Құтқарушы болу – дұрыс шешім

Елімізде жыл сайын 19 қазанда құтқарушылар күні атап өтіледі.
Ең қауіпті және жауапты мамандық – құтқарушы мамандығы. Құтқарушыларға тек физикалық жағынан ғана емес, жан дүниесімен де мықты адамдар келеді. Олар өздерін басқалар үшін құрбан ете алатын адамдар. Қазіргі уақытта құтқарушыларсыз өмір сүру қиын болады, өйткені олар ең алдымен әртүрлі қауіптерден «соққы» алады. Құтқарушылар күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында жаңадан пайдалануға берілген №23 өрт сөндіру бөліміне барып, жұмысымен танысты. Адамдар өмірін құтқару — жоғары және жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыз қандай мадаққа да лайықты.

Құтқарушылар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде өз өмірін қауіпке тігіп, тәуекелге бел буып, ерлік көрсетіп жатады. Астана қаласы ТЖД бөлімшелері биыл жыл басынан бері 4 мыңға жуық төтенше жағдай орнына барған.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби әрекеттерінің, жеделдігінің арқасында 200-ден астам адам құтқарылды, түрлі ТЖ аймақтарынан 290-ға жуық адам эвакуацияланып, 60-қа жуық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді.
Бүгінде Астана қаласы ТЖД қарамағында 2000 мыңға жуық маман қызмет атқарады. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және төтенше жағдайларды жоюға 15 жауынгерлік өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Елордалық ТЖД гарнизонында 202 техника қарастырылған. Оның ішінде негізгі бағыттағы және арнайы өрт сөндіру автокөліктері мен қосалқы автокөліктер бар. Астана қаласы ТЖД материалдық техникалық жабдықпен 100 пайыз қамтылған.

«Әр төтенше жағдай өздігімен қиынға соғады. Біреуінде ыстық температура болса, енді біреуінде құлау, жану қаупі бар. Өрттен бөлек біз авариялық құтқару жұмыстарына қатысамыз», — деді Астана қаласы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Назымхан Тұрсын.

Биыл құтқарушыларға жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 50 пәтердің кілті табысталды. Баспаналы болғандардың қатарында өрт сөндірушілер, бөлімше командирлері, диспетчерлер бар.
Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам өрт оқиғасы болады. Айтып келмейтін апаттан біздерді қорғайтын – құтқарушы. Олар тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, әр кез өмірін қатерге де тігеді. Күні бүгінге дейін олар 421 мың адамды апаттан құтқарған. Қиын жағдайда зардап шеккен 72 мың адамға медициналық көмек те көрсеткен. Одан бөлек қазақстандық құтқарушылар Түркия мен Ауғанстандағы зілзала салдарын жоюға атсалысты.
Қызыл жалынмен күрес өртсөндірушілер үшін де оңайға соқпайды. 25 келіден асатын ауыр киім мен арнайы техниканы арқалаған мамандардың алдында тұрғындардың өмірін құтқару міндеті тұр. Ал 29 жылда өрт сөндіру кезінде 73 маман қайтыс болған.
Биыл мамандар өрттен 8 мың адамды құтқарыпты. Аға өртсөндіруші Бекжан Сағаділов 5 жылға жуық уақыттан бері осы салада жұмыс істейді. Төтенше жағдай бола қалса, 60 секунд ішінде жиналып, оқиға орнына жетуге дайын екенін айтады.
Бекжан Сағаділов, аға өртсөндіруші-құтқарушы:
-Бұл – драгер аппараты. Біз бұны түтінге кірген кезде тұрғын үй, жер төлеге кіргенде түтін бар болса, бара жатқан бойда киіп, дайындалып кіреміз. Қатты өрт болған кезде арнайы жасалғанды сыртынан киеміз. Қатты ыстыққа шыдамды. Тағы салмақ қосады. Біздің арнайы киіміміз жанады негізі. Ол жай шыдамды.
Қазір елімізде 38 өрт сөндіру депосы бар. Одан бөлек, 29 жыл ішінде 1 миллион 700 мыңға жуық өрт-құтқару автотехникасы мен 22 мың арнайы жабдық сатып алынған. Бұл — Астана қаласындағы нөмірі екінші мамандырылған өрт сөндіру бөлімі. Мұнда 80-нен астам маман еңбек етеді. Қажетті техника, құтқару құралдарымен қажетті көлемде қамтылған.
Даурет Жақыпұлы, №2 МӨСБ бастығының уақытша міндетін атқарушы:
-Астана қаласы бойынша барлық техникалар жаңартылды. Өрттер бойынша бізде жыл басынан бері 412 өрт тіркелді. 39-ы өрт есебіне жатқызылған, пәтерлерде болған, жеке тұрғын үйлердегі, заңды ғимаратта болған өрттер.
Жауапты министрліктің дерегінше, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үшін жаңа норма қарастырылып жатыр. Мәселен, қызмет бабы бойынша тұрғылықты жерін ауыстыратын болса, мамандарға үстемақы беріледі және жүгін жеткізу шығыны өтеледі. Ең бастысы, баспана мәселесі де мемлекет есебінен шешілмек.
Дәурен Сабыраев, ҚР ТЖМ кадр және тәрбие жұмысы департаментінің басқарма бастығы:
-Азаматтық қорғау ұйымдарының арнаулы атақтары берілген қызметкерлерін тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етуге қатысты нормалар көзделген. Егер де осы норма Мәжілісте қолдау тапса, 2025 жылдан бастап 10 мыңнан астам қызметкерлеріміз, әскери қызметкерлер секілді тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілетін болады.
Құтқарушы – бұл жас немесе орта жастағы, физикалық тұрғыда шыдамды, батыл, өжет, батыр, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қалыптасқан жағдайды лезде бағалай білетін және оған сәйкес әрекет етіп, команда құрамында жұмыс істей алатын, әрқашан өзгелерге көмектесуге дайын адам.
Құтқарушы мамандығы біздің ел үшін әлі жас мамандық болғанымен, қазақстандық қоғамда керемет танымалдыққа көтеріліп, өзінің қажеттілігін дәлелдей алды. Құтқарушы — бұл бірінші кезекте көмекке келетін және өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқаратын адам. Азаматтық қорғау органдарында ерлермен қатар кинолог-әйелдер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, диспетчер-әйелдер, радиотелефонистер, психологтар, дәрігерлер де жұмыс істейді.
Қазір еліміздегі өртсөндірушілер биік ғимараттардағы өртті өшіру кезінде дрондарды пайдалана алады. Сондай-ақ тез құрастырылатын заманауи модульді өрт сөндіру деполарының барлық өңірге қажеттілігі ескеріліп, жоба аясы кеңейтілді.

ПІКІР ЖАЗУ