Ұрпақ қамы — ұлттың қамы

Астана қаласында Тіл басқармасы және Білім басқарма-сының қолдауымен «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тұрар Сәттарқызы «Аққу» балабақшасында «Өнегелі ата-ана – өрелі ұрпақ» жобасы аясында «Балаңды қазақша оқыт» тақырыбында рухани-танымдық кездесу ұйымдастырды.

Іс-шараның идеясы – ұрпақ тәрбиесіне жауапты ата-ана өзі өнегелі, тәрбиелі, рухани бай болуы тиіс деген ұстаным. Рухани іс-шараның мақсаты – жас ата-аналардың ұлтымыздың терең тамырлы, өнегелі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, дәстүрлі өнер мен ұлттық құндылықтары туралы білімдерін тереңдету, халық даналығының мән-мағынасын ұғындыру, отбасындағы ұлттық тәрбиенің қажеттігін насихаттау, ұлт құндылықтарын дәріптеу.
Тұрар Сәттарқызы көптен бері қала мектептері мен балабақшаларында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт және тіл жанашырларымен кездесулер өткізіп келеді. Дәстүрлі кездесу реті бойынша «Аққу» балабақшасында ата-аналар ұлт руханиятының жанашыры, Еланасы, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, қоғам қайраткері, Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының, «Елана» сайтының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызымен кездесті.
Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы сөзін «Ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталады» деп бастап,
– Қарақтарым, мені не алаңдатады? Бүгінгі балалардың тәрбиесінде кетіп жатқан кемшіліктерден уайымдаймын. Жас ата-аналарға рухани тәрбие жетпей жатқаны және бүгінгі ата-ананы тәрбиелеу керек екені мазалайды. Айналайындарым, алдымен ата-ана сендер дастархан басында балаға жаман нәрсе айтпай, өнегелі, өрелі әңгіме айтып үйреніңдер. Баланы тәрбиелемес бұрын, алдымен өзіңді тәрбиелеу керек екенін естен шығармаңдар, — дей келе, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызына баса тоқталды. Cонымен қатар өзі басқарып отырған «Qazaqstan dauiri» газетінің мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналының тыныс-тіршілігімен таныстырып, ата-аналарға газет оқудың артықшылығы мен балаларды кітап оқуға баулу үшін алдымен балалар журнал оқу арқылы қызығушылығын оятудың маңыздылығы жөнінде әңгімелеп берді.
Ал жиын барысында сөз алған ата-ана Мөлдір Бәзіл:
– Мектепте оқушы кезімде «Мөлдір бұлақ» журналына қатты сүйіп оқитынмын. Біздің мектеп оған жазылмайтын. Бірақ мен лагерьге барғанда осы журналмен танысып, кейін мамамның артынан қалмай жүріп арнайы жазылып оқығанмын. Қазір сол кез есіме түсіп отыр. Қатты қуанып тұрмын, енді өзімнің балаларыма жаздырып, оқытатын боламын. Біріншіден, осындай кездесу өткізіп отырған балабақша ұжымына алғыс айтамын. Сіздерге рақмет! Сәуле Мешітбайқызы айтқан мәнді-мазмұнды әңгімеңізге, тәлім-тәрбиеңізге рақмет! Мұндай кездесулер жиі өтіп тұрса деп ойлаймын. Балаларымызды өзінің туған ұлтына жат қылмай, өз ұлтының жанашыры қылып өсіру біздің міндетіміз. Балаларымыз алдымен ана тілінде сөйлеуі керек. Өкініштісі ата-аналар балаларымен орысша сөйлесіп жатады. Біз үймізде принципті түрде қазақша сөйлесеміз. Өтініш, ата-аналар балаларыңызды қазақ балабақшамына әкеліп тұрсыздар ғой. Енді баламен қазақша сөйлессеңіздерші. Бала бақша басшылығы, ата-аналар осы мәселені бақылауымызға алып, үнемі қазақша сөйлеуге дағдыланайықшы, — деді. Әрине көзі ашық, көкірегі ояу кез келген адам, мейлі қандай ұлттың өкілі болмасын алдымен өзінің ана тілінде сөйлеуі, өзге тілді үйреніп, құрмет тұтуы заңдылық. Ақын Қадыр Мырза-Әлі,
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, — деп, өсиет етті. Тәрбие мен білімнің қайнар бұлағы – ана тілінің тағдыры, біздің, ертеңгі ұлтымыздың, мемлекетіміздің тағдыры. Сондықтан алдымен ана тілімізде білім нәрімен сусындап, болашақ еліміздің тірегі болу – әрбір қазақ баласының перзенттік міндеті.
Алайда «балам қазақ балабақшасында тәрбиеленсін, қазақ мектебінде оқысын» деп мақсат еткен ата-ананың үйінде, көшеде өз баласымен орысша тілдесетініне де жиі куә боламыз. Ата-ана баласын қазақша тәрбиелеуге тәуекел етті екен, баланың санасын улап, бағытынан жаңылдырып, неге орысша сөйлеуге жол береді. Бұл өз баласының психологиясымен ойнау емес пе!? Алдымен баланың ой-өрісі қалыптасып, санасы толысқанша ана тілінде оқысын, тәрбие алсын деген мақсатқа ата-ананың алдымен өзінің адал болуы, жауапты болуы, ана тілінде сөйлеуі керек қой. Сондықтан баламның тілі неге өзге тілде шығып жатыр, неге бала өзге тілде сөйлеуге әуес деп алаңдаған кез келген ата-ана алдымен өзінің қай тілде сөйлеп жүргенін де үнемі бақылауда ұстағаны жөн болар еді.
Ал «Мойнына бұршақ салып» қазаққа балаңды қазақша оқыт, қазақша сөйле деп жүрген тіл жанашырларының жанайқайын қоғам болып қолдасақ, кәні!

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ