Жастардың Отанына деген махаббатын оятуға септігін тигізетін шара өтті
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Халық қаһарманытың туғанына 100 жыл. Қорғаныс министрлігінің ұйытқы болуымен әскери оқу орындары мен мектептерде бірыңғай сынып сағаты өтті. Онда оқушылар батырдың өмір жолы туралы деректі фильмді тамашалап, ұстаздарынан дәріс тыңдады. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында тарихына деген құрмет пен Отанына деген махаббатты оятуға септігін тигізеді. Елордада Халық қаһарманы
Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Фескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Қалалық Қазақстан халық Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, елордалық ардагерлер ұйымдарының, қалалық ҚХА мүшелері, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің, ғылыми-сараптамалық тобының, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері сондай-ақ Р.Қошқарбаев атындағы №44 орта мектебінің оқушылары қатысты. Мұнда гүл себеттері Астана қаласы әкімдігі, Қорғаныс министрлігі, қалалық Ардагерлер кеңесі атынан қойылды.
«Бүгінгі күн есте қалатын, ұлттық санамыз бен болмысымызды тербететін ерекше күн болды. Біздің жерлесіміз, Астана қаласының тумасы Рақымжан Қошқарбаевты – ұлттық мақтанышымыз деу артық болмайды. Себебі сонау Кеңес үкіметі кезінде қазақ халқы осындай азаматымен мақтанды. 100 жылдығына орай бүгін Астана қаласы әкімдігі мен ҚХА гүл шоқтарын қойды. Кейін Достық үйінде дөңгелек үстел өтеді. Мұнда Рақымжан Қошқарбаевты көрген кісілер естеліктерін айтады. Сондай-ақ тарихшылар мемлекетіміздің негізін қалауға қосқан үлесі жайлы пікір алмасады. Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын атап өту – ұлттық жетістігімізді, қазақ халқының ұлы даланың төсіндегі батыр бабаларымыздың ұрпағы екенін дәлелдейтін, тәлім-тәрбиеге алтын бұлақ болатын оқиға. Батыр бабамыздың өмірі, ерлігі жастардың ұлттық рухын көтереді, ұлттық сезімін нығайтады», — деді Астана қаласы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, тарихшы Әміржан Әлпейісов.
Іс-шараның мақсаты – аты аңызға айналған ұлы тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау мен насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру.
№71 мектеп-лицей оқушыларының «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық ұйымына қабылдау рәсімі Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды.
Шараға Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымның қалалық филиалы мұрындық болды. Салтанатты шара еліміздің Мемлекеттік Әнұранының орындалуымен басталды. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері де болды.
– Бүгін сіздер ант бересіздер. Анттарыңызға берік болу өте маңызды», — деп атап өтті ардагер генерал-майор Марат НАҒҰМАНОВ..
Ант қабылдағаннан кейін республика-лық қоғамдық ұйымның төрағасы Мейірбек МЕҢДІҒАЛИЕВ балаларға сертификаттар табыс етті. — Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын тойлау қарсаңында жас ұрпақ салтанатты түрде ант қабылдады. Осы маңызды қадаммен құттықтаймыз. Бүгін сіздер жас сарбаздар ғана емес, өз еліңіздің нағыз патриоты болдыңыздар», — деп атап өтті спикер.
Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен жалғыз қазақ. Тарихи ерлігін небәрі 21 жасында жасаған. Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың 30 сәуірінде жерлесіміз жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Кеңес Одағының туын тіккен болатын. Рақымжан Қошқарбаевтың 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң ол Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберіледі.
Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға атсалысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді.
Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады. 1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады.
Осы судан ары кеңес әскерін өткізбей, немістер тоқтаусыз оқ жаудырып тұрған. Атылған оқтың астымен жорғалаған Қошқарбаев взводы немістердің тұрағының үстінен түсіп, бетпе-бет соғысады. 40 немісті қырып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. Қызыл әскер ары қарай жылжиды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болады. Тағы да жауға Рақымжан Қошқарбаевтың взводы тойтарыс береді.
Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегін, 27 үлкен калибрлі пулеметті, одан бөлек көптеген мылтық, оқ-дәрілерді тәркілейді. Осы үшін Рақымжан Қошқарбаевтың взводына «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені табыс етіледі.
Соғыстың соңына қарай лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Осы кезде шапшаң әрі көзсіз батыр қазақ жігітінің есімі майдан шебінде аңыздай тарайды. Рахымжан Қошқарбаев 1945 жылдың сәуір айында Берлин түбіндегі соғыстың ең сұрапыл шайқасына қатысады. Батальон командирі Рейхстагқа ту тігуге аттанатын алғашқы топты басқаруды Қошқарбаевқа жүктейді. Бұл өліммен тең тапсырма еді.
Қарша борап тұрған оқ пен оттың ортасынан еңбектеп өткен екеу 300 метр жерде тұрған Рейхстагқа 7 сағат бойы жүріп барады. Ғимараттың қабырғасына Қызыл жалауды тігеді. Екеудің ерлігін сол күннің ертеңіне-ақ майдан газеттері жарыса жазып жатты. Бірақ пендешілікпен әділдіктен аттап кеткендер де болды. Сол кездегі солақай саясатқа байланысты «Жеңіс туын» тігу мәртебесі тек орыс және грузин ұлтына тиесілі болу керек еді. Сондықтан соғыстың қанды қырғыны бәсеңдеген сәтте Егоров пен Кантария Жеңіс туын ресми түрде Рейхстагтың төбесіне апарып қадады делінген. Соғыстан кейінгі жылдары Рақымжан Қошқарбаев Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-67 жылдары Қошқарбаев Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан бастап «Алматы» қонақ үйінің директоры болып жұмыс істеді. Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріледі. Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды. Рейхстагты алуда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Рақымжан Қошқарбаевқа Астана қаласында ескерткіш орнатылды.
Әділет Қабиденұлы