Арқан тартыс – ұлттық ойын

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 20 қыркүйек күні арқан тартыстан жарыс өтті.
Ұлттық дәстүрді насихаттайтын бұл спорт түрі жыл басында ғана федерация ретінде тіркелді. Жалпы, арқан тартыс қазақ мәдениетінде терең тамыр жайып, күш, командалық рух пен бірлікті бейнелейді. Арқан тартыс ойынының бір өзінде қаншама тәрбиелік мән бар. Оның пайдасы өте көп. Арқан тартыс ойыны адамдарды шымырлыққа, ептілікке үйретеді.

 

«Арқан тартыс жарысын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Бәрімізге белгілі бұл спорт ежелден дәстүрімізбен біте қайнасқан. Өзге жарыстан ерекшелігі – төрешілер жеңімпазды анықтау барысында қатты араласа алмай, нағыз мықты жеңіске жетеді. Біз бұған дейін түрлі спорт түрлерінен турнир өткізген едік. Ал бүгінгі бәсекеде түрлі спорттағы жастардың басын біріктірдік. Мұндай іс-шараны бірінші рет өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта жалғастыру жоспарымызда бар», — деді жарыс ұйымдастырушысы Әлішер Ислам. Арқан тартыс ойыны — ұлттық ойын. Ойынды жазда көгалды алаңда, спорт залында өткізуге болады. Ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жогарыдағы тәртіппен белгілейді.
Жарысқа Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушылары, гір спорты, қазақ күресі, еркін күрес федерацияларының өкілдері, жаттықтырушылар, Алматыдан арнайы келген «Алатау жарық» компаниясы қатысып жатыр.
«Астана төрінде ұлттық спорттан керемет жарыстың ұйымдастырылғаны қуанышты жайт. Жарыста қаламыздың батырлары бас қосып, өзара мықтыны анықтайды. Жалпы осындай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, зиянды дүниеден алшақ болуға мүмкіндік береді», — деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек.
Чемпион атанған командаға 500 мың теңге, 2-орын алған ұжымға — 300 мың теңге, 3-орын иегерлеріне 200 мың теңге сыйақы табысталды. Арқан тартыс – қазіргі уақытта жаһанның 75 елінде ресми спорт ретінде тіркеліп, федерациялар жүйелі жұмыс істеп келеді.
Халықаралық арқан тартыс федерациясы халықаралық Олимпиада комитетімен танылып, қазіргі уақытта тасы өрге домалаған спорт түрі.
Аталған спорт түрі 5-інші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі бағдарламасына енді. Жаңадан құрылған Республикалық федерацияның президенті болып Еркебұлан Ілиясов тағайындалды.
Арқан тарту — қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойынды ойнау үшін, алдымен бес-алты ойыншы тартқанда үзілмейтін арқан және үлкен адамның алақаны көлеміндей екі тақтай дайындап алу қажет. Ол тақтайлардың ортасынан арқан өтетіндей етіп теседі. Енді қарды жентектеп, аққалаға ұқсатып үйеді де, оның орта шенінен таяқпен тесіп, әлгі арқанды өткізеді. Содан кейін тақтайіпанын, екеуін арқанның екі ұшына кигізеді де, таяқшаларды аққалаға екі-үш қарыстай таңап қалғанда тоқтатады да, тақтайшалар аққалаға тірелгенде кейін сырғып кетпес үшін арқанды түйеді. Бәрі дайын болған соң, балалар екі топқа бөлінеді де, арқанды екі жаққа тартады. Аққала қалай құласа, сол топ жеңіп шыққан болады. Жеңілген топ аққаланы қайта жасайды. Ойын қайта басталады. Ойын ойынға қатынасушылардың күш-қуатын дамытуға, таза ауада дем алып, еңбектенуге үйретеді. Бұл ойынның екі түрі бар. Біріншісі жазда көгал үстінде, екіншісі қыста қар үстінде ойналады. Жазда ойыншылардың саны 10 баладан көп болмаса, ойын қызықты болады. Ойынға ұзындығы 8-10 метрлік екі ұшы түйілген арқан әзірленеді. Оның тең ортасына белгі ретінде қызыл матаны байлап қояды. Ойынға қатысушы екі топтағылар өз жағында бойларына қарай сап түзеп, ойын бастауға белгі берілгенде арқанды өз жағына қарай тартады. Қыста он –он бес бала тартқанда үзілмейтін арқан таңдап алынып, үлкен адамның алақанының көлеміндей екі тақтайдың ортасынан өткізіліп, ортасына аққала үйіліп, екі жақ оны өзіне қарай құлату үшін тартады.
Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта түрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»… деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың негізгі мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, коллективтік іс-әрекетке тәрбиелейді.

Әділет Қабиденұлы, Мөлдір бұлақ

ПІКІР ЖАЗУ