтың өмірінен көруге болады.
Кейіпкері Қожа арқылы өзінің балалық өмірінен сыр шертеді. Білімді, сыпайы да сұлу сыныптасы Жанарға деген балалық сезімінің шынайы көрінісі де автордың болашақта атақты жазушы болуына өз ықпалын тигізеді. Мен жақында ғана «Менің атым Қожа» көркем фильіміндегі Жанардың рөлін сомдаған, ҚР Еңбек сіңірген артисі Күләш Қажығалиева апамыздың өмірден озғанын естідім. Қаралы хабарды естіп қабырғамыз қайысты. Жанар бейнесі арқылы танылған Күләш Қажығалиева апамыз жүрегімізде мәңгі сақталады. Қаншама жасөспірім қыздар кино кейіпкері Жанарға еліктеп өссе, Қожа бейнесі арқылы қанша бала еркелігі мен тентектігін тиып, жаңа өмірге қадам басты.
«Менің атым Қожа» повесінің оқырмандарының көп болуына, режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген көркем фильмнің де әсері зор болды деп ойлаймын. Осы фильмді тамашалаған әрбір бала өзінің болашағы жайлы армандамауы мүмкін емес. Себебі, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене отырып өз-өзіне есеп береді. Қате басқан қадамдары мен жасаған қателіктерінен нәтиже шығарады. Сондықтан да мен, «Менің атым Қожа» хикаясын оқымаған өзге сыныптастарым мен достарыма әлі де болса оқып, көркем фильімін көруге кеңес беремін. Еліміздің өркендеуі мен болашағының жарқын болуына өз үлесін қосамын деген әрбір бала адам болудың алқашқы қадамы, балалық шақтан басталатынын білсе екен деймін!…

Сабыр Нұрсезім Хамитқызы,
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,
Қосүйеңкі ауылы №161 орта мектебінің
6-сынып оқушысы
Жетекшісі: Үсенов Ержан Нұрқасымұлы

ПІКІР ЖАЗУ