Қазақстан балалары шығармашыл интелигенция

Осыған дейін 2024 жылы 14 қаңтарда Алматыдағы «Достық» үйінде қос министр бірлескен дөңгелек үстел өткізді. «Қазақстан балалары шығармашыл интелигенция» тақырыбындағы бас қосуды Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева ханым мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза тізе қоса отырып жүргізді. Содан бастап сең қозғалды!…
Міне, енді 14-15-16 ақпан күндері үш күн бойы Алматыдағы 6 ауданның (Алатау-Наурызбай, Алмалы-Әуезов, Бостандық-Жетісу) мектеп директорлары, оның орынбасарлары, кітапханашылар, ата-аналар өкілдері мен республикадағы 28 балалар басылымының бас редакторлары, басылым өкілдері кездесу өткізді.
Шараны министрлікке қарайтын Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана (Асқаров — 47 Б) ұйымдастырды. Кітапхана директоры Әлия Сайдембаева ханымның тапсырмасымен жұмыс басталып кетті. Кітапхана қызметкерлерінің атсалысуымен шара үш күн бойы аудандар бойынша жалғасты. Ендігі кезек соңғы екі ауданмен (Медеу-Түріксіб) 19 ақпанда өтеді.
«Шығармашыл интеллигенция Қазақстан балаларына» деген тақырып аясында өткен шара барысында 28 балалар басылымының редакторлары өздерінің газет-журналдары туралы информация беріп, ерекшеліктерін таныстырды. Кеңестер кезінен бастап шығып келе жатқан басылымдардың алдына 100 жыл болыпты. Ал, тәуелсіздіктің қарлығаштары болып саналатын жаңа басылымдардың соңғысына шыға бастағалы 1 жыл екен. Солардың қатарында «Қазақстан Дәуірінің» аясында жарық көріп келе жатқан «Мөлдір бұлаққа» 22 жыл болды.
Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Мақсатымыз ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет ету. Басылымдар Мәдениет министрлігіне қарағанмен, балалар газет-журналдарының оқырмандары мектепте. Сондықтан да Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі ортақ жұмыла қимылдаған іс-шара өте дер шағында өтіп отыр. Ол қазақ баспа сөзін қолдау, оқуға құштар мектеп жобасын дамыту, оқушылардың таным көкжиегін кеңейту, ұлттық құндылықтар бойынша жалпы ұлттық тәлім-тәрбие беруге деген тың бастама. Балалар басылымына жазылу үшін ең бірінші қолдаушы ұстаз және кітапханашы. Екінші, ата-ана (ақша ата-ананың қалтасында). Үшінші, баланың ықлас-ынтасы. Мектеп оқушыларының жасына қарай әртүрлі деңгейде шығып жатқан басылымдар өз оқырмандарын таба алады. Тек қана ұстаздар шәкірттерді ауыздандырып, ынталандыра алса, көмескі жатқан «бұлақ көздерін» аша білсе, оқушылар оянады.
Алматыдан басталған бұл үрдіс алдағы жерде Астанада, Шымкентте, онан өзге облыстарда жалғасын таппақ. Осылайша тиражы құлдырап бара жатқан балалар басылымының тамырына қан жүгіреді деген сенімдеміз. Өйтпесек, бір кезде таралымы 300 мың данаға жеткен басылым 10 мыңға түсіпті. Алдын алу шарасын қолданбаса, төмендеген үстіне төмендеп жабылып қалмасына кім кепіл?!… Вертивальді әлемге кіріп кеткен баланың басын, қағаз бетіне қайта шығарып, қазақы тәрбиеге бейімдеуде кезек күттірмейтін мәселе.
«Кітап оқу тоқтаған жерде адамның ойлауы да тоқтайды» екен. Ойлау тоқыраса, адам малданкөрі аңға жақындай бастайды. «Кітап бетін ашпайтын ұрпаққа болашақта есігін ашпайды».
Интернет пен телефон көптеген құндылықтарды жұтып жатыр. 2019 жылы басталып үш жылға созылған пондемия кезіндегі карантин басылымдарды оқырманынан айырды. Ол болса, ұлттық құндылықтардан мақұрым етіп, ұрпақтарымызды дәстүрлі руханиятынан алыстата бастады. Ендеше, мемлекет болып балалар басылымының тағдырына бас ауыртуымыз керек..Сондықтан да қос министр қозғаған іс-шараны қоғам болып қолдайық!…
Дәулетбек Байтұрсынұлы
«МӨЛДІР БҰЛАҚ» журналының бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ