Лудомания – ғасыр дерті

Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Елде 700 мыңнан аса жеткіншек  құмар ойындарға бәс тігеді. Лудомания кеселі ересектермен қатар, жасөспірімдер арасында да өте өзекті деген сөз. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, үшінші адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайтындар көп. Бұл әсіресе, мектеп оқушылары арасында белең алып тұр. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Бұл проблеманың біздің елде де өткір тұрғаны белгілі. Соңғы төрт жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат салған.

 

Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне  енгізілген. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады.

АҚШ-та құмар ойынға тәуелді адамдарға алғашқы болып кәсіби көмек көрсеткендердің бірі – медицина ғылымдарының докторы
Роберт Л. Кастер. 1972 жылы психиатр АҚШ-тың Вирджиния штаты
Брексвилл қаласындағы ауруханада
ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталық құрған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өтті.

Құмар ойындарға деген тәуелділіктің негізгі себептері:

Жалғыздық сезімі.
Жалғыздық сезімі адамды алғашқы рет ойнауға итереді, ойын процесінде алынған әсер мен түйсіну адамды қайталап ойнауға  мәжбүр етеді.

Қанағаттанбаушылық сезімі.
Қанағаттанбаушылық сезімі адамды өзін ойында көрсетуге мәжбүр етеді. Шынайы өмірде өзіне өзі наразы болып, шынайы өмірге қарағанда, ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, адам өзін ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктері неғұрлым мол болса, соғұрлым ол осы ойынға қайта қайта оралғысы келіп тұрады.

Оңай олжа сезімі.
Бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам, осы жетістігін қайталағысы келеді, алайда көбіне ұту мүмкін емес.

Әрқилы тәуелділіктерге тез ергіштік.
Басқа  да құмарлықтарға, мысалға, есірткі/ алкогольге құмар адамдар үшін, ойынға құмарлық  өте қауіпті. Тез еріп кетеді.

Психикалық бұзылыстар.
Психикалық бұзылыстардан емделген адамдар, сондай-ақ ойынға құмарлыққа да ұшырағыш болады.

Ал егер сіз өзіңізді ойынқұмар адаммын деп есептемейтін болсаңыз онда сіздің бойыңыздан мына сипаттар табылмауы тиіс:
ойынға үнемі тәуелді болу және ойын оқиғасында өткізетін уақыттың ұзаруы;
қызығушылықтар шеңберінің өзгеруі, ойын туралы әрдайым ойлау, ойынға байланысты оқиғаларды елестету және осы ойдың басым болуы;
«бақылауды жоғалту» ауқымды ұтыстан кейін, сондай-ақ, үнемі ұтылудан кейін де ойынды тоқтата алмау;
Ойынға кезекті қатысқаннан кейін салыстырмалы қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт, ашулану, беймазалық, қиын жеңілетін  ойнауға кірісуге  ынтығу. Мұндай күйлер белгілер қатары бойынша есірткі/алкогольге душар тұлғалардың бас ауруы, ұйқының бұзылуы, алаңдаушылық, төмен көңіл-күй, естің бұзылуымен бірге жүретін абстиненциясына ұқсайды;
ойынға жиі қатысудың біртіндеп өсуі қызықтыруға қарсыласу қабілеттілігі тез төмендеу. Ойнамауға бел буғанмен, сәл провокация болса (бұрыңғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болу т.б.) еріп кете беру.

Роберт Л. Кастер құмар ойындарға тәуелділіктің дамуын үш кезеңнен тұрады деп анықтады: ұтыс кезеңі, ұтылыс кезеңі, түңілу кезеңі.

Ұтыс кезеңі – бұл адамның құмар ойындарда бірнеше рет ұтысқа кенеліп, «негізсіз оптимизммен» әсерленетін уақыты. Бұл кезде ол құмар ойындарды ұната бастайды және үнемі жолы болатынына сенеді. Өзін сенімді әрі жайлы сезінеді.

Ұтылыс кезеңінде құмар ойынға тәуелділер достары мен отбасыларынан алыстай бастайды. Жалғыз өзі ойнай бастайды және ақшаны заңды немесе заңсыз жолмен табуды, қарызға алуды қарастырады. Ойынның жетегінде кетеді. Ұтылғаннан кейін ақшаны қайтарып аламын деген үмітпен ойынға тез оралғысы келеді.

2026 жылға қарай лудомандар саны екі есе қысқарады деп жоспарланып отыр екен. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен, қуанарлық та ақпарат емес. Ұрпағымызды құмар ойынға тәуелділіктен сақтап қалу үшін бірігіп күш салу маңызды. Ата-ана баланы дене белсенділігін тудыратын жұмыстармен айналысуын қадағалау керек. Компьютерде отыруға белгілі бір уақыт қойылуы шарт. Баланың қандай сайттарға кіретінін, не көретінін қадағалау қажет. Бала күнінен бастап, маңызды бір істерге, жауапкершілікке, өз өмірі үшін өзі жауап беретінін сезіндіруге дағдыландырған дұрыс.

Г. Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ