Дала өркениеті – даналықтың көзі

Білім мен ғылымға, өнерге ұмтылыс ХХІ ғасырдың ең басты құндылығы болып отыр. Білімі мен ғылымы, өнері дамыған елдер өркениет көшбасшысына айналып, олар жасаған мәдениет жаһандық деңгейде әлем халықтарына телініп, адамзат баласының ұқсас игіліктерге қызығушылығына әсер етіп отыр. Иә, біртұтас ғалам, біртұтас жер шары үшін ұқсас идеялар мен ұқсас құндылықтардың болуы заңдылық. Дегенмен әлем өзінің әртүрілілігімен, түрлі халық, түрлі ұлт, түрлі құндылықтарымен қызықты. Әр халықтың өзіне тән ежелден жеткен әдет-ғұрп, салт-дәстүр, тілі мен ділі, діні, мәдениеті мен әдебиеті, руханияты мен ұлттық коды, ұлттық жады, тарихы бар.
Әсіресе біздің бабаларымыз қалыптастырған көшпелі мәдениет, дала өркениеті – даналықтың көзі екенін әлем мойындағанын естен шығармауымыз керек. «Уызынан жарыған халықтың» ең алдымен бабадан жеткен асыл мұраны бойға сіңіріп, өркендетіп, ұрпаққа жеткізу, ұрпаққа аманат ету негізгі арман-мұраты, басты мақсаты. Сол секілді басқа да халық, бір ұлт өзінің ғасырлар қалыптастырған ата мұрасын мәңгілікке жалғағысы келетіні анық. Әйтпесе, кез келген ұлт «өркениет машинасына» жұтылып, жойылып кетеді. Жойылып кетіп те жатыр. Әлемдік статистикада әр екі аптада бір байырғы халықтың тілі жойылып, өлі тілдердің қатарына қосылады деген дерек бар. Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Яғни әр екі аптада бір тіл жойылса, бір халық өмір сүруін тоқтатты, басқа өркениетке сіңіп, өз болмысын жоғалтты, тіршілік етуін тоқтатты деген сөз. Ал өзінің табиғи болмысынан айырылған халық өзінің ұлттық жадына жат тілде сөйлеп, жат мәдениетпен өмір сүре бастайды. Бұл әрине қасірет. Әлем ұлттар арасындағы, халықтар арасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділікті, мәдени-рухани, тарихи әр алуандықты сақтауымен ерекшеленеді.


Ендеше, әр халықтың, әрбір ұлттық табиғи болмысының, құндылықтарының сақталуы, өркениетпен бірге дамып, ары қарай өмір сүруі заңдылық емес пе. Әрине, әр бір байырғы халықтың ұлттық ерекшелігінде әлемді жарастыратын мәдени, әдеби, рухани қажеттіліктер бар. Әлемнің одан ажырауға қақысы жоқ. Жаһандық өркениеттің адамзат баласына пайдасы бар тұстарында дүниежүзі тұтаса отырып, әлем халықтарының әр алуандығын сақтаудың маңызы зор. Өйткені байырғы халықтардың мәдениетінде мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан кешенді білім мен ғылым, өнер мен өнеге бар. Эстетика, идеология бар. Бұлар түрлі ұлттардың табиғи жаратылысы мен болмысында, дүниетанымында басты рөлге ие. Сонымен қатар кез келген ұлттың мәдениеті, дүниетанымы, тілі, ділі, руханияты сақталса ұлттың да сақталатыны белгілі. Сондықтан әлем өркениет көшінде жаһандануға қадам сайын жақындағанымен, байырғы халықтардың дүниетанымын саф таза күйінде сақтап қалуға да мүдделі.


1945 жылы 16 қарашада құрылған ЮНЕСКО ұйымы – Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым-білім және мәдениет бойынша мәселелерімен айналысатын ұйымы. Бас штаб-пәтері Парижде орналасқан бұл ұйымға әлемнің 162 мемлекеті мүше болып саналады. ЮНЕСКО-ның ең басты мақсаты – ешкімді ұлтқа, ділі мен дініне бөлмей, ғылым-білім, мәдениет саласында ортақ келісіммен бейбітшілік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазақстан да ЮНЕСКО-ға мүше елдердің қатарында. Еліміздің бұл ұйымға мүше бола отырып, халқымыздың ұлттық бірегей болмысы мен дүниетанымын сақтау, оны дамытып, саф таза күйінде өркениет көшіне қоссақ деген арман-мұраты, мақсаты бар. Халқымыз өркениет көшінен қалмай өзінің төл мәдениеті мен тарихын ұрпақтан ұрпаққа жалғап, дәуірден дәуірге жеткізіп, ғасырдан ғасыр ауысып қазіргі заманға мұра қылып жеткізді. Қазақ жері – ең ежелгі материалдық мәдениет пен сәулетті құрылыс, кемелденген руханияттың алтын бесігі, ең ежелгі мекені екеніне ешкім де дау айта алмайды.
Дана Абай атамыз «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді. Өйткені өркениетті, ғылым мен мәдениетті бір ғана ұлт немесе халық жасамайды. Дала өркениеті – даналықтың көзі, ғылымның қайнар бастауы. Оны ұрпақ бойына сіңіру, ғылыми негізде тәлім-тәрбие құралына айналдыру бүгінгі ғылым-техника ғасырының негізгі алғышарты. Сондай-ақ адам баласы үшін өнер-білім үйрену, ғылымға ұмтылу, жаңашылдыққа, ғылымға құштар болу – ең басты құндылықтардың бірі десек қателеспейміз. Қазір елімізде әр сала өзінше дамып, жаңа ғасырдың жаңаша жетістіктеріне өзінше үлес қосып келеді. ХХІ ғасырда да қазақ баласы әлемді аузына қаратып, өзінің төл мәдениеті, төл өнерімен дүниені тамсандырып отыр. Тәуелсіз Отанымыз өркендеп, еліміз дамып келеді. Әлемдік өркениет көшінен ойып орнымызды алдық. Бір ғана мысал, жаңа ғасырдағы ең жас астана – Сарыарқа төсіндегі әсем қала – қазақтың айбарлы Астанасы. ЮНЕСКО бейбітшілік қаласы деп таныған Астанамыздың сән-салтанаты, дәулеті мен сәулеті көз тартады. Ерке Есіл жағасындағы әсем қаланың көркіне көз тояды. Бірақ… «Түбін білмеген түгін білмейді» демесек те қазақ астанасының ұлттық нақыштағы сәулетіне айтылып қалатын сынның бары рас.
Көне дәуірлерден жеткен көк күмбезді қалалар сәулеті көзден таса, көңілден көмескіленіп, жадымыздан жоғалып бара жатқаны шындық. Шығыстық үлгідегі күмбір-күмбір күмбездердің тарихи архитектуралық ерекшеліктерін ажырап қалған кездеріміз бар. Олардың ұрпақ тәрбиесіндегі эстетикалық, идеологиялық маңызын мән бермеген, ескермеген кездеріміз де болды. Алайда қазақ барда, өскелең ұрпақ барда халқымыздың ежелгі тарихи құрылыс сәулет өнерінің де жанданып, құлашын жаяр кезі де алыс емес деп ойлаймыз. Жоғарыда айтқанымыздай, білім мен ғылым, өнер құндылыққа айналған ХХІ ғасырда да қазақ баласының білім мен ғылымға, өнерге ұмтылысы, өнерге таласы ұлттың игілігіне айналатын күн жақын екеніне сенеміз.


Себебі, Астана қаласында өткен «B-FEST» фестивалі аясындағы ғылыми-практикалық көрме және жобаларды қорғау «В-DREAM PROJECT» бағыты бойынша «Әлемді жарқырататын дизайн жобасы» номинациясының болуы қазақ баларының осы салада әлеуетін сынауына ашылған зор мүмкіндік екеніне куәміз. Аталмыш ғылыми-практикалық сайыстың жеңімпаздарының ғылыми ізденісі, өнерге деген құштарлығы әлі де болса қазақ халқының көне архитектуралық сәулет өнерінің өлмегенінің дәлелі десек артық айтқанымыз емес. Білім беру және қазақстандық ғылымды дамытуда «B-FEST» фестивалі аясындағы «В-DREAM PROJECT» бағыты қазақ балаларының түрлі салада ғылыми жобалар жасауға деген ұмтылысын артырып, қызығушылығын оятып отыр. Сонымен қатар фестиваль шеңберінде ұлттық негіздегі жобаларға да таңдау жасалып, талғам биігінен көрінуіне жағдай жасалғанын айта кетуіміз керек.
«B-FEST» фестивалі аясындағы ғылыми-практикалық көрме және жобаларды қорғау «В-DREAM PROJECT» бағыты бойынша «Әлемді жарқырататын дизайн жобасы» номинациясының жеңімпаздар жасаған «Сандық» пішіндегі архитектуралық туындыны алғаш көргенде, қазақтың сәулет өнеріне ұлттық нақыштың қайта оралуының басы, аталмыш жоба болса деген тілегімізді де жасырмаған едік. «Жібек жолы» жобасы аталған «Сандық» пішіндегі құрылыс нысанының макетін жасаған жас таланттар – Нұрбол Екібайұлы, Бақдәулет Баймұрат және Арсен Кенжебулатов. Астанадағы А. Байтұрсынов атындағы BINOM school мектеп-лицейінің өнер-ғылымға ұмтылған шәкірттері. Санасы сау, зердесі зерек бұл жасөспірімдер этномәдениеттің дамуына зор үлес қоссақ, қазақтың архитектуралық сәулет өнерін әлемдік деңгейге қайтадан көтеріп, өз тұғырына қондырсақ деген арманмен қанаттанып, өсіп келеді. Балалардың робототехникаға деген қызығушылығын, ұлттық құндылықтардың сәулет өнеріндегі мәні мен маңызына деген құштарлық деңгейіне көтерген ұстаздары Еркін Есенеев. Балалармен сұқбаттасу барысында ұстаздарына деген риясыз алғыс пен өздері білім алып жүрген алтын ұя мектебіне деген зор құрметті, қазақ елінің болашағына деген зор сенімді сезінбеу мүмкін емес. Біліммен қаруланып, ғылымға ұмтылған дарынды оқушылардың әңгімесі бізді тіптен қызықтыра түсті.
– Робототехникаға қатысып жүрген кезде Еркін ұстазымыз түрлі макеттер жасауға баулыды. Алтыншы сыныптан бастап әртүрлі макеттерге жақындата бастады. Алуан түрлі үйлер жасай жүріп, көп нәрсені үйрендік. «Жібек жолы» атты жобамыздың макетін өзіміз жасап шықтық. Жасау барысында өзіндік қиындықтары болды. Оны халықтың алдында қорғау да оңай болған жоқ. Бірақ біраз жарыстарға қатысып, тәжірибе жинап, қалай қорғау керегін түсіндік. Жобамыз «Жібек жолы» аталғанымен, пішіні сандық тәрізді жасалған. Өздеріңізге белгілі Жібек жолы қазақ жерінде болған үлкен сауда керуен жолы. Біздің дәуірімізден бұрынғы ІІ ғасырда болған бұл жол Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған ұлы «Жібек жолы» Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шыңжаң орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа жеткен. Тарихи деректерде Жібек жолының Қазақстан жерін кесіп өтетін тұсында, VI ғасырдан бастап екі бағыт: Сырдария және Тянь-Шань жолдары бағыттары кең өрістелген. Бірінші жол Қытайдан басталып, Шығыс Түркістан Қашқар арқылы Жетісуға, содан Сырдарияны жағалап, Арал маңынан әрі қарай Батыс елдеріне өткені жазылған. Жоба макетінің сандыққа ұқсауы мені қатты қызықтырды. Сандық ата-бабамыздан келе жатқан өте көне қастерлі бұйым. Сандықтың ұлтымыздың тұрмыстық дүниетанымындағы орны ерекше, тіпті киелі десем артық айтқаным емес, — дейді 7 cынып оқушысы Нұрбол Екібайұлы.
Ал Бақдәулет Баймұрат және Арсен Кенжебулатовты да жобаның «Жібек жолы» аталуы және сандық пішінде болуы қатты қызықтырған. Олардың айтуынша жобаны жасау барысында біршама қиындықтар болған. – Алайда ұлттық нақыштағы жобаның сәулеті қызығушылығымызды арттырды. Ерінбей, сандықтың әр деталін ескере отырып, Еркін ұстазымыздың көмегімен сандық пішінді сәулет туындысын құрастырып шықтық. «Әлемді жарқырататын дизайн жобасы» номинациясы тартысты өтті. Қазақ халқының тарихында көгілдір күмбезді теңдессіз сәулет өнерінің болғаны белгілі. Шығыстық стильдегі архитектуралық құрылыс өнері өркениетпен бірге дамуы керек қой. Қазір кенже қалып қойғаны болмаса, қазақта тамаша сәулет өнерінің бар екенін білеміз. Еліміздің астанасында өзіміздің қолтаңбамыз бар макет негізінде ұлттық нақыштағы құрылыс нысандары салынса, қаланың символына айналса деген арман-мақсаттың жетегінде жеңіске жеттік. Ары қарай да астанамыз ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық сәулет өнерімізге қатысты нысандардың салынуы үшін еңбек етсек деген арманымыз бар. Біздің сандық пішінді дизайынымыз күндердің күнінде үлкенғимаратқа айналатынына сенеміз, -дейді балалар.
– Дүние жүзінде пианино немесе басқа да түрлі пішінде ғимараттар бар ғой. Сол секілді өз елімізде, қазақ жерінде халқымыздың ұлттық нақыштағы ғимараттары бой көтерсе деген арман-мақсаттан туған үлкен жоба. Былтырдан бастап оқушылармен бірге қолға алып, макетін жасап шықтық. Бұл сандық пішінді ғимаратымыздың сырты ғана емес іші де ұлттық негізде көмкеріліп, ұлттық сән-cалтанаты жарасқан рухани-мәдени орталық болса деген ойдан туған-ды. Ұлттық сан алуан бұйымдар саудаланып, ұлттық асханамыз орналасса, ұлттық ойын-сауық түрлері ұйымдастырылып заманауи үлгіде қазақы құндылықтар тоғысқан орталыққа айналса деп ойлаймын. Оқушыларыма рақмет, — дейді ұстаз Еркін Есенеев.
Қазақ халқының сәулет өнерінде өркениет көшіне қосқан үлесінің зор екенін ЮНЕСКО қорғауға алған тарихи мұра, ескерткіштер мен қалалар әйгілеп, ғасырлар қойнауынан жеткен көне күмбездер күмбірі сыр шертіп келеді емес пе. Қазіргі жасампаз ғасырда өскелең ұрпақтың қазақ халқы жасап кеткен дала өркениетінен, төл мәдениетінен қол үзбей, ұлттық құндылықтарымыздың ғылыми, эстетикалық, идеологиялық мәніне үңіліп жатқандығына қуануымыз керек. Бабалар мұрасы балаларымыз арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әлемдік өркениет көшіндегі орнын ойсыратпаса деген тілек бар. Білім-ғылымға, өнерге ұмтылған ғасырда өнерге таласы бар ұрпақтың талабы таудай болсын!

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ