Туған жерім Шешенқара

Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
– деп, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай әр адамның кіндік кесіп, кірін жуған аяулы мекені бар. Менің туған жерім, киелі мекенім, кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі қастерлі мекен – Шешенқара жері. Осы өлкеде мені әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туғандарым мен туыстарым, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебісіп өскен достарым дүниеге келген. Адамға туған жерінен ыстық не бар? Туған жерді сүю, оның әрбір тасы мен тауының, аққан суы мен мөлдір бұлағының, кең даласын қадірін білу, сол жерде дүниеге келген әрбір перзентінің азаматтық борышы.
Туған жер,
Туған топырақ,
Қарашы менің көзіме!
Жұмыр жер жырын оқып ап,
Құсша ұшып келем өзіңе.
Құсша ұшып келем Арқаға,
Алады күтіп анашым.
Дүниежүзілік саяси картада
Сен – жалғыз нүкте ғанасың.
Иә, мен үшін дүниежүзілік картадағы ең ыстық нүкте – туған жерім Шешенқара. Шешенқара – тау аты. Жалпы, Шешенқара аталу себебі туралы екі түрлі аңыз бар. Шешенқара атауы ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ-қалмақ жаугершілігі тұсында пайда болған. Аңыз бойынша Цэцэн қалмақ қызының аты. Қазақ тілінде шешен – тілі өткір, қара – биік тау деген мағынада келеді. Халық аңызы Шешенқара мен Ботақара тауларын бір аңыздың желісіне тоғыстырады. Ботақара тауының шығу тегін ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Нарбота батырдың атына байланысты делінеді. Аңыз бойынша жаугершілік заманда қазақ пен қалмақтың соғысы болады. Қазақтар бекінген жер Ботақара болса, қалмақтар бекінген жер Шешенқара болған. Сол шайқаста жекпе-жекке шыққан екі батыр Нарбота мен Цецен қыз болады. Нарбота шайқас кезінде қалмақтың батырын іштен шалып лақтырмақ болып, мойнынан құшақтап ұстаған кезде, батырдың қолында қалмақ батырының дулығасы қалып қояды. Нарбота анықтап қараса, алдында тоқпақтай қара бұрымы төгіліп қыз бала тұрады. Иә, бұл қалмақтың сұлу да батыр қызы Цецен болатын. Екеуі бұрында бір-бірімен кездескендіктен тани кетеді.Сол себептен екі жақ сол шайқаста бітімгершілікке келіп, той жасаған екен. Сол тойда садақ ату, мергендікпен көзге түскен екі батыр бір-біріне ғашық болады. Бірақ, қалмақтың кекшіл жігіттері қастандықпен Нарботаны садақпен сұлатып түсіреді. Ойлануға да үлгермеген Цецен де, беліндегі күміс оқалы кісесінің қынынан болат кездігін суырып алып, Нарботамен бірге ажал құшады. Содан бері қазақ әскерлері орналасқан қара шоқы – Ботақара, көз ұшында көрінген биік тау Цецен, яғни Шешенқара деп аталады.
Кейіннен осы аңыз желісінде, екі ғашықтың тағдыры талай жырларға арқау болады.
Арманда өткен қос мұңлықтан мұрасың,
Ескерткішсің, мәңгі жария тұрасың.
Шешен ару – сарасың, Бота батыр – дарасың,
Болашаққа ән-жыр болып барасың.
Міне, менің туған жерімнің аталу себебінің бір тарихы осындай.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп тегін айтылмаса керек.
Расымен, ауылдан алыс кетіп, қазақ даласының барлық жерін араласам да, өзімнің туған мекенімнен артық жер жоқ екеніне сан мәрте көзім жетті. Сол сапарлардан ауылға келе жатқанда, алдыңнан көрінген әрбір төбе, ағаш, тау… бәрі де көзіңе ыстық болып, оттай басылады. Сол кезде, адамның табан тірер тұғыры – туған жері екен ғой деген ойға қаласың. Туған жер – ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер, әз анамыз. Адамзатта екі ана болады. Ол жарық дүниеге әкелген анасы және де осы дүниеде өз бауырында аунатып өсірген жер анасы, туған жері. Адам баласына туған жер, ел, атамекен, атажұрт, отан – деген ұғымдар жүрегіне жақын ұғымдар. Атамекен – туған халқының, ұлтының мекен еткен, ата-бабасының қоныс тепкен жері. Туған жер – әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген жері. Адам өмірге келіп, ес жия бастаған сәттен өз болашағына, өткеніне ден қоя бастайды. Адамның болашағы да, өткені де туған жермен тығыз байланыста болады. Халқымыздың туған жерді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қадір тұту қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен дарыған. «Атамекен – алтын бесік» деп, ата-бабамыз тегін айтпаған. Ол өз перзентіне барын, нәрін береді. Төсінде тербетіп, аялап әлпештейді.
Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету әр бір азаматтың игі арманы, мақсат мүддесі. «Ұлтарақтай болса да, ата-қоныс жер қымбат» деген мақал әр адамның жүрегіне терең ілтипатпен алынатын мақал. Туған жердің табиғаты да бір ерекше! Аяулы мекенімнің жанында сырғи ағып жатқан Нұра өзенінің сұлулығын жырлауға тіл жетпейтіндей. Жәй ғана сабырлық қалпынан танбай ағып жататын өзен, көктемде асау мінез көрсетіп, бір буырқанып алатыны да бар. Сонымен бірге, Нұра өзенінің саласы Алтынсу өзені де туған жер табиғатына көрік беріп тұрғандай. Шешенқара жерінің айналасында орналасқан Алтынды, Таупатшасы, Сүмбілтауы, Шакар қыстауы, Қарасу мекені, Қажықонған, Диірмен жері біздің қиялымызға қанат бітірген, балалық бақытты күндерімізге куә болып жатқан қасиетті мекендер. Біз бұл жерлердің шығу тарихымен таныспыз. Болашақта топырағынан нәр алған туған жердің табиғатын қорғап, туған жерімізге қызмет ету борышымыз.
Шешенқарам, асқағым, асқарым,
Ботақара егізім, сыңарым.
Тел емген құлындай,
Дариям бар Нұрамдай,
Байтақ далам, аңыз өлкем, тұмарым, мұнарым!..

Нуритденова Даяна, Шешенқара ауылдық кітапханасының оқырманы,
«Собеседник» үйірмесінің мүшесі,
Қарағанды облысы

ПІКІР ЖАЗУ