Ұрпақты тәрбиелеудің ережесі бар ма?

Ешмұқамет Бектұрған Уаісбайұлы

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым минстрлігінің (министрліктің бұрынғы атауы) «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызыметкері» төс белгісі (2011ж), Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым минстрлігінің құрмет грамотасы (2016ж), Алматы қаласы Бостандық ауданы білім бөлімі грамотасы (2015ж), Алмалы аудандық білім бөлімі құрмет грамотасы (2018ж), Қазақстан Республикасы кіші ғылым академиясының алғыс хаты (2019ж) секілді марапаттардың иегері.
Оқыту ісімен шұғылдану мен бірге Нұрша Алжанбайқызы Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша жалпы білім беретін мектептердің таңдау курсына арналған оқу құралының авторы. Алматы қалалық білім беру жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы 5-сынып оқушыларына арналған «Математикадан сатылай кешенді талдау» Әдістемелік оқу құралының авторы. Оның математикадан жазған еңбектері әртүрлі ғылыми журналдарда жарияланып келеді.

Біз ұрпағымызбен мың жасап келе жатқан елміз. «Құс қанатымен ұшып құйрығымен қонады» дейді дана халқымыз, сол қанатымыз болған ұл мен қызды мына ғылым техника ұшқан құстай дамыған заманда қалай тәрбиелеп қатарға қосу әрбір ата ананы ойландырмай қоймайтын, кезек күттірмейтін келелі мәселе екені белгілі.

Әрбір отбасында ұл қыздарымыз, немерелеріміз жас ерекшелігіне қарай бала бақшада, бастауыш, орта мектепте білім алып жатыр. Барлық өңірде Қазақстан Республикасының білім беру заңы негізінде құрылған білім беру бағдарламасының мақсат, міндеттері айқын көрсетілген. Сол талап міндеттерді жүзеге асыру үшін әрбір білім орындары айтарлықтай жұмыс атқарып келеді. Ұрпағымыздың білім алуына толық жағдай жасалған. Біздің бала кезіміздегі оқыған мектеп, тұрмыс шарт-жағдайымыздан көп жақсы екенін көріп жүрміз. Сондықтан да ұрпағымыз бақытты деп айта аламыз.
Ендігі мәселе, қазіргі жас өспірімдердің мінез құлқы бұрынғыдан өзгеше. Оның себептері, туа сала телефонға үйір болуы, бар зейіні телефонға ауып басқамен жұмысы болмауы, жалқау еріншек болуы, әке-шешеден имену, қорқуды білмеуі, бесіктен белі шықпай әке-шешені айтқанына көндіріп алғаны, әке-шешенің балалары алдында дәрменсіз күйде қалуы… тағы басқа жағдайлар қатты алаңдатады. Осындай мәселелердің шығу себебін іздеп көрелік.
Өз басым «баланы анасының құрсағында тәрбилеу керек» дегенге келісемін. Оған мысал айта кетейін. Бір әріптес бауырым үйленген соң, келіншегінің жүкті екенін айтты. Келіншегім күтініп, бір жағы үй шаруасымен айналысып, Құран сүрелерін үзбей тыңдап Алладан салиқалы ұрпақты болуды тілеп жүрміз деді. Кейін күндердің бірінде, «шүйінші бір ұл, бір қызды, егіз балалы болдым» деп, қуанышын жеткізді. Бізде тілеулес болдық. Сәбилер өсе келе, біреуі жыласа, екіншісі де бірге жылап қоймайтын болыпты. Сол кезде Құран сүрелерін тыңдатсақ, жылауын бірден қояды деп, таңданысын білдірген еді. Осыған қарағанда, жүкті аналарымыз бала ішке біткеннен бастап оған назар аударып, жақсылыққа бейімдеп, солай тәрбиелесе шынында салиқалы ұрпақ болар еді.
Тағы бір мысал: ерлі-зайыпты отбасының бір ұлы болды. Баласы есейе келе қолында бар болса да, мектепте ұрлық істегенін қоймайды екен. Әлгі ерлі-зайыптылар өздері отырып ұрлықтың себебін іздей бастапты. «Екеуіміздің әке-шешелерімізден, туыс-туғандарымыздан, бірде біреуі ұрлық істемеген еді. Бізде де ондай суық қол жоқ. Бұл балаға қайдан жұқты?» деп көп ойланады. Сөйтіп әйелі: «Мен таптым, бұл жағдай менен болған секілді», дейді. Себебі, осы балаға жүкті кезімде көршінің үйінен сүт сұрап барып, ол сүт құйғалы кеткенде, үстел үстіндегі алманы көрсетпей алып, сұраусыз жеп қойып едім депті. Яғни, тоқсан тоғыз пәле тілден және оғаш әрекетімізден. Тілімізде тазалық, сыпайылық, кішпейілдік, кішілік болса, әрбір сөзімізді ойланып айтсақ, ашулы боқтық айтпасақ, жүріс-тұрысымыз, іс-әрекетіміз басқаға өнеге болатындай болса, некелі жарымызға, үлкен кішіге, сіз деп сөйлесек, адалдық танытсақ, құрсақтағы балада солай өнеге алатыны сөзсіз.
Бала өмірге келген соң оны сылап-сипап өсіру, баулу үлкен жұмыс. Біз көбінде жүруге келіп аяғын басқанға дейін, тілі шыққан соң оған ойыншықтың түрлі түстісін, тіпті өзі жүретін машинаға дейін алып беріп, қалыптан асырып, баланың сұранысын барған сайын арттыра түсеміз. Бала әлі кішкене ойнасын, күлсін, елден кем болмасын деп, айтқанын орындауға тырысамыз. Бала менің айтқанымның бәрі дұрыс екен, не айтсам да орындалады екен деп, өз айтқанын орындата берсе, соңында билеуші болуға бейімделеді. «Шыбықты қалай исең, солай өседі» деген. Егер баланы бос уақытында шамасына қарай ойнатып, жүгіртіп, кішігірім жұмыстарды істетіп, мақал-мәтел жаттатып, ертек айтып беріп, Құран сүрелерін жаттатып, кітап оқытып, үйге келген кісіге сәлем беру, қолына су құю, үлкендерге сәлем салу, ата-апаның батасын алуға баулу арқылы, біртіндеп әке-шеше өзінің айтқанын бала тыңдайтын әрі істейтін дәрежеге келсе, ол баладан үлкен үміт күтуге болады. Өмір солай үйретті ме, жоқ әлде қазіргі ата-аналар, өте балажанды ма, білмеймін. Бала бақшадан немесе мектептен келгенде, кейбір аналар «Не үйрендің, не жаттатты соны айтып бер, мектепте не оқыдың, тапсырманы орындай алдың ба, жоқ әлде қиын болды ма?» деп сұрап, талап қояды. Бұл өте жақсы. Кейбір аналар «Тәрбиешің немесе мұғалімің не деп ұрысты, сені жұлқылады ма, басқа кім тиісті, жасырмай айт, мен олардың быт-шытын шығарайын!..» деп, мұғалімнің сөзін немесе бейнесін телефонға түсіріп келу талабын қояды.
Бұрынғы ата-аналар мектепке баласын апарғанда мұғалімге: «Баламды жақсы оқыт, сүйегі менікі, еті сенікі» деп табыстап, балаға үйде де, мектепте де, қатаң талап қоятын. Одан ешкім жаман болған жоқ. Тиісті білім алып, дұрыс тәрбиеленіп шығатын. Қазір кейбір ата-ана баласының шынайы білімін білгісі келмейді. Жоғары бағасы болса болды, оны білімді санайды. Бір емтиханнан төмен балл алса, мұғалімге шабуылға шығады. Кейбір ата-ана мұғаліммен байланыс жасап, ашық сабаққа қатысып өз баласының білімін қадағалап, әрі қосымша ақылы сабақтарға беріп, кемшілігін толтырып, мектептің талабына бейімделеді. Біздің елімізде қосымша ақылы сабақпен оқушылардың білім алуына рұхсат берілген. Себебі математика, физика, химия тағы басқа сабақтардың бағдарламасы ауыр. Орта деңгейде оқитын балалар мектепте бөлінген сағат ішінде толық игере алмай қалады. Сондықтан қосымша білім алады. Шынайы ізденіп оқитын балалар үшін бұл пайдалы. Ал кейбір ата-ана «Мен балады қосымша оқытып, ақшасын төлеп жатырмын. Бәрі керемет» деп ойлайды. Ол шынайы оқып жатыр ма, жоқ па? Оған мән бермейтін ата-аналар да бар. Баланың білім алуы үшін, талап қойып, оған жұмсаған ақша ертеңі үшін салынған инвестиция деп білу керек..
Мүмкіндік болып, қаржы мен жағдай жетіп тұрса, балаға кішкентайынан қызығушылығына қарай ойын-сауық, дене-тәрбие, ағылшын тілі, орыс тілі тағы басқа курстарға қатыстырып, қадағалап отыру керек. 4-сыныптан бастап негізгі пәндерді мектепте, қосымшада оқытып қатаң талап қою керек. Бесінші, жетінші, тоғызыншы сыныптарда оқушылардың жас ерекшелігіне қарай оқу қызығушылығы, іс-әрекеті, тапсырмаларды орындауы тағы басқа ауытқулар болады. осы кезде ата-ана мектеппен тығыз қарым-қатынаста болғаны дұрыс. Тоғызыншы сыныптан кейін оқу үлгерімі төмен оқушылар көп жағдайда колледждерге гранытпен оқуға түсіп жатады. Ол мамандық бойынша ертең жұмыс табыла ма, жоқ па, бала сүйетін мамандық па, жоқ па, оған мән бермейтін кездер де болады. Сөйтіп қажетсіз маман өсіп шығады. Баланы мектеп қабырғасында ерте мамандықты дұрыс таңдауға үйрету керек. Тоғызыншы сыныптан бастап мектепте жаратылыс тану және қоғамдық (гуманитарлық) пәндерге бөліп, бейімдеп оқыту басталады. Кейбір оқушылар мамандық таңдай біледі. Ал кейбірі мамандық таңдауда қателесіп жатады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша, 2023 жылы барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижесі бар сертификатты мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ұсынуға мүмкіндік беріледі. «Жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ-ны тағы үш рет тапсыратынын ескеретін болсақ, 2023 жылғы талапкерлер өткен жылдағыдай тестілеуді бес рет тапсыра алады. Министрлік емтиханның барлық жаңалығын оқу жылының басында, яғни қыркүйекте жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл болашақ талапкерлерге бар назарын ҰБТ-ға аударып, жақсы дайындалуға көмектеседі деп ойлаймыз»,- деп атап өтті ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны – үш міндетті және екі бейімдік, жалпы 120 балдық тест тапсырмасы болады. Алайда, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндерінің тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізіліп отыр. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 балдық тест тапсырмасы болады. Бір дұрыс жауапты таңдауға арналған 10 тапсырма, контекстке негізделген 10 тапсырма. Сондай-ақ егер бұрын «Оқу сауаттылығы» пәнінен талапкерлер 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.
Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейімдік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша берілетін 40 минут уақыты сақталады.
ҰБТ тест тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Министрлік тест тапсырмаларындағы дистракторлардың (жауап нұсқалары) санын азайту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды.
2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ-ның бейімдік пәндер комбинациясы тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.
«Қабылданған шешімнің арқасында талапкерлер өз білімін жан-жақтылы көрсете алады деп үміттенеміз. Ал, ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн байқау сынақтары қолжетімді екенін естеріңізге саламын, сондай-ақ жақын арада тегін онлайн сабақтар да басталады. Биыл шекті балдар өзгермейді. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы сақталады. Тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі орналасқан. Ал, ҰБТ аяқталғаннан кейін талапкерлерге білім деңгейін түсінуге мүмкіндік беретін жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады», — деді Руслан Емелбаев.
«Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйінін» айтар болсам, «Сіз ұрпағыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді» дейді Антон Макаренко. Ал хакім Абай Құнанбайұлы «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» десе, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дейді Ян Амос Коменский. Сондай-ақ Қорқыт ата «Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, Қыз жарытып ас бермес – ана үлгісін көрмесе» деген екен.

Ешмұқамет Бектұрған Уаісбайұлы, орта мектептің жоғары санатты математика мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ