Қазақ әдебиетінің ақсұңқары

15 қазанда қазақ әдебиетінің негізін құраушы, үш бәйтеректің бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Атаулы датаға орай Елордада «Сәкен Сейфуллин: халыққа арнаған өмір» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Басқосуға тарихшылар мен әдебиетшілер, ақынның артында қалған ұрпақтары қатысты. Жиналғандардың айтуынша, мемлекет қайраткерінің зерттелмеген қырлары, бізге беймәлім сырлары көп. Қазір ол жайлы том-том кітап жарық көріп, зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның өмірі мен шығармашылығы ел тарихында өшпес із қалдырды.

 

«Сәкен жылда жақсы дәріптеліп жатыр. Кино, кітаптары шығып жатыр. Ғажабы – Сәкен операсы да жарық көруде. Сәкеннің атын қазақ халқы жақсы біледі. Мәселен Түркия Егеу университеті Сәкен туралы зерттеп өлеңдер жинағын шығарды. Сәкен шетелде де белгілі», – Сәкен Сейфуллин атындағы музей директоры
Марат Әбсеметов.

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Жазушының өмірі Ақмола облысымен тығыз байланысты. Дәл осы аймақта оның Мемлекеттік және қоғамдық қызметі басталды. Тың туындылары жарық көрді. Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері Гүлназия Ибраеваның айтуынша, ақын дәстүрлі қазақ тәрбиесін бойына сіңірген. Оның ата-анасы ауқатты адамдар болған және жас таланттың білім алуына жан-жақты жағдай жасауға тырысты. Тіпті Сәкенді орыс тілін жақсы меңгеру үшін, орыс отбасына бір жылға тұруға жіберді.

«Сәкен Сейфуллиннің ата-анасы ұлына терең білім беруге ұмтылды. Оның анасы әңгімеші болған. Ол баласын қаршадай кезінен бастап қызықты оқиғалармен сусындандырды. Әрине, Сәкеннің таланты оның қалыптасуында да маңызды рөл атқарды. Білімі мен таланты ұштасып осындай танымал тұлға болды».

Астана қаласының Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты республикалық аймақтық фестиваль өтті.
Іс-шараға Астана қаласының педагогтері және Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Батыс Қазақстан облысының педагогтері мен білім алушылары, республика көлеміндегі С.Сейфуллин есімі берілген білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушылары, ЖОО оқытушы профессорлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Фестиваль аясында ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің құнды пікір-лері тыңдалып, педагогтер мен білім алушыларға арналған байқаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Республика көлеміндегі С.Сейфуллиннің есімі берілген мектептердің ерекшеліктері және Сакен мұражайлары мен кабинеттерінің білім алушылар мен педагогтердің шығармашылық және зияткерлік қабілетін арттырудағы құндылықтарын дәріптейтін телекөпір өтті.

«Бүгінгі іс-шарамыз Оқу-ағарту министрінің 2024 жылы 30 шілдедегі №194 бұйрығына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Мұндағы мақсат – Сәкен Сейфулиннің шығармашылығын, әдеби мол мұрасын жаңғырту, насихаттау, талантты, шығармашыл оқушыларды анықтап, педагогтердің тәжірибе алмасуына көмектесу», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының басшысының орынбасары — Жангелді Әмірғалиев.

Мерейтой қарсаңында Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейі тағы бір құнды жәдігермен толықты. Сондай-ақ қоғам қайраткерінің шығармалары мен оған қатысты мақалалар жинағанынан тұратын кітаптар сериясының оныншы томы жарық көрді.
«Жақында музейімізге қолшатыр, сәнді костюм мен франция әтірі және алтын қалта сағаты экспонаттары келіп түсті. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин кофеге әуес адам болған. Оның кофе ұнтақтағышы да жаңадан қосылған жәдігерлер қатарында. Оны 1927-1928 жылдары Қызылорда институтының ректоры болған кезде қолданған. Бұл жәдігерді музейімізге ақын, драматург, актер Қанат Жүнісов Сәкен Сейфулиннің 130 жылдығына орай сыйға тартқан еді», – деді Сәкен Сейфуллин музейінің экскурсия жүргізушісі Зере Қуаныш.
Мұражайда қазір 7 мыңнан астам жәдігер бар. Оның 500-і Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары. Олардың арасыда жинақтан тұратын кітаптар сериясының оныншы томы да орын тепкен.

«Кітаптың бірінші бөліміне әдеби мақалаларын, фальклорын, музыкалық мұрасын бердік. Содан кейін ол кісі үкімет басқарғанда экономика, транспорт, ауыл шаруашылығы, кеден туралы жазған қаулылары бар екен. Солар қамтылды. Соңғы томда естеліктер», – деді Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Марат Әбсеметов.

Сондай-ақ жуырда музей қызметкерлері Алматыдағы «Орталық мемлекеттік кино-фото-құжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен» 1918 жылы абақтыда отырған Сәкеннің елге деген сағынышынан туған «Сарыарқа» күйін тапқан. Күйді орындаған әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбайұлы. Ол күйді 1964 жылы Қазақ радиосының алтын қорына тапсырған. Соңына өшпес мұра қалдырған Сәкен Сейфуллин 1937 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, абақтыға қамалды. 1938 жылы Алматы маңында атылды деген дерек бар. Ақынның рухына тағзым етіп, туғанына 130 жыл толуына орай музей қызметкерлері биыл 50-ден аса түрлі деңгейдегі шара өткізіпті.

Сәкен Сейфуллин 1905 жылдан бастап 1908 жылға дейін Спасск мыс балқыту жанындағы орыс-қазақ мектебінде оқыған, содан кейін Ақмола үш сыныптық қалалық училищесінде оқыды. 1913 жылы Омбы педагогикалық семинариясына оқуға түсті, онда ол Мағжан Жұмабаевпен бірге білім алды. 1914 жылдан бастап Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш «Бірлік» ағартушылық қоғамы жетекшілерінің бірі болады. Кейінірек «Ауыл коммуниси», «Қазақстан коммуниси» атауларына өзгерген және қазіргі уақытта «Ақиқат» деп аталатын «Қызыл Қазақстан» журналының, сондай-ақ «Еңбекші Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы қызметін атқарды.

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ