Бала тәрбиесіндегі басты мақсат – тұлға тәрбиелеуге бағытталуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ««Білімді ұлт», сапалы білім» беру ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Еліміздің білім саласын толық реформалауға бағытталған жобаның талабы да жоғары. Ұлттық жобаның Ақмола облысы Аршалы ауданында қалай жүзеге асып жатқандығы жөнінде Білім бөлімінің басшысы Нәжімиден Нұралинмен сұқбаттасқан едік.
– Нәжімиден Мұратұлы, Аршалы ауданы бойынша Білім бөліміне басшылыққа келгеніңізге көп бола қоймаған екен. Бірақ 20 жылға жуық еңбек жолыңыз мектеп өмірімен, оқушылармен үнемі тығыз байланыста, ұстаз да басшы болып та еліміздің білім саласында қызмет етіп келесіз. Яғни саладағы жетістіктер мен проблемаларды жақсы білесіз. Өзіңізге белгілі, қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім» беру ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сіз басқарып отырған Аршалы ауданында ұлттық жобаны іске асыру бойынша нақты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
– «Білімді ұлт» сапалы білім» беру ұлттық жобасы біздің ауданымызда жоспарлы негізде жүзеге асырылуда. Басты мақсат – білім сапасын арттыру. Олар ұлттық жобада айқындалған: мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету; орта білім беру сапасын арттыру; мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортамен қамтамасыз ету.
Қазірдің өзінде жан басына қаржыландыру саясатын жүргізу бағытында ауданнның 6 елді мекенінде кәсіпкерлер ондаған сәулетті, заманауи жабдықталған балабақшалар ашып, жұмыс істеуде. Мектептерді замануи пән кабинеттермен жабдықтау бағытында модернизациялау бағдарламасы жұмыс істей бастады. Биылғы жылы бағалары 10 миллион теңге шамасында тұратын химия, биология мен STEM кабинеттерімен мектептерді жабдықтайтын боламыз.
– Аудан бойынша қанша мектеп бар? Оларда кадр мәселесін шешу қалай жүзеге асып жатыр? «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес мұғалімдердің біліктілік тестін тапсыру нәтижесі қандай?
– Ауданда 28 мектеп бар. Аудан Астана қаласына іргелес орналасқандықтан көшіп келуші мұғалімдер саны жыл сайын артып келеді. Кадр тапшылығы жоқ десе де болады. Сонымен бірге ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жақсы жұмыс жасалып жатыр. Былтырғы жылдың өзінде 31 маман аталған бағдарлама бойынша 116 миллион 576 мың теңге кредит алды, 21 жас маман 5,5 миллион теңге көтерме ақы алды. Біліктілік тестін тапсырған мұғалімдердің 90-91 пайызы оң нәтиже көрсетті.
– Нәтиже өте жақсы екен. Ал «Педагог» кәсіби стандартына сәйкес қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Білім беру ұйымдарында «Педагог» кәсіби стандартын түсіндіру және стандарт талаптарына сәйкес жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Ұсынылып отырған «Педагог» кәсіби стандарты білім бағдарламаларын қалыптастыруға, оның ішінде білім мекемелерінің қызметкерлерін оқытуға, бітірушілері мен қызметкерлерін сертификаттауға арналған жоба. Кәсіби стандартта жалпы педагог қандай болуы керек, педагогтің кәсіптік құзыреттілігі, ішкі адами қасиеттері, цифрлық сауаттылығы – барлығы қамтылған. Cоған сәйкес жоба педагогтің біліктілігін арттырып, үздіксіз кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі заманауи халықаралық стандартқа сәйкес педагог – ерекше проблемалық-педагогикалық және сыни тұрғыдан ойлау қабілетіне ие шығармашыл тұлға болуы керек. Осы талапқа сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр.
– Министрлік тарапынан қазір қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Әсіресе мектеп инфрақұрылымын заманға сай жаңғырту мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы ауыл мектептері үшін өте тиімді жоба болатын секілді. Сіздердің ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Тірек мектеп – ресурстық орталығы» секілді сапалы білім беру бағыты қалай жүзеге асып жатыр?
– Биылғы жылы Астана қаласының іргесіндегі тұрғындар саны жыл сайын өсіп келе жатқан Жібек жолы ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 1200 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда. Тиісті жер телімі белгіленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар басталды.
Ауданда 2015 жылдан бері қазақ тілінде оқытылатын мектептер арасында И.Құтпанұлы атындағы мектеп ресурстық орталық қызметін атқарып келеді. Соңғы жылдары аталған мектеп жаңа пән кабинеттерімен және педагогикалық-психологиялық түзету кабинетімен жабдықталды. Жаңа оқу жылынан бастап аудан орталығындағы №1 Аршалы орта мектебінде орыс тілінде оқытылатын мектептер үшін ресурстық орталығы ашылды. Аудандағы шағын жинақталған мектептер үшін өте пайдалы, ресурстық орталықтың материалдық базасын жақсартуды жоспарлап отырмыз. Орталық алдағы жаңа оқу жылында педагогикалық-психологиялық түзету кабинетімен жабдықталатын болады.
– Жаңартылған бағдарламаның тағы бір ерекшелігі инклюзивті білім беру. Яғни жалпыға бірдей білім беру арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында жоспарларыңыз қандай? Бұл үрдіс қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Ата-аналар қалай қабылдады?
– Мүмкіндігі шектеулі балаларды психологтық-дәрігерлік-педагогикалық қолдауды іске асыру және инклюзивті білім беруді орындау арқылы тең құқылы тұлға болуға мүмкіндік жасау мақсатында 20 оқушы үйден оқуға мүмкіндік алып отыр. Оларға 60 ұстаз сабақ береді. Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетіне 41 оқушы барады. Инклюзивті мектепке дейінгі ұйымда жұмыс істеу мақсатында педагогика қызметкерлерін даярлау, олар толығымен инклюзивті біліктілікті арттыру курсынан толық өтуі қажет болса, 36 тәрбиеші, 343 ұстаз курстан өтіп отыр. Қазір 231 ерекше білімді қажет ететін бала бар, оның ішінде 58 бала мүгедек. ««Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында жоспарда көрсетілгендей инклюзивті дамыту бойынша – 2022 жылы 1 қыркүйекте И. Құтпанулы мектебінен «Инклюзивті қолдау кабинеті» ашылды. 2022-2023 оқу жылында Аршалы ауданындағы тірек мектебіміз №1 орта мектебінен «Инклюзивті қолдау кабинетін» ашылу жоспарланып отыр. Ата-аналардың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте қолға алу саясатын қолдайды және оған қызығушылық танытуда.
– Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де айтсаңыз…
– 2022 жылы тамыз айында 793 бала «Мектепке жол» акциясы бойынша мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Әр оқушыға 40 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қазіргі кезде ауданда әлеуметтік осал отбасылардан 617 бала «Жалпы оқыту» қорынан күн сайын тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен бірге 34 бала жетім және жартылай жетім балаларға 100 000 теңге көлемінде жаңа жылдық сый қаражат бөлінді. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 40 оқушы сауықтыру-демалыс лагерлерінде тынықты.
– Оқушыларға білім берумен қатар әлеуметтік-психологиялық тұрғыда біршама жұмыс істеліп жатыр екен. Ал «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар бұлағы – ұлттық тәрбие екені белгілі. Оқушылардың тәлім-тәрбиесінде ұлттық тәрбиенің, ұлттық педагогиканың, ұлттық құндылықтар мен ұлттық философияның рөлі қандай деп ойлайсыз. Өзіңіз басшылық етіп отырған ортада ұлттық білім беру бағытында өзгеше үлгі боларлық қандай да бір жобаны қолға алдыңыз ба?
– Оқушылардың тәлім-тәрбиесінде ұлттық тәрбиенің, ұлттық педагогиканың, ұлттық құндылықтар мен ұлттық философияның алатын орны ерекше. Бұл бағытта ауданымыздағы Ж.Тәшенов атындағы мектептің іс-тәжірибесі облыстық сараптамалық Кеңестен қолдау тауып, облыс аумағында озық тәжірибе ретінде таратылып, тәжірибе алмастырылуда. Мектепте әртүрлі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын 31 үйірме, «Әкелер», «Аналар», «Балауса қыздар», «Мерейлі отбасы» клубтары жұмыс жасайды. Соңғы 2 жылдың көлемінде мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылық фактілері тіркелген емес.
– Қазіргі оқушыларды бұрынғы, оқушылармен салыстыра отырып, қандай айырмашылықты байқайсыз?
– Әрине, қазіргі оқушылардың бұрынғы оқушылардан айырмашылығы жер мен көктей десе де болады. Ғылыми прогрестің қарыштап дамуы ерекше әсер етуде. Дегенмен, қазіргі оқушыларымыздың ой-өрісінің, дүниетанымының дамуы қуантады. Өйткені дамыған елдер қатарына қосылу басты міндет. Қазірдің өзінде біздің еліміз бұрынғы кеңестік елдерден цифрлық интернет жүйесі бойынша ілгері деген пікірлерді байсалды сарапшылардан естіп жатамыз. Тек оң бағытта жылжи беруіміз қажет деп ойлаймын.
– Өзіңіз тарапыңыздан ұстаздарға, оқушыларға қандай талап қоясыз? Сіздіңше қазіргі оқушы мен мұғалім қандай болуы керек?
– Қазір заңнама тұрғысынан мұғалімдер мен оқушыларға қойылатын талаптар мен міндеттер толық зерттеліп, анықталды деп ойлаймын. Тек саналы түрде сапалы әрі жауапкершілікпен орындай білуіміз қажет. Сонымен қатар оқушы мен мұғалім арасында үнемі түсіністік және тұлғаның жеке басын құрметтеу орын алған жерде үнемі табысқа қол жететіні анық деп есептеймін. Бала тәрбиесіндегі басты мақсат – тұлға тәрбиелеуге бағытталуы керек. Әрбір жеке тұлға қоғам дамуына үлес қосуы керек деп ойлаймын
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ