Адам болу балалық шақтан басталады

Көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қаламгердің шығармалары өткен ғасырда қандай құнды болса, бұл ғасырда да өміршең, оқылымды болуда. Олай болуы, жазушының таланты мен шеберлігінің нәтижесі. Астана қаласы, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы мектептің 9-сынып оқушылары Бердібек аталары туралы қалам тербеп, балауса шығармаларын ұсынған екен. Жас оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.
Редакциядан

 

Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың нағыз шебері ретінде танымал тұлға. Жазушы 1924 жылы 1 сәуірде Алматы облысының Нарынқол ауданы Қостөбе ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қиыншылықтар мен мұңға толы болғанымен, ол мойымай, қызықты шығармаларды жазу арқылы қазіргі заманғы жастарға рухани тәрбие беруге ұмтылған, өмірдің, ата-ананың, қауіпсіз мекенде өмір сүріп жатқан балалық шақтың мәнін, маңыздылығын түсінуге көмектескен. Анасы ерте қайтыс болғандықтан, бала Бердібек әкесі мен туыстарының қолында өскен екен.

Анадан айрылу адам өміріндегі болатын жағдайлардың ішіндегі ең ауыры деп есептеймін және бұндай қасіретті екінің бірі көтере алмайды. Өмірінің алғашқы қадамдарынан-ақ осындай қасіретке ұшыраған Соқпақбаев ашаршылық пен кедейлікті де басынан кешіріп, көптеген қиындықтармен күреседі, сәйкесінше, жастайынан еңбек пен білімге араласып, өз өмірін, айналасындағылардың өмірін жақсарту мақсатында көп күш жұмсайды. Жасөспірім шағында Бердібек оқу-білімге ден қойып, табиғатпен тығыз байланыста болады. Оның ауылдағы өмірі табиғатпен етене араласуға, сондай-ақ адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіруге үлкен ықпалын тигізді. Сол кезеңдердегі қиыншылықтар мен қызықтар, дәстүрлер мен ерекшеліктер оның болашақ шығармашылығына әсерін етті, осы тұрғыда, оның жазушылық жолындағы негізгі тақырыптары айқындала бастады.
Өзінің алғашқы білім мен еңбек жолында жазушы 1942 жылы Алматы қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі, бірақ соғыс пен оның зардаптарына байланысты оқуын әрі қарай жалғастыру мүмкіндігінен айрылады.
Білімділігімен, тапқырлығымен, шыншылдығымен қоса жазушы батыр, әрі қайсар жан болған. Осы тұрғыда, бір ғана «неліктен?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себеб, Бердібек атамыз майданнан аман қалып, тәтті жеңістің куәгері болды және 1945 жылы жеңіс күніне орай Мәскеу қаласында жүлдеге ие болды. Елдің осындай қайғы-қасіретке толы мәселесі шешілгеннен кейін Соқпақбаев әдебиет саласына бет бұрады, оны жаңғыртуға, болашақ ұрпаққа таратуға атсалысады және түрлі газет-журналдарда қызмет жасайды. Олардың ішінде «Пионер» деп аталатын балаларға арналған журналдың арқасында Бердібек өзінің балалар әдебиетіне қатысты алғашқы шығармаларын жариялай бастады, осылайша ол балалар әдебиетіне үлкен үлесін қосқан жазушыға айналды.
Шығармаларының негізгі тақырыбы – балалық шақты, адам бойындағы жақсы қасиеттерді, табиғатты және өмірдің мәнін қамтиды. Сонымен қатар, оның жазу стилі жалпыға түсінікті, әрі қарапайым сөздермен сипатталады, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің әлемін бейнелейді. Осы тұлғаның шығармашылық мұралары қазіргі күнге дейін өзекті және оларды әрбір қазақстандық сүйіп оқиды. Ең маңыздысы, шығармаларында автор қызықты, әрі күлкілі оқиғалармен бөлісіп қана қоймай, балалардың жадына белгілі бір тәрбиелік мән қалдырады.
Автор туындысында табиғатқа қамқорлық жасау, жануарлар мен құстарды қорғау секілді маңызды ақылдарын айтады, әрине, осындай тәлімді сөздер әңгімелерде жиі кездесетін болса, балалар жақсы жаққа ұмтылатыны белгілі. Сонымен қатар, шығармасында Бердібек атамыз қазақ халқының ежелден келе жатқан аңыздары және мифтерін қозғайды, бұл өткенімізді ұмытпауға және келешегімізге үмітпен қарауға, ұмтылуға зор үлесін қосады деп ойлаймын.
Айта кететін жайт, туындыларында басты кейіпкер батылдығы мен ерлігі арқылы мейірімділік пен қайсарлық секілді жақсы қасиеттер дәріптеледі. Осылайша, бір ғана шығарманы оқу нәтижесінде балалар білімін жетілдіріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.
Жазушының өте танымал, әрі маңызды туындылары бар, олардың ішінде «Менің атым Қожа» хикаяты — оқырмандар жадында ерекше сақталған шығарма. Ол 1957 жылы жазылған және сол кезден бері мектеп бағдарламасында оқытылып, балалар мен жасөспірімдерге үлкен тәрбие беретін әдеби туынды ретінде танылды, нәтижесінде, шығарма желісі бойынша 1963 жылы фильм түсірілді, әрі ол да кең танымалдыққа ие болды.
Шығарманың басты кейіпкері Қожа есімді жасөспірім бала. Ол өз мінезін, тәртібін үнемі бақылап, өзін қадағалап жүруге тырысады, бірақ оның кейбір қателіктері қиындықтарға әкеліп соқтырады. Оның ұстазы Майқанова апаймен, досы Сұлтанмен, сондай-ақ өзінің анасымен қарым-қатынасы оқиға желісінің басты бөлігін құрайды. Жалпы Қожа — кейде тентек бала болса да жүрегі таза, мейірімді, әрі әділ. Менің ойымша, бұл шығармадағы көтерілген ең негізгі әрі маңызды мәселе – балалық шақтың шынайылығы, адамгершілік, достық және өмірлік таңдау.
Қорытындылай келе, Бердібек Соқпақбаев — қазақтың көрнекті жазушысы. Ол өзінің жетістіктеріне еңбек пен төзімділіктің арқасында жетті деп ойлаймын.

Гүлімжан Төлеуғали,
Астана қаласы, Шәкәрім атындағы
№56 мектеп лицейінің
9 «Б» сынып оқушысы.
Жетекшісі: Ақманат Ыбырайқызы

 

 

«Менің атым Қожа» — адам болудың алғашқы қадамын сипаттайтын шығарма

 

Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, балалар әдебиетінің майталманы. Шығармалары арқылы адам болудың мәнін тереңінен түсіндіре білген қаламгер деуге болады. Ол шығармаларында балалық шақтың қыр-сырын, бала психологиясының, адам болып қалыптасудың алғашқы қадамдарың тереңінен ашып көрсетті.

Оның шығармашылығында баланың ішкі жандүниесін, ой-арманын, болашаққа деген шынайы ұмтылысы маңызды рөл атқарады. Әсіресе, «Менің атым Қожа» атты шығармасында жазушы балалық шақтағы сезім, арман-тілек, қиындық пен қуаныш арқылы адам болудың алғашқы қадамын сипаттайды. Әрбір баланың өзіндік жеке тұлға екенін, оларды үлкен өмірге дайындаудың маңыздылығын түсіндіреді.
«Менің атым Қожа» шығармасындағы Қожа – ол тентек, тәртіпсіз, ерке, кейде ұстаздарын тыңдамайтын, әжесін ашуландыратын бала. Бірақ оның жүрегі таза, адал, шыншыл, батыл әрі арманшыл. Жазушы Қожаның әрбір іс-әрекетін, ой-талпыныстарын бейнелей отырып, баланың өмірлік құндылықтарын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудағы кезеңін шынайы суреттейді.
Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкерлері қарапайым ауыл балалары болса да, олар арқылы өмірдің маңызды тұстарын көрсетуге, адамгершілік құндылықтарды бағалауға шақырады. Әр бала – болашақ тұлға деуге болады. Себебі, оның қандай адам болатыны балалық шақтағы тәрбиеден басталады. Соқпақбаевтың кейіпкерлері арқылы бала болу мен адам болудың алғашқы қадамдары тығыз байланысты екенін байқауға болады.
Қорытындылай келе, Бердібек Соқпақбаевтың шығар-маларында адам болу деген ұғым тек есейген шақта ғана қалыптасатын құндылық емес, оның бастауын балалық шақтан алады деген тұжырымға келесің. Балалық шақтағы әрбір іс-әрекет, қателік, таңдау болашақта адамды қандай тұлға ететінін анықтайды.
Әрбір баланың қуаныштары мен қиындықтары, жасаған қателіктері мен жетістіктері болашағына ықпал етеді. Жазушының еңбектері балалық шақтың тәрбиелік мәнін тереңірек ұғынуға көмек-теседі. Әр бала – өзінше бір әлем. Ал, оның болашақтағы жолы балалық шақта алған тәрбиесі мен құндылықтарына негізделеді.

Базархан Қарақат,
Астана қаласы, Шәкәрім атындағы
№56 мектеп лицейінің
9 «Б» сынып оқушысы
Жетекшісі: Ақманат Ыбырайқызы

 

ПІКІР ЖАЗУ