Жасөспірімдерге түсіндіру маңызды

Қазіргі қоғамдағы ең маңызды мәселелерінің бірі – бұл жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың көбеюі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін балаларымыз-дың бойында дұрыс құқықтық тәрбие мен құқықтық білім беру керек. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнде компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі уақыттарда көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғанын және елімізде кәмелетке толмаған құқықбұзушылардың ісімен шұғылданатын арнайы орталық бар екенін жасөспірімдерге түсіндіру маңызыды.

 

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен Т.Бегелдинов атындағы №1 мектеп-лицейінде білім басқармасы, полиция департаменті, прокуратура және ҰҚКД өкілдерінің, мектеп және колледж директорларының қатысуымен жедел кеңес өтті.
Кеңес барысында қала мектептеріндегі жасөспірімдермен кездесуде көтерілген тақырыптар талқыланып, ведомстволардың жауапты мүшелері бекітілді.
Содан кейін кеңес мүшелері қала аудандары бойынша топтарға бөлініп, 70-тен астам білім ұйымын аралап, жасөспірімдерге құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жүргізді.
Жасөспірімдермен кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері заңдарды сақтаудың маңыздылығын еске салды.
«Сіздер 18 жасқа толмаған болсаңыздар да, өз әрекеттеріңіз үшін жауапкершілік көтересіздер. Кейбір қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, бопсалау, бұзақылық — осы қылмыстар бойынша 14 жастан асқан жасөспірімдер түрмеге қамалуы мүмкін. 16 жасқа толғандар барлық қылмыс түрлері, оның ішінде есірткі мен қаруды заңсыз сақтау және айналым үшін де жауапқа тартылады.

Егер кәмелетке толмаған жасөспірім әлі бұл жасқа толмаған болса, онда жауапкершілікті оның ата-анасы көтереді, тіпті ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін», — деп атап өтті прокуратура өкілі. Ол соңғы жылдардағы статистиканы атап өтті: 500-ден астам жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың арасында түрмеге қамалғандар да бар. Сондай-ақ, ата-аналар да өз балаларының заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, оқушыларға жақында Астанада болған жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес туралы ескертілді.

«Сіздер, бәлкім, жасөспірімдер жиналып, жаппай төбелесуге тырысқандары туралы естіген боларсыздар. Оған қатысушылармен полиция бірнеше күн бойы жұмыс істеп жатыр. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды, бәрі есепке алынып, мектептен шығарылып, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияда қаралады, «ерекше көзге түскендер» сотталады, ата-аналары да жауапқа тартылады», — деп атап өтті бақылаушы органның өкілі.
Астанада 16 қыркүйек пен 1 қараша аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараға аудан әкімдіктері, қалалық Полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімі, Білім басқармасы және елорда әкімдігінің Әйелдер істері және демографиялық саясат, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өкілдері қатысуда.

Учаскелік полиция инспекторлары өздері қызмет көрсететін объектінің криминогендік жағдайын зерделеу үшін аулаларды және пәтерлерді аралайды, ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды олармен профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін тексереді. Сонымен қатар қоғамға жат әрекеттерді алдын алу үшін жалдамалы пәтерлер, базарлар және басқа да сауда орындары, тұрмысы төмен отбасылар, жастар мен кәмелетке толмағандар шоғырланатын жерлерге, нақтырақ айтқанда орталық саябақ, сауда-ойын сауық орталықтары, компьютер клубтары тексерілуде.
Астана әкімдігінің Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қарлығаш Сәркенованың айтуынша, кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау мәселелері комиссияның ерекше бақылауында.

«Жедел алдын алу іс-шарасы Астанадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмауға бағытталады. Жасөспірімдердің өздерімен профилактикалық тұрғыда әңгіме жүргізе отырып, оларды заңға бағынуға шақырамыз. Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналарды да анықтап, қажет болған жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,- деді Қ.Сәркенова.

Құқық қорғау және мемлекеттік органдар, Астана қаласы әкімдігінің әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшелерімен бірлесе отырып, түнгі уақытта қала көшелерінде және ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтер өткізеді.
Жастар туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге парыздар. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-жақты сезіну керек.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәме-летке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәсе-лелердің біріне айналып отыр.
Дегенмен тәрбиесі мол. «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей дана халқымыз жеке тұлға болып қалыптасуда әрбір жасөспірімдер тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақытын тиімді пайдалана білсе, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуына көп септігін тигізері сөзсіз.
Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру.

Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Осыған байланысты жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – жан-жақты тәрбиенің маңызды бір саласындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі болып табылады.

Ә.Қабиденұлы

ПІКІР ЖАЗУ