ҚҰМАР – ҚҰРДЫМ, ТӘУЕЛДІЛІК – ТАРТПА

Әр дәуір өзінің жақсы әдеттерімен де, жаман әдеттерімен де есте қалады. Жақсылығын есті адамдар, ойшылдар тапқырлайды. Жамандығын ешкім ойланып отырмай-ақ тез тауып алады. Осының бәріне адам бойындағы құштарлық себеп болады. Құштарлықты екі бағыттан көруге болады. Біріншісі, ұнамды, пайдалы, адам баласының өміріне оңды әсер ететін дүниелер. Екіншісі, ұнамсыз, залалды, денсаулығыңа да, өмір сүру жолыңа да кесірін тигізетін дүниелер. Айталық: білімге, өнерге, спортқа, жақсылыққа құштарлық адамды ортасынан оздырып, салауатты өмір салтына бастайды. Темекіге, араққа, жалқаулыққа, ұрлыққа, ұйқышылдыққа, улы шегімдікке, телефонға, әлеуметтік желіге құштарлық асқына келе айықпас ауруға, есеңгіреткен дертке айналып әуелі жүйкені шырмайды, онан соң денсаулықты бүлдіріп, адам санасын тұралатады. Осылайша кең дүниеде кері кетіріп тоздырады.

 

Абай атамызда «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» деп ертеде айтып кеткен. Ғашық болу жақсы нәрсе, оның өзегінде тазалық, іңкарлік, шын берілу жатады. Ал, құмар болу ол дүдәмал нәрсе. Оның өзегінде нәпсі жатады. Нәпсіні ақылыңа бағындырып, өзің басқара алсаң, сені ілгерлететін түрткі күш болады. Нәпсі ақылыңнан асып, еркіңді жаулап, жаныңды билеп төстесе, онда ұрындырады, жардан құлатады, құй батпақ тартпаға батырады. Тілімізде «құмар» деген сөз бұрыннан бар. Екі мағнаны қатар береді. Лайықты талпындыру мен шектен тыс қалыптан асыру. Шектен шығуды айтар болсақ, темекіге құмарлық, араққа құмарлық, наркотикке құмарлық болып жалғаса береді. Енді соған келіп «лудомания» қосылды. Бұл букмекерлік мекемелердегі түрлі автомат ойындарына, бәс тігуге, ақшаға құмарлыққа жетелеп кетеді. Бұл да дәуір тудырған жаңа ауру түрі, ғасырымыздың сарсаңға салып тұрған дерті.
Телефон мен интернет – сөз жоқ заманымызда жарыққа шыққан технологияның жетістігі. Онымен қыруар жұмыстар, алуан қызмет түрлері, қарым-қатынас жолдары жасалады. Пайдасы айтып тауысқысыз көп. Сөйте тұра, телефон арқылы орындалатын интернет әлемі ойламаған апаттар мен ауыз бармайтын жантүршігерлік қасіреттерді де туындатып жатады. Әсіресе, оң-солын ажыратып үлгермеген жасөспірімдер арасында салдары жаман болуда. Мысалы: «Пышақ» деген күнделікті тұрмыста қолданатын өткір зат бар. Ол өте керек, тіршілікке пайдалы зат. Әрине, өз орнына, лайықты пайдаланғанда нан кесіп жеп, ет турап қажетімізден шығады. Егер сол пышақты дұрыс қолдана білмесең, ең әуелі қолыңды кеседі, тәніңді жаралайды. Егер теріс пиғыл, жаман мақсатқа қолдансаң, суық қару ретінде кісі өлтіруі мүмкін. Міне, сол секілді балалар қолындағы телефон өз дәрежесінде ғана қолданылса, ата-анамен хабарласуға, ұстаздардан кеңес сұрауға, тапсырма орындауға, білім теңізінен пайдалы ақпараттарды қалқып алуға керек.

Нәпсіңе ерік беріп, бойдағы құмарлыққа жол қойып саусағыңның ұшына, көңіліңнің «құсына» ілессең, өзіңе зияны басым, жүйкеңе жүк болатын, жүрегіңді кірлететін, көңіліңді қарайтатын лас дүниелерге дендеп кіріп кетесің. Оның соңы тәуелділікті, құмарлықты, айықпас дертті тудырады. Адамның ағзасы әр кезде әртүрлі себептермен ауырып қалады. Кейде вирус жұқтырудан, таралған тұмаудан, суық тиюден ауырып қалсақ, дәрі ішу арқылы, укол салдыру арқылы емделіп жазыламыз. Ал, анау «лудомания» деген ауру бір құныққан адамды онан ары батпаққа батыратын, кеселін асқындыратын дерт. Ол бойға бір кіріп алса, емі табылмайтын, тез сауықпайтын пәле.

Жасөспірімдердің құмар ойынға берілуін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, букмекерлік ойын автомарына деген тәуелділік. Бұл көлденең табыс көзін іздеуден, жан қинамай ақша табуды армандаудан туатын құмарлық. Бала әліде ақша табу қабілеті жоқ, отбасының әлсіз бір мүшесі болғандықтан ойынға тігетін ақшаны ата-анасынан, достарынан сұрап алады. Сұрауы көбейе берген соң, ендігі жерде өзін тежей алмай қарыз сұрауға, өтірік айтуға, ұрлық жасауға дейін барады. Соңы қылмысқа айналып, қоғам алдында жағымсыз кейіпкер, жеккөрінішті сүйкімсіз болады. Екіншісі, интернет жүйесі арқылы онлайн түрде ойынға кіреді. Ол қатарласымен, өзге қаладағы әріптесімен онлайн ойын ойнайды. Ол асқына келе шет мемлекетте тұратын бейтаныс адамдармен жұптасып жарысқа кіріседі. Сабақ оқу, кітапқа қарау, тапсырма орындау ол үшін ұмытылады да, бос уақытының бәрін ойынға арнап, есіл-дерті экранға қадалумен өтеді. Үшіншіден, еш мақсатсыз телефонға қарай беру… Бірінен-бірі «қызық» көріністерге бой ұру, қызылды-жасылды жарнамаларға жармасу, роликтер, қысқа көріністер, күлдіргі эпизоттар, нәпсіні қоздыратын көрсетілімдер… осылай жалғаса береді. Бала әлемжеліні қарап отырып өзінің уақытының, алтын өмірінің босқа өтіп кеткенін байқамайды. Санасын қоқыс, кірге толы информациялар жаулап құмарлықтың құдығынан шыға алмай құнсызданады. Достарының алдында керексіз, отбасының алдында масыл болады.

Айтып-айтпай, бүгінгі күннің басты проб-лемасына айналған бұл ауру дәуірдің дертіне, заманның ақауына айналып барады. Болып отырған жағдайдың салдары өте ауыр. Сондықтан да мемлекет болып, қоғам болып, әрбір отбасына дейін ұрпақтың өмірін қорғап, нашар әдеттен сақтап қалуға тиіспіз. Осы тұрғыдан мемлекеттің қыруар ақша бөліп, алдын алу шараларын жасап жатқаны өте дұрыс. Сонымен болды деп қол қусырып қарап отырмай, ақпараттық үгіт-насиқат жасау, балаларға алдын ала түсіндіру, қателіктерді ескертіп сауаттандыруға міндетті. Онан ары отбасы, ата-ана балаға немқұрайлы қармай, балаларының тура жолда болуын қадағалап отыруға тиісті. Мектеп онсызда білім беру мен тәлім-тәрбиені қатар жүргізетін мекеме.
Адам деген бұл күрделі болмыс иесі жақсылық-ты үйретсең тез қабылдамайды, ал жамандықты үйретпесеңде, жылдам, тез жұқтырып алады.

Мейлі темекі шегу, мейлі ішімдік ішу, мейлі телефонға тәуелділік болсын, соның бәрі сананы жаулап, жүйкені улап кіріптарлыққа душар етеді. Бәрі де «қызық» қуудан басталады. Қызықтап жүріп қиындыққа тап болады. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегендей, уақытында алдын алмаған әдет, соңына қарай сор болып жабысып, әбден мазалайды. Біз жоғарыда айтқан букмекерлік клубтар арқылы балалардың берекесін алып жүрген ойын автоматтары мен бәс тігу бәсекесі лудоманияны тудырса, соған жалғаса телефон арқылы кіріп кететін ойынға тәуелділік тұтасып жатыр. Ол еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін қамтылады. Соның салдарынан қаншалаған отбасылар ойран болып күйреуде. Кедейшілікке ұрыну, жоқшылыққа тап болу, некеден аджырасып әйел жесір, бала жетім қалу көптен көрініс беріп жатыр. Ал, уыздай бала, уылжыған сәбилер асыл ми, ақылды сәттерін қор қылып залалды нәрселермен жанын жаралап жатыр. Уақыты сырап болып, жастығы қор болып, өмірі өксіп өтуде. Ондайлардан ертең ұлтқа, мемлекетке пайдалы адам шықпайды. Руханияты қайыршы, денсаулығы нашар, ойсыз тобырдың шығары анық.
Ендеше, қоғам не істеу керек? Алақан жайып отыра берсе, ауру асқынбаса, жақсармайды. Қоғамның бір мүшесі ретінде біздің ұсынар рецеп: Біріншіден, ата-ана өздерін өздері тәрбиелеп, бала алдында түзу және өнегелі өмір сүруге тиіс. Олар кітап оқуға, спортпен айналысуға, ұлттық құндылықтар бойынша дәстүрлі жолды білуге қақылы. Екіншіден, мектеп күнделікті сабақты ғана айналшықтай бермей, әдеби, мәдени, спорттық, тұлғалық жетілу бағытында тәрбиені күшейту керек. Қысқасы баланың бос уақытын пайдалы, тиімді, үйлесімді нәрселермен айналысуға ұйымдастыра білуге тиіс.
Қоғам күрделі, дәуір аласапыран өтіп жатыр. Мемлекеттің келешегі болып саналатын жастар тәрбиесі ешқашан босаңсымауы керек. «Мөлдір бұлақтың» жұмыстарымен елді көп аралаймыз. Облыстар мен қалалардағы кездесулерден түйгенім, ата-аналар мен ұстаздар қауымының басты көздегені бала ҰБТ-дан үздік баға алса, жоғары оқу орынына грантқа түссе деген тілек басым. Ол үшін мектептің қызмет көрсетуіне риза болмағандар ақысын төлеп, қосымшаларға береді. Ақшасын да, басқасында аямай білімді болуға баулып жатыр. Дейтұрсақта, бір ата-ана «Балам адам болсын, әділетті, мейірімді» болсын деп тәрбиелеп жатқанға ұқсамайды. Осының натижесінде қабілеті бар ұлттық қаны жоқ, білімі бар адамдық білігі жоқ, жоғары көрсеткіші бар, тұлғалық сипаты жоқ бір щоғыр буын өсіп келеді. Қараған көзге кемшіліксіз көрінгенімен, үңілген кісіге үңірейіп тұрған бостықты көруге болады.
Мен білетін екі бала бар. Біріншісі, туысқанның есейіп қалған ұлы. Үйіміз ауылда тұратындықтан, интернет сигналы өте әлсіз, тіпті жоққа тән деуге болады. Бала интернет ойындарына өте құныққаны сонша, айналасындағы дүниеден байланысын үзіп оқшау халде өмір сүреді. Ол үшін интернеттің болғаны, ютубтағы ойындардың үзіліссіз жалғасуы бәрінен маңызды. Алда-жалда телефоны ұстамай қалса, қарадай ашуға булығып, боқтап, телефонын жерге ұрып сындыру оның үйреншікті әдеті. Сабақ оқу, тапсырма орындау ол балада болмайды. Жұмыс айтқың келсе, қасына барып, құлақ қабын алып, иығынан нұқымасаң, ешқашан мойын бұрмайды. Екінші бала көршінің ұлы, ойындарға кірмейді. Бірақ, ютубтағы есепсіз жаңалықтарды бірінен кейін бірін көріп, түпсіз тереңге сүңгіп, телегей теңізге батады. Отбасының тірлігіне назар аудару, есік алдындағы бақшаны суару, үй алдын жинау дегендер ол үшін сызылып тасталған. Ең масқарасы көріп отырғанына берілгені соншалық, дәрет сындырғысы келіп қысылғанда әлгі тамашасын үзіп алмау үшін қолындағы ноутбугін көтере жүгіріп әжетханаға кіріп бара жатады. Сырт көзге жағдайы өте аянышты!… Анасы жұмыс тапсырғанда беретін жауабы біреу ғана «Қазір»… Бірақ, сол «қазірдің» орындалғанын ешқашан көрген емеспін. Баланың санасы, әбден уланған, ми істемейді, сыртқы ортадан ажырап, анау бір электронды вертуалды қиял әлеміне біражолата сүңгіп жоқ болғаны анық.
Осындай кезде имани-инабаттылық тәрбиенің қажет екенін көреміз. Психологтардың жұмысының жетпей жүргенін байқаймыз. Ата-ананың шарасыз сабылып сарсаң болып жүргенін көреміз. Мұғалімдер не сөзін тыңдата алмай, не тапсырмасын орындата алмай тоқырап отыр. Ондай балалар аз емес. Оларды құрдымнан құтқарып, адамдықтың жолына салу үшін қамдануға тиіспіз. Біріншіден, мемлекеттің бағыт-бағдарын басышылыққа алған абзал. Екіншіден, ата-ана перзенттерімен көбірек уақытын өткізіп, сырласына, силасына айналуға тиіс. Мектептер баланы телефоннан алыстатып, уақыттарын тиімді пайдаланатын шаралар ойлап табуға ізденістер жасау керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді, ата-ана, қоғам, мектеп үш жақ бірлескен «одақ» қана тығырықтан шығуға мүмкіндік береді.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ