Сәкен мұражайы – Астанадағы қазақ руханиятының қарашаңырағы
Отанымыздың бас қаласы – Астанада «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық кешені, «Мәңгілік Ел» салтанатты аркасы, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалдық кешені, Сәкен Сейфуллин мемлекеттік мұражайы кіретін Астана қаласының біріккен мұражайлар дирекциясы жұмыс істейді. Осы мұражайлардың ішінде Сәкен Сейфуллин мұражайы – Ақмола облысы көлеміндегі жеке тұлғаға арналған жалғыз мұражай.
Біз қазақтың бір туар ұлы, «Сегіз қырлы, бір сырлы» Сәкен Сейфуллин туралы және Сәкен мұрасын көзінің қарашы-ғындай сақтап, жинақтап, жан-жақты насихаттап отырған мұражай туралы білу үшін С.Сейфуллин мұражайының алғашқы директоры, ҚазССР оқу-ағарту ісінің озаты, еңбек ардагері Роза Иманғалиқызы Асылбекова және Тарихи-мәдени мұра және экскурсиялық ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қарлығаш Бекқалиқызы Жумахановамен сұқбаттасқан едік.
– Роза Иманғалиқызы, биыл 35 жыл толып отырған мұражайдың тарихын айтып берсеңіз…
– Шын мәнінде, атағы аңызға айналған қазақ халқының ардақты да аяулы ұлы Сәкен Сейфуллин мұражайы Алматыда ашылуы керек еді. Мұражай ашу мәселесі 1958 жылы Сәкен ақталғаннан кейін талай мәрте көтерілгенімен, рұқсат берілмеді. Жары Гүлбаһрам апай да көзі тірісінде өз үйінің екі бөлмесіне Сәкенге қатысты жәдігерлерді жинақтап, Алматыда мұражай ашсам деген арманымен басшылыққа қаншама рет ұсыныс айтса да үміті ақталмады. Мұражай тек 1988 жылы 20 ақпанда Целиноград (Ақмола, қазіргі Астана) қаласында ашылды. Негізінен 1980 жылдардан кейінгі «жылымықтың» арқасында Сәкен мұражайын ашу туралы жиірек айтылып, халық өзінің ақтаңдақ тарихын түгендей бастады. 1985 жылы ақсақалдардың қолдауымен, халықтың сұрауымен Ақмола облыстық ескерткіштерді қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Молдахмет Досаев ағамыздың облыс басшыларына жазған хатының арқасында Сәкен мұражайын ашу мәселесі шешімін тапты. Мен ол кезде қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болатынмын. Досаев ағай мұражайға ғимарат мәселесімен келгенде, сол кездегі С.Сейфуллин кітапханасының жанындағы ХІХ ғасырдың көне ағаш үйінде балабақша орналасқан еді. Бір аптаның ішінде соны босатып, Досаев ағай мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Б.Г. Маевскийге табыс еттім. 3 жылдай жөндеу жұмысы жүргізілді. Экспозиция дайындау облыстық музейден әдебиет бөліміне жүктеліп, 1988 жылы 20 ақпанда жоғарыда айтқандай, музей ашылды. Мен музейге сәуір айында келіп, 2002 жылға дейін қызмет еттім.
– Алғашқы жылдары мұражайға Сәкен Сейфуллинге қатысты жәдігерлерді жинау қиын болған шығар?
– Оңай болған жоқ. Ақынның өмірі, шығармашылығы түгілі атын атаудың өзінен қорқатын сонау алмағайып кезеңде көптеген дүниелердің қолды болғаны өкінішті-ақ. Әйтсе де біраз дүниенің сақталып қалғаны көңілге медет. Сәкенге қатысты деректерді, жәдігерлерді жинау мақсатында Сәкеннің болған, ізі қалған жерлердің бәріне бардық. Қаражат жоқ, телефон істемеген, күзет болмаған күндер болды. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденістің арқасында біраз материалдар жинақтадық, 1989 жылы облыс басшысы болған Қ.А. Таукеновтің көмегімен екінші ғимаратқа қолымыз жетті.
Алматыға Тұрсынбек Кәкішевке бардым, Жаңарқаға туған жері Қарашілікте, Сейфуллин савхозында болып, Сәкенді көрген көнекөз қариялармен кездестік. Молдахмет Досаев ағай екеуіміз, Жезқазғаннан материал жинадық. Мәскеудің жанындағы күллі совет одағының 1917 жылдан кейінгі тарихы сақталған «Красногорский архив, кино-фото документов» деген мекемеге барып, біраз материал тауып әкелдім. 1936 жылы Мәскеуде Қазақстанның декадасы өткенін тарихтан білеміз. 10 күндік декадада қазақтың талантты-дарынды өнер майталмандары ұлтымыздың өнер мен мәдениетіне Мәскеуді бас идіріп, тамсандырып келген сол бір керемет кездерді қазір біреу білсе, біреу білмейді. Осы 1936 жылғы декадада Сәкен және басқа да алаш ұлдары түскен суретті тауып әкелдім. Бұл сурет мен алып келгенге дейін Қазақстанның, Алматының музей, архивтерінде болмаған. Кейін Қырымбек Көшербаев мәдениет министрі болып тұрғанда «Мынау еш жерде жоқ сурет қой» деп сұрап алып, көбейтіп әкеп берді. Қазір шүкірол сурет барлық жерде бар.
Мұражай алғаш ашылған кезде ұжымымыз шағын, қорда Сәкенге қатысты бірнеше сурет, алтын сағаты, чемодан, пиджак қана бар еді. Гүлбаһрам апайдың табандылығының арқасында сақталған біраз заттары, 1973 жылы апай дүниеден өткенде түгел дерлік Алматы ұлттық мұражай қорына тапсырылған екен. Соның оншақтысын, атап айтқанда, Гүлбаһрам апай салғызған Сәкеннің майлы бояу портреті, визит карточкасы, ақ кереуеті, аяқ киімі, иісмай құятын құтысын сол кездегі мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтың көмегімен өзіміздің мұражай қорына алдық. Гүлбаһрам апайдың үш сіңілісі бар еді, олар да қолдарынан келгенше, көмегін аямады. Көкшетау, Орынбор, Омбы, Қызылорда, Ташкенттен Сәкенге байланысты көп жәдігерлер, деректер, естеліктер жиналды. Сөйтіп ақырын-ақырын өзіміз экспозицияны өзгерте бастадық. Оған қазіргі музей экспозициясы куә.
– 1994 жылы Сәкеннің 100 жасқа толған мерейтойы аталып өткені есімде. Ол кезде мен Жамбыл атындағы мектептің оныншы сыныбында оқитынмын. Сәкен тойының сән-салтанаты келісіп, ұлттық рухты серпілтіп, керемет өткенін халық ұмыта қойған жоқ. Сол мерейтойдың басы-қасында Сәкен мұражайы ұжымының болғаны анық…
– Иә, 1994 жылы Сәкеннің 100 жылдық мерейтойына дайындық басталды. Музейге келушілер өте көп болды, қалаға кім келсе де музейге келмей кетпейтін. Сәкен кітапханасына да адамдар үздіксіз көп келетін. Қаладағы сол кездегі мектептермен, техникумдармен, әсіресе педагогикалық институт Сәкен атындағы, кейін Сәкен атымен аталған аграрлық университетпен тығыз байланыста болдық. Біз өз тарапымыздан лексионный жұмысты ұйымдастырып, өзіміздің ғылыми қызметкерлерімізге жоспар беріп, қолға ұстайтын жеңіл-желпі жылжымалы көрмемен барып лекция өткізетінбіз. Сәкенді темірқазық етіп, халқымыздың ұлттық мұрасын, әдет-ғұрпын да назардан тыс қалдырмайтын едік. Сәкен тойына республикамыздың түпкір-түпкірінен көзі қарақты адамдар көп жиналды. Мектеп оқушылдарын, студенттерді, жастарды іс-шараға көптеп тарттық.
1990 жылдардың басында Ақмолада ұлттық екі қара шаңырақ болса, бірі Жамбыл атындағы 4 мектеп-гимназия, бірі Сәкен музейі еді. Ақмолада 70 жылға жуық кеңестік жүйенің билігі сетінеп, қазақтың рухы қайта жаңғырған тарихи кезеңінде Сәкен ойы арқылы рухани сілкініс жасадық деп айта аламын. Қазақ руханиятының қарашаңырағы ретінде «Егемен Қазақстанның» редакциясы көшіп келгенде ерулік бердік.
– Cәкен ескерткіші қалай ашылды?
– Cәкен ескерткішін жасау үшін республикалық байқау жарияланды. Ескерткішті республикалық байқауда жеңім-паз атанған белгілі мүсінші Азат Баярлинге жасады. Ол ескерткішті Қарағандыда жасады. Сәкеннің 100 жылдық мерейтойына орай туған күнінде ескерткіштің ашылу салтанаты болды.
100 жылдықта экспозицияны түгел ауыстыруға мүмкіндік болмады. Светлана Жалмағанбетованың көмегімен ғимарт-тың бір бөлмесіне жақсы ремонт жасап, ұлттық нақышта киіз үй жасадық. Сәкеннің қайда жерленгені де әлі белгісіз ғой, сондықтан Сәкеннің үйі сияқты болсын деген ниет. Сол залда 100 жылдықтың негізгі рәсімдері өтті. Далаға киіз үйлер тіктік, тарихи көрініс көрсетіп, алтыбақан, ойын-сауық ұйымдастырдық. Қазіргі Е. Рахмадиев атындағы филармонияда (Конгресс-холл) үлкен шығармашылық концерт болды. Барлығы халықтың арқасы, Сәкеннің туыс-туғандарының, әсіресе Сәкеннің інісінің қызы Әлімжан Сейфуллина, Мәжит Сейфуллиннің әйелі Әмина апай, Рымжан Сейфуллина, Сәкенді көрген Қарпық Құсаинов, секілді ғалым, ақын-жазушы ағаларымыз көп көмектесті.
– Сәкен туралы айтқанда, «әттеген-ай» дейтін кезде-ріңіз бар ма? Қазіргі сәкен-танушыларға, мұражай ұжы-мына қандай тілегіңіз бар?
– Әлі де Сәкеннің ашылмаған қырлары, зерттелмеген тұстары, мақала-материалдар өте көп. КГБ-дан, архивтен атылғаны, тергелгені туралы материалды алдық, 20 минутта тағдыры шешіліп, жазықсыз атылып кетті. Қайда жерленгенін әлі күнге дейін білмейміз, қабірі қайда белгісіз. Сейфуллиндер өздерінің әкесін қойған жерге Сәкеннің туған жылы мен қайтқан жылын жазып, «Өлген жері белгісіз, қойылған жері белгісіз, Айтса, көңіл сенгісіз» деп естелік белгі қойыпты.
Ресей, Мәскеу архивтерінде қолымызға тимей жүрген қаншама құжаттар бар. Тіпті бір адамның тарихы десек те сол дәуірде жасаған тұлғаны сол заманның тарихымен байланыстыра зерттеу керек. Сәкеннің Мәлік дейтін інісі, әйелімен қуғын көріп, жоғалып кеткен, әкесі Сейфолланы атты, бұл материалдар бар.
Бір тәубә дейтінім, Сәкеннің кейіпкерлерінің қазір немерелерінің кездесулері болып тұрады, қызық кездесулер. Мысалы Сәкен кітабында бар Хабиба деген кісінің балаларымен кездесулер болды. Мұражай жылдан жылға көркейіп, Астанадағы көз тоқтатар – ескілікті болса да, рухани, тарихи орынға айналып отыр. Кезінде Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханаға оқушылар, студенттер көп келетін еді. Қазір «Жетінші арна» орналасқан ғимарат С.Сейфуллин атындағы кітапхана болатын. Кітапхана мен мұражай ортасына ескерткіш орнатып, рухани, мәдени-ағарту бойынша үлкен, көрікті комплекс жасаған едік.
Кейбіреулер астанада Сәкен мұражайы барын білмейді, Мынау ескі ағаш ғимарат не деп сұрап жатады. Істеймін деген адамға жұмыс табылады, жұмыс көп.
–Апай, жас оқырмандарымызға рухани танымдық мазмұнға бай әңгіме айтып бергеніңіз үшін көп рақмет!
Сәкен «Сыр сандығының» кілті табылғанымен, «құлыбы» толық
ашылып болған жоқ
– Қарлығаш Бекқалиқызы, Сәкен Сейфуллин музейінің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі қандай?
– 2021 жылы Астана қалалық әкімдіктің Қаулысымен 4 музейді біріктірді. Қазір «Астана қаласының Бірлескен мұражайлар дирекциясы» деп аталады. Сәкен Сейфуллин мұражайы соның бір құрылымдық бөлімшесі. Мен бұл мұражайда 2017 жылдан бастап жұмыс істеймін. Содан бері мұражайдың тыныс-тіршілігі, әрбір істелген істе қолтаңбам бар. Жалпы мұражайдың жұмысы жоспарға негізделеді. Жыл бойғы жасалған жоспарда Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын насихаттау бірінші орынға қойылады. Оған қосымша заман талабына сай республика көлемінде аталып өтетін мерекелер, мерейтойлар қосылады.
Ал мұражайдың қазіргі басшысы Марат Абсеметов тарихшы, ғалым адам. Өзі топ құрып Сәкенді зерттеу жұмыстарына арнайы мемлекеттік грант алуды жоспарлап отыр. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Марат Оралбайұлының кезінде орысша жазған «Сакен Сейфуллин – Председатель Совета Народных комиссаров Казахстана» деген кітабы бар, соны қазақшаға аударып жатыр. Келесі жылы Сәкен еңбектерін түрік тілінде шығаруды жоспарлап отырмыз. «Асау тұлпар» өлеңдер житнағы түрікшеге аударылып жатыр.
Сәкен мұражайының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай дегенде, алдымен атап айтқым келетін жетістігіміз – мұражайымыздың барлық іс-қағаздары мемлекеттік тілде жүреді. Мемлекеттік саясатта қос тілді деген бар. Бірақ мұражайдың құжаттарын қа-зақша жүргізу инициативасын 2010 жылы Несіпбек Айтұлы көтеріп, бірден қолға алған екен. Роза Иманғалиқызының кезінде де біраз құжаттар қазақ тілінде жүргенімен, Н.Айтұлының тұсында толық қазақ тіліне көшті. Республикалық конкурста іс-қағазды қазақ тілінде жүргізгені үшін мұражайымыз жүлделі орын да алды.
Сондай-ақ Н.Айтұлының бастамасымен Сәкен туралы естеліктер, сәкентанушылардың жинақтары, басқа да негізгі зерттеулер қатталған «Сыр сандық» сериясымен кітап шығару ісін жалғастырып, биыл оныншы томын шығарайық деп отырмыз. Бұл сериядағы еңбектер бірін-бірі қайталамайтын тың дүниелер, мұндағы мақсатымыз – Сәкенді ұрпаққа жан-жақты насихаттау, шығармашылығын, тар жол, тайғақ кешу тұнған тауқыметті тағдырын таныстыру.
– Сәкеннің өнегелі өмір жолын, асыл мұра-сын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында атқарлып жатқан жұмыстар барысы қандай?
– Жас ұрпаққа насихатталуы өте жақсы. Қазір астанада 149 мектеп болса, соның 90-ға жуық мектеппен рухани-мәдени, оқу-ағартушылық және ғылыми-танымдық байланыс жасап отырмыз. Көктем мен күзде мектептерге жылжымалы көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар қаладағы 15-20 мектеппен Сәкен мұражайы меморандумға отырған. Мектептерде зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқушылар бізден құжаттар ала алады. Сәкен декадасы өтіп тұрады. Декада кезінде біздің мамандар мектепке барып ашық сабақтар, тәрбие сағаттарын өткізеді. Мұражайға оқушылар келіп, Сәкенге ғана қатысты емес, ұлттық құндылықтар, руханият, мәдениет, тарих, салт-дәстүр секілді түрлі бағытта білімін жетілдіруге мүмкіндік бар. Мектептердегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға арналған тоқсан сайын жоспарлы түрде тегін экскурсия ұйымдастырылады.
Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйіне Сәкен мұрасы жөнінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Жылына бір рет балалар үйіне қайырымдылық акциясы негізінде көмек береміз. Былтыр домбыра сыйладық. Биыл мұражайдың 35 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы қайырымдылық іс-шара жоспарлап отырмыз. Қалалық №2 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектебінң оқушылары мұражайға тегін экскурсияға келеді. Сәкен атындағы университет студенттері келіп, біз жылжымалы көрмемен барып, рухани-мәдени байланыс жылдан-жылға нығайып келеді. №80-інші Сәкен атындағы мектеппен бірлесіп Роза Иманғалиқызының кезінен жалғасып келе жатқан Сәкен оқуларын өткіземіз. Жылда Сәкеннің туған күні қарсаңында өтетін бұл іс-шара Сәкеннің прозасы мен поэзиясы, Сәкеннің драматургиясы, Сәкен жөніндегі шығармалар, өлеңдер сайысы қамтиды, туған күні 15-ші қазанда қорытындысы шығады.
– Биыл С.Сейфуллин мұражайына 35 жыл толып отыр. Осы жылдары атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесінде Сәкен мұрасы толық зерттеліп, ғылыми әлеуеті түгел ашылып болды ма?
– Сәкен мұрасы бүгінгі күнге дейін зерттеліп келе жатса да әлі құпиясы ашылмаған, зерттелмеген тұстар өте көп. Әлі жарыққа шықпаған, жасырын архивтерде құжаттар өте көп. Шығармашылығы, қилы тағдыры, қоғамдық қызметі, ұстанымдары мен дүниетанымы толық зерттеліп болған жоқ. Жақында басшымыз Марат Оралбайұлы Алматыдағы ұлттық мем-лекеттік мұражайдағы архивтен Сәкеннің қоғамдық жұмысына қатысты бізде жоқ бірқатар құжаттарды тауып келді. Бірақ ол әлі мұражайымызға жеткен жоқ. Бір мекемеден келесі мекемеге құжаттар жайдан жай берілмейді, бәрі қаржыға тіреледі. Бұйырса, күзге дейін әкеліп, Сәкеннің туған күнінде, мұражайымыздың 35 жылдық мерейтойында тұсаукесерін жасаймыз деп ойлаймын. Сондай-ақ 2021 жылы Несіпбек Айтұлы Орынборға барып, архивтерден көптеген құжаттар көріп, бәрінің көшірмесін алсақ деп келісіп келді, бірақ ала алмадық. Ресей архивіндегі құжаттарды алу үшін екі ел арасында келісім-шарттар болу керек екен.
Сәкен туралы зерттеуге тұрарлық деректер шынында да өте көп. Мысалы, Сәкен Анненковтың азап вагонынан қашып келіп, қазіргі Астанадағы Жанкелдин көшесі 29 үйдегі пәтердің бір бөлмесінде үш ай тығылғаны туралы дерек бар. Бұл да тарихи танымдық үлкен зерттеу еңбек болуға лайық оқиға деп білемін. Ал Сәкеннің мемуарлық романы «Тар жол, тайғақ кешудің» 1927 жылы басылған, төте жазумен ең алғашқы түпнұсқасы біздің музейде сақтаулы тұр. Осы мемуарлық романда суреттелген кейіпкерлер де қазір азат көзқарас тұрғысынан зерттеліп жатыр. Сәкеннің танылмай жатқан тұстарын насихаттау барысында мұражайда түрлі тақырыптық бұрыш аштық. Онда Сәкеннің түрлі суреттерін тақырыпшалармен қоямыз. Мысалы «Сәкен сүйген сұлулар» тақырыбындағы бұрышта Тұрсынбек Кәкішев зерттеп кеткен оншақты ару туралы көрме жасадық.
– Мұражай қорында қанша экспонат бар? Оларды қорғау, сақтау жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
– Алғашқы жылдары мұражай қорында 5 000-нан астам жәді-гер болса, қазір қорда 7 269 жәдігер жинақталды. Мұражай қорын жинастыруда Р. Асылбекова апамыздың еңбегі зор. Қордағы экспонат негізгі және қосымша қор деп екіге бөлінеді. Соның негізгі қорында 2 458, қосымша қорда 4 811 жәдігер сақталған. Жәдігерлер қоры жыл сайын толықтырылып отырады. Былтыр Н.Айтұлының көмегімен Алматы ұлттық архивінен 9 экспонатты алдық. Мұражаймыз арнайы талапқа сай ғимаратта болмағанымен, жертөледе қор сақтайтын бөлме бар. Қолдан келгенше, сақтау ережелері ескерілген. Жылына екі рет күн көзіне шығарып, ережеге сәйкес күтім жасаймыз. Мұнда Сәкеннің ғана емес, Сәкенге қатысты, Сәкенге арналған заттар да көп. Соның ішінде суретшілердің арнаған портреттері, ұлттық бұйымдар көп. Мемлекеттік мерекелерде арнайы көрме ұйымдастырамыз. Сәкен Сейфуллин суретшілер көзімен деген арнайы көрме жылына екі рет ұйымдастырылады. Арнайы экраннан «Әуелеген Сәкен әндері» деген атаумен оншақты әнін дәстүрлі әншілердің орындауындағы клип, бейнебаяндарды көрсетіп отырамыз. Қорда Сәкен туралы бейне фильмдер де бар. Әсіресе Қазақстанда Түркістан-Сібір теміржолы біткен кезде түсірілген 1930 жылғы бейнеқұжатта Сәкеннің вагонда кетіп бара жатқан өз бейнесі сақталған қас-қағым сәттік кадр бар, лентаны Мәскеуден алдық. Ол біздегі ең құнды жәдігер, оны оқушылармен жұмыс жасағанда, жылжымалы көрмелерде көрсетеміз. Телеканалдар түсірген бейне материалдарды экраннан жүгіртіп, үнемі мұражайға келушілерге көрсетеміз. Мұражай қорына Сәкенге қатысты барлық бейне материалдарды жинақтадық.
– «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Сәкен Сейфуллиннің «сегіз қырлы, бір сырлы» ақындық, композиторлық, жазушылық қырымен қоса, қоғамдық жұмыстардағы қажырлы еңбегі туралы айтып беріңізші…
– Сәкеннің қоғамдық жұмыспен айналысқанда атқарған істері ұшантеңіз. Тек қана еліміздегі ішкі жұмыстармен ғана емсе шет елмен де байланыста болған. Ең алғашқы еңбек жолын педагогикалық қызметтен бастаған. Нұра ауданында Ахмет деген қыстақ бар, сол Ахмет төренің ауылында мектепте ұстаз болып, Сілеті-Бұғылы деген жерде бала оқытқан. Ең алғашқы еңбек жолын ағартушылық-педагогикалық жұмыстан бастаған. «Қазақты қазақ етсем» деген ұлы мақсат жолында қызмет етті. 1922 жылы Қазақ КСР-і халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланды, бұл қызметі қазақтан шыққан тұңғыш (қазіргіше айтсақ) премьер-министр деңгейіндегі қызмет болатын. Өздеріңізге белгілі бізді Ресей боданында болған алғашқы жылдары киргиз-кайсактар деп атады. 1923 жылы Сәкен «Қазақты қазақ деп атайық, қателікті түзейік» деп мақала жазып, ұлтымыздың қазақ атын қайтарды. Әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқан ана тіліміздің тағдырына алаңдап, «Кеңсе тілі қазақша болмай, ісіміз оңбайды» деп барлық құжаттың қазақ тілінде жүргізілуі туралы мәселе көтерді.
«Тар жол, тайғақ кешу» тауқыметті тағдыры ауыр болса да шығармашылық ғұмырбаяны ғибратқа толы Сәкен Сейфуллиннің мұрасы – қазақ халқының өр рухы, ерлік тарихымен үндес, мәңгілік мұра. Құпиясы толық ашыла қоймаған, тың деректерге толы Сәкеннің сан қыры әлі де терең зерттеліп, мұқият зерделеніп ұрпақтан ұрпаққа жетуі керек.
Сәкентанудың атасы Тұрсынбек Кәкішев Сәкен туралы «Сәкен жанының күрескерлігі сонша, өзі өлсе де, қайсар рухы әлі де күрес жолында келеді» десе, Мұхтар Әуезов «Оның шыншылдығы – қызып, жанып отыратын, бұл білініп тұратын, барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан оның жолы – әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар – өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы» деген екен. С. Сейфуллиннің күрескер өмір толы тарихында ұрпаққа толық насихатталмай жатқан бір еңбегі – «Қазақтың 1000 әнін» тұңғыш рет жүйелеп, нотаға түсірген А.Затаевичқа бюджет қаржытын бөліп, өзі бастап, Ахмет Байтұрсынов қостап халықтың рухани мұрасын сақтау жолында жасаған көзсіз ерлігі. Бұл да болашақта ұрпақ білуі тиіс үлкен жүректің, үлкен еңбектің жемісі. Қанша рет қайталап айтсақ та мәні мен маңызын жоймайтын Сәкен тақырыбы – қазақтың ұлттық руханиятының бөлінбес темірқазығы екені ақиқат. Сондықтан Сәкеннің «Сыр сандығының» құлыбын аша түссек, өскелең ұрпаққа да, халқымызға да үлкен олжа болары сөзсіз.
– Қарлығаш Бекқалиқызы, сыр сұқбат үшін көп рақмет!
Сұқбаттасқан — Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ