Елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асуда
Астанада білім күні 28 000 оқушы орнына арналған 15 жаңа мектеп ашылды. Оның 9-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Мектептер жаңа технологиялар мен жаңа талаптарға сай жабдықталған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
Жайлы мектептер салудың негізгі мақсаты – оқушыларға арналған жаңа орындар ашу, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынып жатыр. Оқу орындарының ашылуына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Оқу орындары 15 жаңа жайлы мектеп ашу есебінен екі ауысымда 28 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді.
Мәселен, 9 жайлы мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Көктал елді мекені, Ұлытау-Наурыз көшелерінің қиылысы; А. Байтұрсынов көшесі, №9 үй ауданы («Highvill» ТК); Тельман елді мекенінің оңтүстік тұсы (Бағыстан); С-189 және 12-207 көшелері (Земляничная көшесі); Төле би және Е758 көшелері (Сеул және Зеленый квартал ТК ауданы); Орынбор және №37 көшелері («SOHO» ТК ауданы); Мәңгілік Ел даңғылы және Е497 көшесі (мешіт ауданы); Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысы («Поколение» ТК); Төле би — 24 көшелері (Барыс Арена).
Елордада қазір 188 мектеп жұмыс істейді, оның 110-ы — мемлекеттік, 71-і — жекеменшік және 7-еуі республикалық мектеп, жалпы 282 150 оқушы қамтылған.
Желтоқсан айында тағы 8 мектеп
(6-ауы – жайлы мектеп, 2-еуі – жекеменшік мектеп) пайдалануға беріледі.
Осылайша, 1 қыркүйекте пайдалануға берілген мектептер есебінен үш ауысымда оқитын бес мектептің (№27, 41, 71, 79, 89), тығыздалған төрт (№17, 59, 67, 75) мектептің мәселесі шешілді.
Жаңа оқу жылында Астанада бірінші сыныпқа 28 000 бала барды. Қала мектептерінде барлығы 282 мыңнан астам оқушы оқиды.
Жайлы мектептердің ерекшелігі біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.
Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады.
Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл ара-сындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
Г.Тұрлыбекова