Ұрпақтар сабақтастығының өзегі – адалдық болуы тиіс
– «Бұл жиынның мақсаты – биыл Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды», – дейді шараны ұйымдастырушылар. Дөңгелек үстел жұмысына қоғам қайраткерлері, Мәслихат депутаттары, Астана қаласының құрметті ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, еңбегімен ерекшеленген білікті мамандар қатысты.
Жиналғандар Құрылтай тұжырымдамасына сәйкес «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбын талқылап, адал еңбектің жетістікке әкелетіндігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Бүгінгі жиналысқа қазақстандық Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымының төрағасы, Полиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков ақсқал да келіп қатысып «Адал азамат – Адал Еңбек – Адал табыс» қағидасын орнықтыру үшін тәрбие жұмысын бала бақшадан тартып жүргізу керектігін айтты.
– «Халқымызда «бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Бүгін әр саладан келіп бас қосып, өзекті мәселелерді ортаға салып, бірлігімізді танытып отырмыз. Мен ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Бүгінгі таңда біздің бірлестіктің 45 филиялында есепте тұрған 80000- нан астам ардагерлер бар. Біздің сала күштік құрлым болып есептелетіндіктен өзге министрліктермен салыстырғанда адам саны көп болып табылады. 100000-нан астам полицейлер, Ұлттық ұланның сарбаздары бар. Біздегі қызметкерлердің арасында жоғары біліммен келгендер де әскери міндетін өтеп болғасын қызметке келгендер де бар. Жас полицейлеріміз, тергеушілеріміздің қатарында «Адал азамат, әділетті қоғам» деген тақырыпқа келгенде кейде түсінктері әртүрлі болып жататындары кездесетіні жасырын емес. Сондықтан біздің Қоғамдық бірлестіктің ең өзекті мақсаты- жас полицейлерімізге, сарбаздарымызға, тергеушілерімізге өмірлік тәжірибелеріміз бен білген ақылымызды қағидаға сай еңбекке, әскери міндеттері мен берген анттарына берік болып ойдағыдай қызмет жасауға тәрбиелеу. Әрбір қызметкер отанды сүйіп, антына сай қызмет атқарса Мемлекет басшысының айтып отырған «Адал азамат, әділетті қоғам» деген қағидасы орнығады дейміз.
Соңғы кезде отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстарының қатары көбейді. Осыған байланысты қылмыстық кодекске арнайы баптар қосылып, жазасын қатайтып, күшейтіп жатыр. Оның да негізгі мақсаты – «Адал азамат, әділетті қоғам» құру екені белгілі. Сондықтан бала бақшадан тартып, мектепте, отбасында жалпы қоғамда тәрбие жұмыстарына барынша көңіл бөлуіміз керек», — деді ардагер Өмірзақ Құспанұлы сөз кезегінде.
Бүгінгі басқосуға жиналған әр саланың өкілдері сөз кезегінде ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмыс пен қоғамдық сананың қалыптасуы тұрғысында тұшымды ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен «Зия-лы ұрпақ» мектебінің директоры Бауыржан Жәдігеров білім саласынадғы кейбір олқылықтарды да атап өтті.
– «Бүгін аға буын өкілдері, ата-аналар мен жастар бар, үш ұрпақтың өкілдері бас қосып, пікір алмасып жатырмыз. Жоғарыда барлықтарыңыз өздеріңізді толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, көп дүниені өзгертуге тырысып жатырсыздар.
Мен мектеп директоры ретінде айтарым, ата-ана деген түсінік бар. Олардың көбі қазір жастары 40-50 шамасындағы, бала оқытып, тәрбиелеп отырған азаматтар. Міне осы кісілерге қажетті тәрбиені кезінде жіберіп алдық. Олардың көбі материалдық құндылықтың соңында кетіп қалды. Соның кесірінен бізде рухани құндықтар өте әлсіреп кетті. Қазіргі жастарды «бұзылып барады» деп байбалам салудан аулақпын. Білімді, ақылды ұрпақтарымыз өте көп. Дегенмен, рухани өзегі бос адамдардың да қатары қалың болып тұр. Ашығын айтқанда қазіргі Қазақстан керемет роботтарды
тәрбиелеп жатыр.
Соның айқын дәлелін мектептерден көріп жүрміз. Қазір мектептерде өте талантты, білімді оқушылар бар. Жастарымыз білім жағынан жақсы дамып келеді. Мектептерде жаңа технологиялар, жақсы шарт жағдайлар барлығы жасалған. Бірақ жастармыз рухани жағынан бос… Бұқар жыраудың «Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын, шешімін таппас дау бар» — деген сөзі еске түсіп отыр. Мұнда Бұқар жырау батыр, әкім, ақын туралы айтқысы келіп отыр. Бұл үшеуі де қазіргі таңда өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Батыр дегеніміз қазіргі кәсіпкерлер, бизнесмендер. Олар бүгінгі күннің батырлары. Осы кісілер рухани бос адамдарды да жұмысқа ала алады. Біз оны көріп жүрміз. Мысалы «Нәтиже» деген компания бар. Бұл компанияға жұмысқа тұрғысы келетіндерге «қазақ тілін жақсы меңгерген болуы керек» деген талабы бар. Міне, идеология! Яғни осындай азаматтар қоғамды өзгертіп жатқан батырлар. Ал ақындар дегеніміз біз мұғалімдер, белсенді азаматтар, жүргізушілер… Яғни идеологиямен айналысатындар біздер болуымыз керек», — деді Бауыржан Ержанұлы.
Кеш қонағы ретінде шақырылған батыр-полицей Арман Сәрсембаев «Ерлігі үшін» медалімен қандай ерлік істері үшін марапатталғаны және адал еңбек жетістіктерге жетелеп, абыройға бөлейтінін айтты.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел жұмысына қатысқан жас маман, «My Mind» медициналық технологиялар саласындағы стартап әзірлеушісі Ю. Тумгоев жастардың ғылымға сіңірген еңбегі мен аға буын өкілдерінің өнегелі істері арқылы жас мамандарды еңбекке баулу туралы ойын білдірді.
Кеш соңында Белсенді ұзақ өмір сүру орталы-ғының директоры Мұхтар Еркетаев дөңгелек үстел қатысушыларына алғысын білдіріп, «Ұрпақтар сабақтастығын» жалғастыруда зейнеткерлердің мол тәжірибесі мен өмірден түйіндеген нақыл сөздері маңызды екенін баса айтты.
Дайындаған –
Ерқазы Айтмұхаммедұлы